Жаңалықтар

Қойнауы қазыналы ҚАРАҒАНДЫ

Теміртау:

қара металлургияның Отаны

Қазақ металлургия зауыты – Қазақстан қара металының тұңғышы, Қарағанды металлургия комбинатының негізін қалаушысы. Қазақстан Магниткасы атанған осы Қарағанды металлургия зауыты 1960 жылы 3 шілде күні алғашқы шойынды берді. Дәл осы күні Қарағандыдағы металлургия комбинатында тұңғыш домна пеші іске қосылды. Бұл күн Қазақстан Магниткасының дүниеге келген күні болып саналады.

Қазақстан Магниткасы зауытының құрылысы 1950 жылы басталған еді. Көлемі 1513 м3 алғашқы домна пешін салу 1957 жылы желтоқсанда қолға алынды. 1958 жылы БЛКЖО XIII-съезінде Қазақстан магниткасын салу Бүкілодақтық екпінді комсомол құрылысы деп жарияланды. 1960 жылы 3 шілдеде № 1 домна пеші, тұңғыш шойын қорытты, қарашада 2 кокс батареясы пайдалануға берілді, 30 желтоқсанда қазақстандық алғашқы кокс алынды.

Комбинатта 1980 жылдары 41 мыңнан аса адам еңбек етті. 6 адам Социалистік Еңбек Ері атағына ие болды.Теміртаудағы бұл зауыт қазіргі уақытта Қарағанды облысының еліміздің өндірістік локомативі атануына өзінің зор үлесін қосуда.

1995 жылдың қараша айында комбинат жұмысы LNM-Qroup компаниясына берілді, компанияның негізін құрушы және басқарушы Лакшми Н Миттал мырза (LNM). 2005 жылдың қаңтар айынан компанияның аты ААҚ “Испат Қармет” АҚ “Миттал Стил Теміртау” болып өзгертілсе, 2007 жылы қыркүйек айында “Арселор Миттал Теміртау” компаниясы болып өзгерді.

“Миттал Стил” компаниялар тобы мен “Арселор” бірлескеннен кейін жаңа корпорация жылына 120 млн. тонна болат өндіретін әлемдегі аса ірі өндірушілердің біріне айналды. Әлемнің 21 елінде 61 зауыты бар “Арселор Митталдың” географиялық ауқымы мен өнімдерінің алуан түрлілігі бойынша теңдесі жоқ.

 

Балқаш:

кен-металлургия комбинаты

Балқаш кен-металлургия комбинаты алғашқы мысты берген уақыттан бері (1938) қиындығы мол ауыр кезеңдерге қарамастан айтарлықтай жетістіктерге қол жеткізіп мол табысқа ие болды. Қазір комбинат шетел капиталын тарту арқылы өзінің даму дәуірінің жаңа кезеңіне көтерілді. Ол бүгін “Қазақмыс” корпорациясының құрамында.

Зауыт жұмысы техникалық қайта жабдықтаумен тікелей байланысты, өйткені негізгі мақсаты шикізат өнімінің кез келген түрін қайта өңдеу және жоғары сапалы мыс алу жолында техникалық мүмкіндіктерді барынша пайдаланып экологиялық таза өндіріс құру.

Қымбатметалды зауыт өзінің техникалық жағынан бірегей кәсіпорын. Бірнеше операцияларды қоса атқаратын Калдо пеші Доре металын таза күмістен 97%, алтыннан 2% береді.

 

Жезқазған:

мыс балқыту зауыты

Жезқазған мыс балқыту зауыты бүкіл ел болып тағатсыздана күткен алғашқы катодтық мысты 1971 жылы берді. Алайда, тоқсаныншы жылдардың басында тозығы жеткен агрегаттар шығарылған өнімдердің тиімділігі төмен, сапасы нашар екенін және бұрынғы ішкі одақтық экономикалық байланыстарының тоқтаған кезеңіндегі бәсекелестікке төтеп бере алмайтындығын көрсетті. Комбинатты оңтүстік кореяның “Самсунг” компаниясының басқаруына беру уақытында жасалған шара болды. Жұмыс зауыттың технологиясын жетілдіру және жаңаша жабдықтаудан басталды.

Мыс концентраттарын кен термиялық балқытуда әлемдік тәжрибесі бар шведциялық “Болиден Контек” фирмасында балқыту пештерінің конструкциясы өзгертілді. Қара мыс өнімділігі 40 % өсті, суық присадканы қайта өңдеу көлемі артты, қосымша қара мысты өндіруде аз күкіртті мыс концентраттарын тікелей конверттерге беру мүмкіндігі туды.

Жезқазған мыс балқыту зауыты бүгін “Қазақмыс” корпорациясының құрамына жатады және әлемдегі ең ірі мыс өндірушілердің бірі болып саналады, өнімдері барлық жағынан халықаралық стандартқа сай.

 

Әзірлеген

Қызғалдақ АЙТЖАНОВА.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button