Жаңалықтар

Олқылықтың орны толды

      5Федоров өтпежолындағы асфальт қайта төселді. Өткен жылы ғана күрделі жөндеуден өткен өтпежолдың жарты жылға жетпей асфальтсыз қалуы – көлік жүргізушілердің көңілін күпті еткені рас. Бюджеттен бөлінген 194 миллион теңге расымен, желге ұшты ма деп едік. Жоқ. Олқылықтың орны толып, кем-кетігі түзелді.

Атқарылған жұмыстың қорытындысымен танысуға Қазыбек би ауданының әкімі Татьяна Шатохина, Қарағанды қалалық мәслихатының хатшысы Құдайберген Бексұлтанов және қалалық мәслихат депутаты Төлеген Әшімов қатысты.

Қарағанды қаласындағы жолдар жыл санап жөнделіп келеді. Бір көшеге күрделі жөндеу жұмыстары жасалса, енді бірінде ойылған жолдың шұңқыры тегістелуде. Міне, күрделі жөндеуді қажет еткен облыс орталығындағы өтпежолың бірі осы – Федоров көпірі еді. Өткен жылы төрт айға созылған (шілде-қазан айлары аралығы) көпірдің жөндеу жұмысы Бұқар жырау даңғылы бойындағы осы тектес өтпежолда қалың кептелістің орын алуына себеп болды. Әрине, көпір жөндеу – жол салу емес. Мұның өзіндік ерекшеліктері мен қиындық туғызар жағдайлары бар. Мәселен, өткен жылы көпірдің шкафты қабырғасы, өтпелі плитасы, көпірдің үстіңгі қабаты, көпір қоршаулары, жаяу жүргіншілер жолдары құрылысы жүргізілді. Дегенмен, төселген асфальт төзімсіз болып шығарын кім білген?

Біздің компания өткен жылы бас мердігер ретінде көпірдің құрылыс жұмысын жүргізген еді. Жұмыс ауқымды болғандықтан, мұндай жұмыстар кезінде қосалқы мердігердің де ат салысқан кездері болды. Өкінішке орай, осы көпірдің асфальтына жауапты қосалқы мердігеріміз сапасыз битум сатып алыпты. Әрине, әдейі істелмеген. Себебі, қай мердігер кепілдік мерзімінен бұрын төсеген асфальтының мүжілгенін қаласын? Арнайы зерттеу институтының сараптамасы негізінде асфальттың сапасыздығы тез арада анықталды. Сөйтіп, қосалқы мердігерге бюджеттің бір тиыны да берілген жоқ. Ол-ол ма, мердігердің өзі белшеден шығынға батты. Бұл асфальттың төселген кезінде күдікпен қараған едім. Сондықтан, қаражатын қалтамнан шығарып, «Центргеоланалит» орталығына сараптау жұмысын жүргізуге өтініш бердім. Нәтижесі көңіл көншітпеді. Сол сәтте-ақ, қосалқы мердігерге қаражат аудару тоқтатылды. Есесіне, жаманатты болған – біздің компания, – деді «Матан» ЖШС директоры Мұрат Жадаев.

Биыл жалпы аумағы 12000 шаршы метр көпірге асфальт төселді. Мұнымен қоса, жаяу жүргіншілер жолы салынды. Келісім бойынша, ол бір түсті ғана болуы керек еді. Алайда, Бас мердігер қосымша қаражат жұмсап, оның өзін түрлі-түсті еткен екен. Бұл аз десеңіз, қалаға тарту ретінде «Матан» компаниясы көпірдің қос бетіне аңыздағы «грифон» жануары бейнесіндегі мүсін орнатыпты. Сонымен, бар олқылықтың орны толды деуге болады. Тағы бір айта кетерлігі, биыл бұл жөндеу жұмыстарына бюджеттен бір тиын да бөлінген жоқ. Барлық шығын – «Матан» компаниясының есебінен жүргізілді.

Рауан ҚАБИДОЛДИН.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button