Жаңалықтар

Облыстағы маңдайалды орталық

        «Бас жарылса, бөрік ішінде, қол сынса, жең ішінде» дейтін заман жоқ қазір. Он екі мүшеміздің бірі шығып, сынғаннан Құдай сақтасын, әрине. Дегенмен, «жаман айтпай, жақсы жоқ». Әлдеқалай мертігіп, бір жеріміз сынып, жарақат алып жатсақ, ауруханаға тартамыз. Осы жағдайда аймақ тұрғындарының көбі профессор Х.Мақажанов атындағы травматология және ортопедия облыстық орталығында емделеді.

Ел ішінде «Мақажанов клиникасы» деген атпен мәлім Қарағанды облысының мамандандырылған травматологиялық-ортопедиялық медициналық кәсіпорында қазір 250-ге тарта төсек-орын бар. Сонда бұл мекеме бір мезетте 200-ден астам науқас қабылдап, емдеуге қабілетті деген сөз. Жыл сайын жарақат алған және тірек-қимыл аппараты ауруымен ауыратын 6 мыңнан астам емделушілерге тәуліктік стационар жағдайында мамандандырылған және жоғары мамандандырылған медициналық көмек көрсетеді. Тиісінше, облыстың түпкір-түпкірінен түсетін пациенттерге медициналық қызмет – мамандандырылған 7 бөлімше бойынша жасалады.
Мұндағы шұғыл жарақат бөлімшесі (50 төсек-орындық), ересектер ортопедиясы (30 төсек-орындық), іріңді жарақат бөлімшесі (17 төсек-орындық), балалар жарақаты мен ортопедиясы (40 төсек-орындық), күйік бөлімшесі, қалпына келтіру және оңалту бөлімшесі (33 төсек-орындық) мен ондағы реанимация және қарқынды емдеу бөлімшесі тәуліктің қай мезгілінде болса да тынбай істеп тұрады.
«Отыз тістің қадірін қақсағанда, екі аяқтың қадірін ақсағанда білетін» халқымыз қазір тісін ақылы емдеткенімен, сынық, жарақат, қисық біткеннің бәріне медициналық қызметті тегін алады. Аталған орталықтағы ересектер ортопедиясы бөлімшесінің меңгерушісі, жоғары санаттағы травматолог-ортопед дәрігер Ербол Сембеков:
– «Біздің орталық облыс тұрғындары мен жақын аймақтардан келетін жұртшылыққа жоспарлы және шұғыл жағдайда қызмет көрсетеді. Аяқ астынан соққы алғандар, сынған, созылған, үсіп-күйгендер тегін емделеді. Жарақаттан кейінгі асқ444ынулар, жалған буын, бітпеген сынықтар мен буын ауруларына шалдыққандардың буынын ауыстырып беруге қабілеттіміз. Әлемнің заманауи дамыған елдерінде жасалатын оталар бізде де жасалады. Мысалы, біз ауыстырып салып жүрген буындар әлемдегі ең таңдаулы буындардың қатарынан. Америка, Германияда жасалған.
Мәселен, кәрі адамдардың жамбас сүйегіндегі ұршықтың басы сынса, ол өздігінен біте қоймайды. Осыған жасанды буын салып береміз. Бес-алты жыл бұрын ондай мүмкіндік болған жоқ. Қазір тұрғындар мұның бәріне тегін қол жеткізіп отыр. Мемлекет пен Денсаулық сақтау министрлігі жасаған жағдайдың арқасында, әрине. Мұндай шұғыл қызмет пен көмек ТМД елдерінің ешқайсында қарастырылмаған. Қазақстан көлемінде буын ауыстырудың бұл түрін жасайтын үш орталық болса, соның бірі – біз. Жоспарлы емес, шұғыл ота.
Орталық дәрігерлерінің дені шетелде оқып келген. Еуропа елдеріндегі конференцияларға қатысып, тәжірибе алмасып отырады. Бүгінгі бір жетістік – шұғыл ота. Баяғыдай гипс салып беру деген жоқ. Аяғы сынғандар отадан кейін 4-5 күн аралығында тұрып кете береді. Заманауи әдіс-тәсілдерді игергенімізді осыдан-ақ аңғаруға болады. Соған сай, медициналық құрылғыларымыз да заманауи жаңа технологиялардың туындысы. Атап айтсақ, соның бірі – Электронный оптический преобразователь. Ол рентген сияқты, бірақ, ота барысында адам сүйектерін одан да анығырақ көрсетіп тұрады. Яғни, ота жасау үстінде қай сүйек қалай орналасқанын содан бақылап білеміз. Бүгінгі таңда бізде бұндайдың 5-6-ы бар. Одан бөлек «компьютерлік томографты» атауға болады. Ол да рентгеннің өте дамыған түрі. Рентген бір қырынан ғана көрсете алса, бұл жан-жағынан айқын көз жеткізеді (3D)».
Жатып қалған жанға қозғалыс сыйлаудың өзі бақыт. Бастысы, мертігіп, жазым болғаннан сақтасын Алла!

Жәнібек Әлиман.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button