Жаңалықтар

Қойшы таяғынан кенші қайласына дейін

Маңайымыздың бәрі ақылды. «Ақылды телефон», «ақылды үй», «ақылды телевизор», «ақылды қала». Түгелі – ақылды. Тек, ақылымыз – кеншілер еңбегіне жетпей тұр. Кеншілердің жанкештілігі бір кездері жоғары бағаланғанын жоққа шығарсақ, ақиқатқа көренеу қиянат жасаймыз. Қазір ше? Ара-тұра еңбектерінің еш, тұзының сорға айналғанын айтып, ереуілдеп қоятын бұл қауымға қоғам көзқарасы қандай? Дүниенің бүкіл тетігі ақпараттық технологияға тіреліп, соған өзөзінен арқандалған тұста, кеншілер қолынан қайласын тастаған жоқ. Сіз бен бізді қақаған қыста жылытатын көмірді алақаны күлдіреп, өкпесі шаңға, қолқасы тозаңға толып, ойып алып жатыр. Олай болса, құрметтің үлкені, мәртебенің ең жоғарысы – осы кеншілерге лайық. Басын бәйгеге тіккен бұл мамандық иелері – еңбек емес, ерлік жасап жүр, ендеше. Ақылды қоғамның «ақылы» осыны барынша бағалауға, қадірлеуге жетсе етті. Аппақ атамыз көмірді тапқанда оған XXI ғасырда мультимиллиардер Митталдың қожалық ететінін білген жоқ. Ал, Миттал мырза келгеннен мұртымыз майланғаннан гөрі, апат азаймай тұр. Сөзіміздің әу басында, кеншілер еңбегінің қадірін айтып отырғанымыз содан.

Қарағанды көмір бассейні қандай-ды? Деректерге жүгінсек, Қарағанды көмір бассейні ендік бағытта 120 шақырымға созылып жатыр, ені орта есеппен 30 шақырым. Ауданы – 3 600 шаршы шақырым, карбонның көмірлі қабаттары 2000 шаршы шақырым шамасында Г, Ж, К, ОС маркалы тас көмір шығады. Бассейннің орталық және шығыс бөліктеріндегі юра қабаттарында қоңыр көмір бар. Кен жер астынан қазу жөне ашық әдіспен шығарылады. Негізгі кен өндіру орталықтары – Қарағанды, Саран, Абай, Шахтинск қалалары. Қарағанды көмірін алғаш ашқан Аппақ Байжанов 1833 жылы Қарағансай шатқалының, бұрынғы №3 шахтаның (өзге деректерде №1 шахтаның) солтүстік жағындағы калың бұталы сайдан беті ашық жатқан көмір қабатын табады (жергілікті тұрғындар жер бетіндегі көмірді Саран шатқалынан да тауып жүреді). 1917 жылы революциядан кейін көмір кендері мемлекеттің қарамағына өтіп, Қарағандыға белгілі геолог А.Гапеев бастаған бір топ ғалымдар мен инженерлер жіберілді. Бассейнді аралап көріп және көмір қабаттарынан кен шығару жағдайларын зерттеп, А.Гапеев көмірлі ауданды өнеркәсіп жолы мен қазудың болашағы туралы қорытынды жасады.

Архив ұсынған мәліметтерде Қарағандыда көмір өндірісінің құрылысымен «Карагандагипрошахт» жобалау институты айналысқаны айтылады. Соның нәтижесінде институт жобасымен пайдалануға 90 көмір шахтасы, 10 көмір разрезі, 20 ірі өндіріс ошақтары беріліпті. Бүгін ше? Осы мұрадан бізге бұйырғаны қанша? Күмілжіп, көзіміз жер шұқып қалады. Өйткені, бір мәліметтерде 9 шахта, осы күні көмір өндірумен айналысса керек. Қаланың қазығы, өзегі болған кеніштерден қалған, бізге жеткен сарқыншақ – бұл.

