Жаңалықтар

Ойға бастаған он жолдың сыры

Мұхтар Әуезовтің жарияланбаған мұрасының ішінде «7. Абай сөзі не дейді» [78,42], деген тақырыппен Абайдың «Ойға түстім толғандым» өлеңінің ел аузында айтылып жүрген бір нұсқасы бар. Ол мынау:

Ойландым да құрғалдым,

Өз мінімді қолға алдым.

Жүрегіме қарасам,

Айнадайын таза емес.

Аршып алып тастауға,

Апандағы саз емес.

Сен жақсысың дегенге,

Ісіппін де кеуіппін.

Арамдық пен сұмдыққа,

Құладындай ұшыппын.

Өлеңді түгел тексермей тұрып, 1995 жылғы жинақтағы айырмашылықтарды көрсете кетейік.

Онда:

Ойландым да толғандым…

Айнадайын таза емес…

Сіз білесіз дегенге

Күнге күйіп, пісіппін…

Осы өлеңнің жинақтарға енген нұсқасы – 32 жол. Шығарманың түзілімі де қызық.

  1. Алғашқы бөлігі: «толғандым», «қолға алдым», «көз салдым», «ойландым», «жақпадым», «сия алдым», «қия алдым» деген бірінші жақ тұлғасында бірыңғай етістіктерден сегіз жол болып келеді.

Сондай-ақ, бастапқы алты жол жоғарыдағы алты сөзбен аяқталып отыратын жеке-жеке алты сөйлем болып келеді де, жетінші жол ұйқассыз аяқталады. Бұл жолды сөйлем түрінде жазсақ: «қалап алған көп мінез, қалайша қылып тия алдым» болып аяқталады. Тереңірек үңілсек, бұл өлең графикалық түрінде былай болуға тиіс сияқты:

Ойға түстім, толғандым,

Өз мінімді қолға алдым.

Мінезіме көз салдым,

Тексеруге ойландым,

Өзіме-өзім жақпадым, енді қайда сия алдым.

Қалап алған көп мінез,

Қалайша қылып тия алдым?

Ал, бірінші жолдағы «толғандымның» орнында М.Әуезов ел аузынан жазып алған нұсқада «құрғалдым» сөзі неге тұр? Түрлендіріп көрсек: «құр қалдым», «қор қалдым», «қорғалдым» деген варианттар қаламға оралады. Көрейік:

«Ойға түстім. Құр қалдым», – болса ше? Яғни, ойланып көрсем, құр қалғанымды сезіндім. Неден? Қолымнан келетін шаруаларды тындыра алмаппын. Ғылымнан да, білімнен де, ізгілікті биліктен де, халқыма жақсылық жасаудан да «құр қалыппын». Еске түсіріп көрейік: «Моласындай бақсының, Жалғыз да қалдым – тап шыным». Қалай болғанда да Абайдың ел аузында сақталған өлеңінде қандай да бір түсініксіз сөздің болуының өзі түсініксіз. Яғни, оқыған, жаттап алған адам сол бір «құрғалдым» деген сөзді түсінген болса керек, басқаларға да солай таратқан деп ойлауға болады ғой. Оның үстіне, Мұқаң жазып алғанда да сөздің сол формасын бұзбай қағазға түсірген. Және «құрғалдымды» мағынасыз сөз деп білсе, қандай да бір ескертпе қалдыруы керек еді ғой.

Әрине, Мұқаң бұл он жолды жазып алғанда, оларды Абай өлеңінің ішіндегі сөздердің жұрт жадында шашырап сақталғанын сезгеніне дау жоқ. Ал, қағазға түсіріп алып сақтауы – сондағы сөздердің текстологиялық зерттеуге, салыстыруға қажеті болар деген ниеті деп түсіну керек. «Керек тастың ауырлығы жоқ» қой. Міне, біз де сол жолдарды іске жаратуға осылайша ұмтылдық.

Өлеңнің екінші бөлігінің түзілімі өзгешелеу. Ол өзгелік, атап айтқанда мынада: қазір оқып жүргеніміздей «Жүрегімді байқасам» емес, «Жүрегіме қарасам» түрінде жазылған. Егер осы соңғы нұсқаны алсақ, өлеңнің ұйқасы түзеле түспей ме? Осылайша: Ұйқас сөздер «санасам», «қарасам» және «аз емес», «таза емес», «саз емес», «наз емес» болады. Енді осы екінші бөліктің жазылу формасын өзгертіп қарайық:

Бойдағы мінді санасам,

Тау тасынан аз емес.

