Мәселе

Онлайн-несие немесе «қарыз-ғұмыр»

Банк пәтшағардың екі мыңыншы жылдың ортасынан басталған «несие бергіш» «патша көңілі» жұртты онсыз отыра алмайтын ғаріп қылды. Бұл күні он төрт миллион қазақ несие алмаса, ішкені бойына жұқпайтын, есірткісіз тұра алмайтын нашақор секілді. Содан шығар, қарыз қолға тигенде, банк тап бір тегін бергендей кешетін ғажап күй бар. Одан соң несие төлерде, тапқаныңызды жеткізе алмайтын азап күй бар. Содан соң борышкер суға кетпес үшін тал қармауға көшеді. Ол «талы» да бір оңған тал емес. Екінші несие. Оны алып, мына қарызын жабады. Өзін алдайды. Бірақ, банкті емес. Береке бермейтін, жүйкені жүндей түтетін, қол-аяққа кісенді қостап салатын жылдарға жалғасатын қарыз-ғұмыр осылай басталады. Ол, жаба алмасаңыз, банк атаулының «қарызын өтемейтін оңбаған» деген қара тізіміне іліккенше жалғаса береді…

 

Құжаттарда өзгеріс

Миллионның арасынан несие таңбасы басылмаған адам табу қиын қазір. Әрине, төрт құбыласы түгел тұрса, несиеде несі бар дерсіз. Дегенмен, мақсатты несие мен малшашпақ несие екі бөлек. Ал жалпақ елдің жартысы сол малшашпаққа әуес. Оны қанша қызыл кеңірдек боп айтысып, жаға жыртысып, намыстансақ та, жоққа шығара алмаймыз енді, кешірерсіз. Жә!

«Бір қызым бір қызымнан сорақы» дегендейін, банктен қалған құр сүлдені енді ылдым-жылдым онлайн-несие теспей соруға кіріскелі біраз жыл. Микронесиенің әлегінен арылуды былтыр Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та Үкіметтің кеңейтілген отырысында атап айтқан-ды. Онда Президент өзге елдердің кепілсіз микронесие алуға тыйым салған тәжірибесін зерттеуді қатаң тапсырған. Биыл осыдан бірер ай бұрын бұл мәселе Мәжілістің ­қабыр­ғасында қозғалды.

Депутат Ержан Бейсенбаев қашықтықтан, онлайн-несие алуға тыйым салуды ұсынған еді. Депутат сүйенген уәж – мұндай ұйымдардың несие беруде несие алушының төлем қабілетін ескермейтіндігі. Содан барып, қарыз­ды уақытылы төлемеу туындауы. Бұл – қол қойып, сенер уәж. Құдай жақтар ақиқаты да осы. Әзірге бұл ұсыныс қана. Әйтсе де, құзырлы орындар бұл орайда заңнамалық негіздегі құжаттарға өзгерістер енгізді. Онда пайыздық сыйақысы төмендеді. Бұған дейін олар тұтынушының қалтасын қағып түсіретін еді.

Осыған орай Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің 26 мамырдағы қаулысымен Ұлттық банктің «Микронесие беру шарты бойынша сыйақының шекті мәнін белгілеу туралы» қаулысына өзгеріс енгізгенін Zakon.kz. хабарлады.

– Түзетулерге сәйкес азаматтармен 45 күнтізбелік күнге дейінгі мерзімге кепілсіз микронесиелер бойынша сыйақының шекті мөлшері тәулігіне 1%-дан аз, бірақ 30 АЕК-ке (103 500 теңге) дейін берілген микронесие сомасының 20%-ынан аспауға тиіс.

Сондай-ақ, тәулігіне 1%-дан аз, бірақ 30 АЕК-ке тең немесе одан жоғары (103 500 теңгеден аса) берілген микронесие сомасының 15%-ынан аспауы керек.

Азаматтармен кепілсіз микронесиелер бойынша сыйақының ең жоғары мөлшері күніне 0,8%-дан аспайтын, бірақ 45 күнтізбелік күнге дейінгі мерзімге берілген микронесие сомасының 20%-ынан аспайтын мөлшерде белгіленеді, – делінген хабарламада.

