Облыс әкімі Qarmet компаниясының басшылығымен және кеншілермен кездесті
Жер астындағы жарылыстың зардабы жер үстіндегіден әлдеқайда қатерлі екені белгілі. Өкініштісі, көмірлі өңіріміз жыл емес, жаңа ғасыр басталғалы құрбаны ең көп апат, құрбаны ең көп өндірісі бар жерге айналып кетті. Осы тұста Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев шахтерлердің, кәсіподақ ұйымдары мен кәсіпорындары өкілдерінің қатысуымен кезекті отырыс өткізді. Qarmet компаниясының басшылары кеншілердің сұрақтарына жауап берді.
– Біздің комиссия екі жылдан астам жұмыс істеп келеді. Жұмысты тұрақты диалогта жалғастыруымыз өте маңызды. Облыс басшылығы әрдайым барлық тау-кен мәселелерін бақылауда ұстайтынын білеміз. Осындай форматтағы бұл “Qarmet” АҚ басшыларының, кәсіподақтардың және барлық шахталардың өкілдерінің қатысуымен алғашқы кездесу. Біз компания басшылығының көмір департаментінің кәсіпорындарына барып, өндіріспен танысып, жұмыс орындарындағы қызметкерлермен кездесіп жүргенін көріп отырмыз, – деді “Қорғау” көмір өндірушілер кәсіподағының басшысы Евгений Буслаев.
Көмір департаментінің директоры Жақан Мұхамеджанов алдағы кезеңге арналған жоспарлар мен болашаққа арналған стратегиялар туралы айтып берді. Оның айтуынша, 2024 жылға арналған көмір өндіру жоспары былтырғы көлем деңгейінде қалып отыр – 6 млн тонна, ал ұңғыма ұлғаяды.
Ол сондай-ақ компания позициялау жүйесінің бес жиынтығын сатып алатынын айтты. Технологияны енгізу барлық шахталарда жүзеге асырылады және Ленин атындағы шахтадан басталады.Биыл кеншілер мен металлургтер үшін жеңілдікті ипотека бағдарламасы жалғасады.
– ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында Qarmet компаниясының қызметіне ерекше назар аударды. Мемлекет басшысы кәсіпорынның алдында тұрған нақты жоспарлар мен міндеттерді айтты. Бұл үшін ҚР Үкіметі де, Қарағанды облысының әкімдігі де бар күш-жігерін салуда, бірақ үлкен жауапкершілік, әрине, жаңа меншік иесі мен барлық қызметкерлерге жүктеледі, – деп атап өтті облыс әкімі.
Әділет ШОПЕН,
ortalyq.kz