Жүрегіме қарасам,

Айнадайын таза емес.

Аршып алып тастауға

Апандағы саз емес.

Бәрі болды өзімнен,

Тәңірім салған наз емес.

Абай шығармаларының ұйқас сөздігінде «санасам» мен «қарасам» жоқ.

Соңғы жолдағы «наз» деген сөз өз орнында емес сияқты. Бұған бізден бұрын күмән келтірген зерттеуші Қайым Мұхаметханов: «наз» ба екен, жоқ «аза» ма екен», деп жазады. Мұхтар Әуезов «аза» болмас па деп белгі қояды. Жинақты құрастырушылар (өлеңдерге түсінік жазған Қ.Мұхаметханов) «…әзірге «наз» деп жібердік, – дегенді ескерткен» [87,145]. Алайда, «Абай» энциклопедиясында бұл өлеңнің текстологиясы, түзілімі, варианттары жөнінде бөгде ескертпе жоқ. «Алғаш рет ақынның 1945 жылы жарық көрген толық жинағында жарияланды. Басылымдарында текстологиялық өзгерістер кездеспейді», деген тұжырым жазылған.

Өлеңнің үшінші бөлігі: «қызықтым», «бұзыппын», «үзіппін», «тізіппін», «күсіппін», «пысықпын» деген сегіз ұйқаспен келетін 16 жол үлгісінде жазылған. Сондығымен алғашқы екі бөліктен бұл да өзгеше. Өңшең бірінші жақтан келетін өткен шақ тұлғасындағы етістіктермен аяқталып отырады.

Енді осы бөлікті өзімізше жазып көрейік:

Осынша ақымақ болғаным – көрінгенге қызықтым.

Ғаділетті жүректің әділетін бұзыппын.

Ақылменен білімнен әбден күдер үзіппін.

Айла менен амалды меруерттей тізіппін

Жалмауыздай жалаңдап, ар-ұяттан күсіппін.

Қулық пенен сұмдыққа құладындай ұшыппын.

«Сіз білесіз» дегенге күндей күйіп пісіппін.

Мақтанбасқа мақтанып, деп жүріппін «пысықпын».

«Абай» энциклопедиясындағы ұйқас сөздігінде жоғарыда келтірілген соңғы 8 сөз ұйқас ретінде берілген. [Қызықтым – бұзыппын, үзіппін, тізіппін, күсіппін, ұшыппын, пісіппін, пысықпын [89.158]. Алайда, тереңірек қараған адамға басқаша көрінеді. Атап айтқанда, «қызықтым», «бұзыппын», «үзіппін», және «тізіппін» өз алдына бір үйір ұйқастар. Сөздердің алғашқы буындары «қыз», «бұз», «үз», «тіз» – ылғи «з» сонар дыбысқа аяқталып отырады. Ал, қалған төртеуі: «күсіппін», «ұшыппын», «пісіппін», «пысықпын» – ұйқастардың алғашқыдан өзгеше басқа, дербес үйірі. Бұл төрт сөздің алғашқы буыны «с» (үш рет) «ш» бір рет қатаң дыбысқа аяқталып отырады.

Сондай-ақ, сол сегіз сөздің жетеуі көсемше етістіктер түрінде және екінші буындар түгелдей қатаң «п» әрпіне аяқталған. Жалғыз ғана «қызықтым», (екінші буыны «қ» әрпіне аяқталса да ұйқасты бұғып тұрған жоқ. Оның үстіне бірінші жақтағы етістік тұлғасында әрі үш буыннан тұрғандықтан, шумақтың жымын бүлдірмей, қайта көрік беріп тұр.

Енді, осы арада «Сіз білесіз» дегенге күнге күйіп, «пісіппін» деген сөйлемнің шикілігіне назар аударайық. Бұл дегеніңіз, ұмытып қалған адамның ойдан құрай салғаны екенін көру қиын емес. «Күнге күйіп, пісіппін» дегенде қандай мағына тұр? Неге күнге күйеді? Неге піседі? Абай түгілі орта қол ақынның да тіліне оралатын сөйлем емес. «Күнге күю» мен «пісу» қатар тұратын сөздер емес қой. Ал «ісіп-кеуіп» болса басқа мағына. «Ісіп-кебу» астамшылықты, өркөкіректікті, тәкаппарлықты білдіреді. Контекске қарап отырсақ, ащы әжуа, өткір мысқыл түрінде немесе дәл осы «ісіп-кебу» оңтайлырақ қой.