Құланның қасынуына, мылтықтың атылуы

Өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарындағы тоқырау талай алпауыттардың аранын ашып жіберді. Кеңестік жүйеден кеңіс болуға айналған посткеңестік елдердің қақпақсыз қалған қазынасына қожалық ету сол жылдары басталды. Тұралап қалған экономиканы тұрғызуға келем деушілерге қоң етін кесіп беруге дайын кезеңде құланның қасынуына мылтықтың атылуы дөп келді. Дәл сондай сәт Қарағанды кеніштерінің де басына туды. Сөйтіп, 1996 жылы Қарағанды көмір бассейнінің 15 шахтасы «Испат Интернейшнл» халықаралық компаниясының (қазір – «АрселорМиттал Теміртау» АҚ) қарамағындағы «Испат Кармет» ААҚ Көмір департаментінің құрамына енді. Шахта заңды тұлға мәртебесінен айырылды. Бірақ, көмір өндіруді тоқтатқан жоқ. Алайда, бұрынғы рекордтық миллиардтар пырпырлап ұшты. Бұрын 100 миллионнан астам көмір алған болса, бұл күні 10 миллионды місе тұтуға мәжбүр.

Жалпы, Қазақстанның отын шикізат базасының жай-күйін ескере отырып, одан арғы геологиялық барлау және тәжірибелік технологиялық жұмыстар белгілерін барлау мен толық барлауға, сондай-ақ, энергетикалық көмірдің жаңа кен орындарын іздестіруге шоғырландырылуы тиіс деп санайды зерттеулер. «Болжам бойынша 2007-2020 жылдар кезеңінде кокстелетін көмірге қажеттілік 14,3- тен 24,3 млн. тоннаға дейін ұлғаятын көрінеді. Мұнда «АрселорМиттал Теміртау» болат департаментінің, Қазақстан Республикасы түсті, фосфор және ферросплав өнеркәсібі кәсіпорындарының ішкі қажеттіліктері мен жақын және алыс шетелдерге жеткізілімдер қамтамасыз етілмек.

Негізі, 2020 жылға дейін «АрселорМиттал Теміртау» болат департаменті кокстелетін көмір өндіретін жұмыс істеп тұрған шахталардың қуатын жылына 12,2-ден 17,0 млн. тоннаға дейін ұлғайтуды көздейді» дейді мәліметтер.

Барлау һәм болжам

Қазақстандық энергетикалық көмірді ішкі тұтыну және экспорт 2020 жылы 121,3 млн. тоннаға дейін немесе 39,2 млн. тоннаға (32,3%-ға) ұлғаяды деп күтілуде.

Қазақстан Республикасының тұтыну теңгерімі мен көмір ресурстары кокстелетін көмірге қажеттіліктің толық жабылатындығын, энергетикалық көмір бойынша 2020 жылдары жылына 7-10 млн. тонна көлемінде бос ресурстар болатындығын көрсетеді. Қазақстандық көмір өндіруді ұлғайтуға арналған инвестициялардың қажетті көлемі 2007-2020 жылдар аралығындағы кезеңде 3,98 млрд. АҚШ долларын құрайды, оның ішінде: 2,13 млрд. доллар кокстелетін көмір өндіру жөніндегі қуаттарды дамытуға және 1,85 млрд. доллар – энергетикалық көмір өндіру бойынша қуаттарды дамытуға жұмсалмақ. Көмір өндіретін жаңа кәсіпорындар салу және жұмыс істеп тұрғандарын техникалық қайта жарақтандыру 2020 жылға қарай еңбекшілердің санын 10 мың адамға дейін ұлғайтуды талап етеді екен. Жүз мыңдаған кеншіден қалған небары 13 мың шамасында ғана. Қалған кенші мен кеніш қайда кетті? Оған жауап беретін күн де туар.

Демек, кенші еңбегін жеңілдетуге, қауіпсіздігін қамтамасыз етуге тың қадамдар жасалуы тиіс-ті. Бұл кеншілер еріккеннен ереуілге шықпайды. Арқасын жауыр жылған жарасы құлан таза жазылмаған соң құлындай шырқырайды. Кешегі кенші мен бүгінгі кеншінің мерей-мәртебесін салыстырғанымыз содан-ды.

Қызғалдақ АЙТЖАНОВА,

«Орталық Қазақстан»

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button