45 күнтізбелік күннен асатын мерзімге азаматтармен микронесие беру шарты бойынша сыйақының шекті мөлшері тәулігіне 0,4%-дан аспайтын мөлшерде белгіленеді. Қаулы 2023 жылғы 1 қазаннан бастап күшіне енеді.

 

Қазақстанда қанша микроқаржы ұйымдары бар?

Қазақстанның микроқаржы ұйымдары қауымдастығының дерегінше, елде мұндай 973 ұйым тіркелген. Барлығының осы бағытта қандай да бір операция атқаруына рұқсаты бар. Ал «казкредит.ком» сайты елде 16 маусымдағы дерек бойынша 1159 микроқаржы ұйымы барын мәлімдейді.

Ашық ресурстағы деректер соның ішінде, бірінші несие бюросының мәліметі Қазақстандағы экономикалық белсенді адамдардың саны – 9,23 млн. екенін, тек оның 1,7 млн-ы мүлде несие алмағанын алға тартады. Қалған 7,5 млн. қазақстандықтың банк пен басқа да қаржы ұйымдарында несиесі бар. Ипотеканы қоспағанда, қазақстандықтардың – несие қарыздарының жалпы сомасы 8 трлн. теңгеге жуықтағанын жариялаған-тын. Былтыр бір жылда агенттіктің айтуынша, микроқаржы ұйымынан қаржы алғандардың қарызы 45 миллиард теңгеден асқан. Аз сома емес, әрине.

Ал, былтыр елімізде онлайн ақша алған 28 мың адамның несиесі толық кешірілді. Алдыңғы, 2020 жылы 500 мыңға жуық адамның несиесін өтеуді Үкімет өз мойнына алған-ды. Бұл туралы да Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі хабарлағаны мәлім. Бірақ, бұл да шешім емес.

 

Қаржылық сауаттылық – төмен

Тіпті, сәуір кезінде шағын несие беру жасын 18-ден 21-ге көтеруді де ұсынған еді бірқатар ұйымдар. Олардың айтуынша, жастар несие алып, оны құмар, иә, қаржы пирамидаларына құятын кездері жиілеген. Оның соңы сарсаңға салары айдай анық. Бірақ тыйым салудың да «табылған ақыл» еместігін микроқаржылық ұйымдар қауымдастығының директоры Ербол Омарханов та БАҚ-қа берген сұхбатында атаған-ды. Оның ойынша, халықтың қаржылық сауатын арттыру қажет.

– Несиелеу жасын ұлғайтпай, құмар ойын ойнайтын жерлерді жауып, қаржы пирамидаларын түбегейлі жою керек. Сонда салдарымен күреспей, мәселеден толықтай арыламыз. Ал несие көлемінің артуына келсек, меніңше бұл мәселені халықтың қаржылық сауатын арттыру арқылы кешенді түрде шешу керек, – деген болатын ол.

 

«Онлайн-несие тыйылуы тиіс!»

Бұл кейінгі 4-5 жылда сарапшылардың да, депутаттардың да аузынан жиі шыға бастады. Бұған көршілес ел – Ресей де бас қатырып отыр. Өйткені, микроқаржы ұйымдарға банктерден кредит алуға мүмкіндігі жоқ адамдар жүгінетіні мәлім. Мұндай ұйымдардың қарыз алушыға қояр талабы да аса күшті емес. Таза жоққа тән. Содан да қарыз беру реті жеңіл. Қазақстандықтар тарапынан онлайн қарызға сұраныстың өсуі де содан деседі сарапшылар. Алуын алып, соңында сормаңдай күйге жеткізген оңай онлайн-несие қайтсе азаяды? Онсыз құзырлы орындар елдің проблемалық несие тізімінің тоқтар түрін көрмей отыр.

Сол себепті де «тыйым» туралы ұсынысқа қоғам ойлануы тиіс-ті. Ойдың соңы оңтайлы шешімге апарады деген сенім де жоқ емес. Бір қарасаңыз, тыйым да – шешім.

Қызғалдақ АСҚАРҚЫЗЫ,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button