Жаңалықтар

Қолдау жастар жігерін жаниды

Қарағанды облысының статистика департаментінің кейінгі мәліметтері бойынша, облыста 14-34 жас аралығындағы жастар саны – 306 187. Ал, осы жастармен жұмыс істейтін аймақта 14 жастар ресурстық орталығы бар. Біреуі облыстық деңгейде. Он үші облыс қалалары мен аудандарында. Облыстық жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқармасының негізгі мақсаты – жас буынға қолдау көрсету.

– Қарағанды, Балқаш, При­озерск, Саран, Теміртау қалалары мен Абай, Бұқар жырау, Нұра аудандарында 2023 жылмен салыстырғанда жобаларға бөлінген қаржы артты. Сонымен қатар, Саран қаласы, Қарқаралы, Осакаров, Шет аудандарында аппаратты ұстауға бөлінген қаржы іс-шараларды өткізуге бөлінген қаражаттан көп екенін атап өткім келеді. Мемлекеттік саясаттың маңызды элементі – жастар ұйымдарын қолдау болып табылады. Жастар қоғамдық бірлестіктерін қолдаудың бір түрі – бюджеттік қаражат арқылы мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс бойынша әлеуметтік жобаларды іске асыру. Облыста барлығы 942 684 033 теңге көлемінде 42 мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс жобасы іске асырылуда, – деді облыстық жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқармасының басшысы Айсұлу Ерниязова.

Басқарма бұл күнде жастардың патриоттық тәрбиесіне баса мән беруде. Мәселен, «Айбын» іріктеу ойындарын ұйымдастыруда. Жыл сайын салтанатты сарайларда жас офицерлер балы өтеді. Жастардың құқық қорғау, әскери салаларда қызмет етуге ынтасы артып келе жатқанын айтады басқарма мамандары. Қарағанды қаласында «Біз – Қазақстанның болашағымыз!» атты жастардың қалалық форумы өтеді.

Еріктілер – бүгінгі Қазақстандағы негізгі идеологиялық бағыттардың бірі. Жастарды еңбекқор, талапты, қайырымды етіп тәрбиелеудің тетігі. Бұл бағытта «Kind Qaragandy jastary» қалалық волонтерлер штабының жұмысы бір ізге қойылған. Абай ауданында да «Жастар аумағы» атты волонтерлік қызмет қолға алынған.
«Жайдарман» қозғалысы қолдау тауып, «Qaragandy student fest» пен Теміртау қаласында «Jas MeDia» жобасы сәтті жұмыс істеп жатыр.

Ұлт болашағына ие болар жастардың жаны жемқорлыққа қас болуы шарт. Осы бағытта сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясат бойынша іс-шаралар кешені, Қарағанды қаласында есірткіге, алкоголизмге және темекі шегуге қарсы алдын алу шаралары іске асырылмақ.

– Жастар саясаты басқармасы мен жергілікті жастар ресурстық орталықтары құқық бұзушылықтардың алдын алу және ішкі істер органдары жүзеге асыратын шараларға көмек көрсету бойынша нақты жұмыс­тар жүргізеді. Мысалы, «Нашақорлыққа жоқ дейміз» акция­сы, «Жемқорлыққа жол жоқ» экспресс көрмесі, «Қазақстанның конфессияаралық келісім моделі» лекциясы және тағы да басқа шараларды ұйымдастырдық. Жастарды кәсіпкерлікке тарту – әлеуметтік дамудың негізгі бағыттарының бірі болып табылады. Жастар арасында кәсіпкерлік қызметті дамытуға жағдай жасау бойынша 137 іс-шара өткізіліп, 27 095 адам қамтылды, – деді Айсұлу Ерниязова.

Қалалар мен аудандардағы жастар ресурстық орталықтары қызметкерлерінің слеті, Бұқар жырау ауданында «NEET жастар мен психологтар үшін семинар-тренинг» тұрақты түрде ұйымдастырылады. Әр аудан мен қалада «Жасыл ел» жобасы және басқа да шаралар тұрақты ұйымдастырылып келеді.

Жастарға консультациялық көмек көрсету, жастарды қызықтыратын өзекті мәселелерді шешуге бағытталған мемлекеттік бағдарламаларды түсіндіру мақсатында былтыр қалалар мен аудандардағы 14970 консультациялық кездесу өтіпті. Мұнда психологтар тұлғаны дамыту және эмоционалдық салаға бағытталған түрлі жобалар, тренингтер, сауалнамалар мен психологиялық тестілеу өткізеді. Заңгер мамандар мемлекеттік бағдарламаларды түсіндіру, құқықтық оқыту және басқа да жұмыстарды жүргізеді.

«Мемлекетті кімге қалдырамыз?». Бұл – көкірегі ояу, көзі ашық, жүрегі Отан деп соғатын әр азаматты алаңдататын сұрақ. «Еліміздің болашағы – жастар». Президенттің ең жиі айтатын сөзі. Бір қарағанда, жай ғана ұран сияқты. Әсте олай емес. Қазір тізгін ұстаған, ықпалды тұлғалардың асыл мұраты – мемлекетке ие болып қалар ұрпақты тәрбиелеу.

«Асыл ұрпақ» деген бар. Асыл ұрпақ деп қай буынды айта аламыз? Әріге бармай-ақ 1986 жылы алаңға шыққан ызғарлы желтоқсанның жалынды жастарын айта аламыз. Отыз бен қырықтың арасындағы ақыл тоқтатқан мырзалар мен зиялы қауым емес, он сегіз-жиырма жас аралығындағы жігіттер мен бойжеткендер. Міне, осы ұрпаққа қазақ қарыздар. Егемендік үшін тұтас ғұмырын құрбан ете салды. Олар сол жыл, сол күн үшін т­уылғандай. Айтқымыз келгені мынау: қасиетті Отанға қызмет етер, шаңырағын шайқалтпай ұстап қалар ұрпақты тәрбиелеу – бүгінгі есейген, ақыл тоқтатқан қазақтың асыл мұраты. Президенттен бастап, ауылдағы мектеп мұғаліміне дейін.

Ерік НАРЫН,
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Back to top button