Қолында – қобызы
Қорқыттың қылқобызын бебеулеткен бойжеткеннің өнеріне таңдай қағып жүргендер қаншама. Студент кезінен қылқобызды жанына серік еткен талантты арудың Балқаш қаласына келуінің өзіндік себебі бар көрінеді. Осы киелі аспапты ұстар шәкірт тәрбиелесем деген оймен Балқашқа ат басын тіреген мәдени-сауық орталығының қызметкері Арай ЕСІМОВА туралы тоқталып өтсек…
Жезқазған қаласындағы орта мектепті тәмамдағаннан кейін, Жезқазған музыка колледжіне оқуға түсіпті. Бір қызығы, талантты қыз мектеп жасында ән айтқанымен, колледжге оқуға тапсырғанша ешқандай аспапта ойнамапты. Пианино аспабын көңілі қалап оқуға барған жас талапкерді ұстазы, мәдениет қайраткері, қобызшы Сәдуақас Байқара мінезіне, қабілетіне қарап, қобыз үйренуге кеңес беріпті. Алғашқы күннен бастап, қобыз аспабына ерекше махаббаты оянған Арай көп ұзамай ұстазының үмітін ақтапты. Қобыз сыныбында жалғыз оқыған Арай қолына қызыл диплом алыпты. Осылайша, өнерпаздың қобызға деген махаббаты 3 жылдың ішінде аспапты толық игеріп кетуіне жол ашады. Бағын сынап байқауға да қатысып көріпті. Көкшетауда өткен республикалық ұлт аспаптарында орындаушылар байқауында дипломант атанды. Бұдан бөлек, облыстық, қалалық байқауларда алған жүлделі орындары қаншама. Қобызшы қыз Ықыластың күйі «Жезкиік» пен Қорқыттың күйі «Қорқыт» бағын ашып, бірден елдің назарын аударғанын айтып қалды. Арай қобызшының өзінің сүйікті аспабы туралы айтары аз емес.
Қорқыт пен Ықылас, Сүгір күйлерін қобыз шанағына түсіріп, қайта жаңғыртып жеткізуді мұрат қылған Арайдың екінші ұстазы – қобызшы Нұрғайша Абілдина. Музыкалық колледжден соң Жезқазғандағы ұлт аспаптар оркестрінің құрамында 3 жылға жуық қобыз тартып, талай жерлерді аралап концерт ұсыныпты. Киелі өнер Арайға нағашыларынан дарыған. Ол анасы отырған жерінде домбырамен ән салып, елді аузына қаратқан өнерден кенде жан еместігін де тілге тиек етті. Өзінің туған бауыры да қасиетті домбыраны шебер шертетіндігін айтты. Қазіргі уақытта Арай 20-дан аса күйді орындап, көпшіліктің көңілінен шығып жүрген жайы бар. Атай кетсек, Ықыластың күйлері: «Жезкиік», «Қазан», Қорқыттың күйі – «Қорқыт», халық күйі «Мұңлық-Зарлық» және халық музыкасын жаңаша бағытта жаңғыртып жүр. Репертуарында әлемдік классикалық шығармалар да бар. Сондай-ақ, көңіл қалауымен пианинода ойнап, біршама жетістіктерді бағындырған.
Нұрдос КӘРІМ