«Халықтың табысын арттырудың 2025 жылға дейінгі бағдарламасы»Ресми

Облыс орталығындағы орасан игі іс

Облыс орталығында абаттандыру, жөндеу жұмыстары қызу жүріп жатыр. Әлихан Бөкейхан ауданы, Сұрыптау елді мекеніндегі Теміржолшылар мәдениет үйі жанындағы саябақтың абаттандыру жұмысы аяқталуға жақын. Ал, Қарағандыдағы Қ.Нұржанов атындағы жеңіл атлетика манежінің аумағында бочча сабақтары үшін арнайы алаң толық жабдықталды. Аталған нысандарға аймақ басшысы Ермағанбет Бөлекпаев жұмыс сапары аясында ат басын тіреп, аралап көрді.

Саябақ сәні артады

Нақтырақ айтсақ, сахнаны толық қайта құру, бірқатар спорт және балалар алаңдарын, ескі жазғы бассейннің орнына заманауи мұз айдынын жасау сынды ауқымды жұмыстар жүріп жатыр. Бұл жұмыстардың бәрі тұрғындар өтініші ескеріліп, сол арқылы жүзеге асуда.

Мердігердің айтуынша, Теміржолшылар мәдениет үйі жанындағы нысан жұмысының 85%-ы жасалыпты. Айдың соңына дейін төсеніш төсеу және сахна құрылысы аяқталмақ. Футбол және баскетбол алаңдары, скейтпарк, воркаут-тренажерлар да орнатылған. Жүгіру һәм велосипед жолдары дайын. Мұз айдынына арналған бетон негізі толықтай дерлік аяқталыпты. Жаз күндері мұнда ролик тебуге болса, қыста конькимен сырғанауға мүмкіндік бар. Алаңның периметрі бойынша тротуарлар жасалды. Енді, бірнеше ойын алаңы және арнайы итпен серуендеу орны болады. Жасыл аймақтар ретке келтіріліп, жарықтан дыру тіректері мен заманауи саябақ шамдары орнатылған.

Ермағанбет Қабдулаұлы қала әкіміне орнатылып жатқан құрылғылар мен алаңдардың сапасын мұқият бақылауды жіті тапсырды.

Сонымен қатар, жаңарту жұмыстары «Шахтер» стадионында да жүргізіліп жатыр. Мұнда стадионның шеткі аймақтары абаттандырылған.

Қала тұрғындары үшін екі футбол алаңы, воркаут-аймақ, аралас баскетбол-волейбол алаңы ашылды. Төрт мың шаршы метрге қырлы тас төселіп, жаңа жарықтандыру тіректері және энергияны үнемдеуге арналған жоғары сапалы шамдар орнатылған.

Бұдан бөлек, Ермағанбет Бөлекпаев Н.Әбдіров даңғылындағы жаңа шағын алаңды да барып көрді. Мұнда үш ай бойы жөндеу жұмыстары жүргізілді. Мердігер көп уақытын бұрын осында болған жазғы кафелердің орнын босатуға жұмсағанын айтты. Ал, қазір бұл жерде балалар кешендері, қараңғыда жарқыраған заманауи әткеншектер, орындықтар, гүлзарлар жасалған. Жарықтандыру жұмысы да сапалы. Мердігер барлық орнатылған құрылғылардың сапасына 2 жыл кепілдік беретінін айтады. Жақын маңдағы үйлердің тұрғындары риза.

Аймақ басшысы Дүйсембеков көшесі, 67 мекенжайында аула аумағының қалай абаттандырылғанын да тексерді. Балалар, футбол және воркаут алаңдары салынған. Абаттандыру жұмысы келесі жылы жалғаспақ.

Сондай-ақ, облыс әкімі 11-ші орамдағы №10 үйдің жөнделген шатырының сапасына назар аударды. Биыл мамырда үйдің шатыры толығымен өртеніп кеткен еді. Қалпына келтіруге бюджеттен ақша бөлініп, биыл үйдің жанында жаңа футбол алаңы да салынды.

Ермағанбет Бөлекпаев Пичугин-Новоселов көшесіндегі күрделі жөндеуден өткізіліп жатқан жолды да назардан тыс қалдырмады. Жоба 2024 жылға ауысып, қалған жұмыс жалғасын таппақ. Бұл көлік көп жүретін транзиттік көше. Күн сайын вокзалға қалааралық автобустар өтеді. Топырақтың шөгуіне байланысты негізді толығымен ауыстыру туралы шешім қабылданған. Нөсерағарлар, жаяу жүргіншілер жолы, техникалық тротуарлар және толық жарықтандыру жоспарланған.

Бочча алаңындағы мүмкіндік

Аймақта бочча паралимпиадалық спорт түрлері үш жыл бұрын қолға алынған. Қазіргі таңда даму үстінде. Бұл ойын церебральды сал ауруының ең ауыр түрлері және тірек-қимыл аппараты бұзылған балалар мен ересектер үшін өте пайдалы. Қ.Нұржанов атындағы жеңіл атлетика манежінің аумағында жабдықталған бочча сабақтары үшін арнайы алаң пайдалануға берілді. Мұнда ерекше қажеттіліктері бар спортшылар жаттығып, жарысқа дайындалады.

Ойынға арналған жаңа алаңға арнайы жабын төселген. Аумақ бір уақытта екі топта сабақ өткізуге мүмкіндік береді.

Бүгінде 30 қарағандылық бочча ойынымен кәсіби түрде айналысады. Олардың арасында жас ойыншылар да бар. Ішіндегі ең ересегі – 34 жаста.

– Бочча ерекше қажеттілігі бар балалардың дамуына мүмкіндік береді. Үш жыл ішінде жақсы нәтижелерге қол жеткіздік. Жақында Павлодар қаласында өткен жарысқа 5 спортшы баламызды апардық. Олар түрлі медальдар жеңіп алды. Нәтижесінде, команда бірінші орынға ие болды. Қазір Қазақстан Кубогына дайындалып жатырмыз. Айтпақшы, облысымыздың тағы бір спортшысы алғаш рет Грециядағы халықаралық жарыстарда республиканың атынан қатысып, ел намысын қорғайды, – деді бочча федерациясының басшысы, «Батыл жүрек» қоғамдық қорының негізін қалаушы Гаухар Әкіжанова.

Тоғыз жасар Саша Лях бочча секциясы ашылған күннен бастап айналысып жүр. Әзірге кейінгі спорттық жетістігі – Павлодардағы жарыстарда алған алтын медаль.

– Бочча сабақтарының арқасында ұлымның қолдары жақсы жұмыс істей бастады. Бұл ойын ойлау қабілетіне оң әсер етеді екен. Біз Астанада үш рет жарыста болдық. Бәрінде Саша топ жарып келеді. Жаңа алаңның құрылғаны жақсы болды. Балалар үшін ашық ауада ойнаған үйдегіден әлдеқайда жақсы, – дейді Сашаның анасы Татьяна Лях.

Облыс әкімі Ермағанбет Қабдулаұлы ерекше қажеттіліктері бар спортшыларға алдағы уақытта жаңа жеңістер тіледі.

Жәлел ШАЛҚАР,
Суретті түсірген Жангелді ӘБДІҒАЛЫМ
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button