Өлеңнің басынан басталған өзін-өзі сынау үрдісінің түйіні боларлықтай «ісіп-кебуді» өз орнына қою қажет. Қалайша? Бұл қос сөзді қайдан аламыз?

Таптық. М.Әуезовтің біз айтып отырған, жоғарыда «қарасам» деген сөзін алған жазбасын қарайық. Міне, «Сен жақсысың дегенге ісіппін де кеуіппін». Дәл осы күйінде алатын болсақ, өлең ұйқасына нұқсан келеді. Олай болса, «ісіп-кебу» деген дәстүрлі тұрақты тіркесті сәл өзгертіп, дәлірек айтқанда, «кеуіп-ісіп» қалпына келтірсек, мәселе шешілгендей. Сондай-ақ, «Сіз білесіз дегеннен» көрі сатира тұрғысындағы «Сен жақсысыңды» алған тіпті қолайлы сияқты. Осылайша:

«Сіз білесіз» дегенге күнге күйіп «пісіппін» деген жолды тұтасымен алып тастап,

Сен жақсысың дегенге кеуіппін де ісіппін деген жолды қойсақ, өлеңнің мағынасы да толығады, ұйқасы да орнына келеді.

Енді қараңыз:

Қулықпенен сұмдыққа құладындай ұшыппын.

Сен жақсысың дегенге кеуіппін де ісіппін.

Мақтанбасқа мақтанып, деп жүріппін «пысықпын».

Міне, осылайша Абайдың «Ойға түстім толғандым» деп басталатын өлеңін талдап, қағазға түскен түрін тексергенімізде, ақынның тағы бір жаңа өлең үлгісін тапқандаймыз.

Формасы мынау:

Ойға түстім.

Құр қалдым.

Өз мінімді қолға алдым.

Мінезіме көз салдым.

Тексеруге ойландым.

Өзіме-өзім жақпадым, енді қайда сия алдым.

Қалап алған көп мінез, қалайша қылып тия алдым.

Бойдағы мінді санасам, тау тасынан аз емес.

Жүрегіме қарасам, айнадайын таза емес.

Аршып алып тастауға, апандағы саз емес.

Бәрі болды өзімнен, тәңірім салған наз емес.

Осынша ақымақ болғаным: көрінгенге қызықтым,

Ғаділетті жүректің әділетін бұзыппын.

Ақыл менен білімнен әбден үміт үзіппін.

Айла менен амалды меруерттей тізіппін.

Жалмауыздай жалаңдап, ар-ұяттан күсіппін

Қулық пенен сұмдыққа құладындай ұшыппын.

Сен жақсысың дегенге кеуіппін де ісіппін.

Мақтанбасқа мақтанып, деп жүріппін «пысықпын».

Қарап отырсақ, жинақтағы өлең үш бөліктен емес, төрт бөліктен, шартты түрде алсақ, төрт шумақтан келеді екен.

Алғашқысы – тақырыпқа кіріспе, яғни сөз басы. Екіншісі – істің басталуы, мақсат қою, жоспар құру. Үшіншісі – адамның өз жағдайын, кемшілігін бағалауы. Төртіншісі және бесіншісі сол жағдайға жеткізген себептер. Абайдың бұл өлеңі 7, 8, және 15, 16 буыннан тұрады. Осылай оқығанда өлең мазмұндық жағынан неғұрлым түсінікті, өлеңдік сапасы сұлуланып, көрік-келбеті ашылып, айқындала түскендей.

Бұл шумақтардың ерекшелігі – дәстүрлі өлең формаларынан мүлде өзгеше. Бүкіл өлең бойында әрбір жолдың толымды сөйлемнен құралғандығы, оған қоса, ең бастысы әрбір жол, яғни әрбір сөйлем ұйқаспен тиянақ табуында.

Зарқын ТАЙШЫБАЙ, Қазақстанның Құрметті профессоры.

Басқа материалдар

Back to top button