Басты тақырыпҚарағандыОблыс әкімі

Облысқа – жаңа инвестиция

Облыс әкімі Нұрмұхамбет ӘБДІБЕКОВТІҢ қатысуымен өткен аймақтың үйлестіру кеңесінің кезекті отырысында үш инвестициялық нысан қаралып, қолдау тапты. Жалпы инвестиция көлемі 103 млрд. 680 млн. теңгені құрайтын нысандар 2016-2019 жылдарға арналған Кәсіпкерлікті қолдау картасына енгізілді. Аталған жобалар негізінде 390 тұрақты жұмыс орны ашылады деп күтілуде.

«Жәйрем тау-кен байыту комбинаты» АҚ басқарма төрағасы Алексей Бурковскийдің айтуынша, өндіріс көлемін арттырып, жаңа технологияларды пайдалана отырып, байыту фабрикасын салмақ. Қорғасын-мырышты концентрат алу бағытында жұмыстар 2014 жылы басталған. 2021 жылы толық қуатына көшіп, өнім шығару жоспарлануда. Жәйрем кен орны полиметалдарынан жылына 5 млн. тонна өнім өңдеу күтілуде. Жобаның жүзеге асуы нәтижесінде, Қаражал қаласы мен Жәйрем кентінің дамуына тың серпін беріліп, 210 жаңа жұмыс орны ашылатын болады. Оның ішінде, жаңадан қосылатын мамандықтар да бар. Оларды оқытып, бейімдеуді де комбинат мойнына алып отыр.

Аймақ басшысы 10 жылдан астам тарихы бар өндіріс орнының бұл бастамасын қолдап, өңірдің экономикасына қарқын қосатынын атап өтті.

Жезқазған қаласынан 70 шақы­рым жерде орналасқан Жал­тырбұлақ кен орнынан алтын алу ісін қолға алған «Жалтырбұлақ» АҚ қолдауды сұрайды. «Шаю әдісі қондырғылары мен алтын рудаларын өңдейтін кешен құрылысы» жобасы арқылы Доре алтынын алу жоспарлануда. Соңындағы өнім еліміздің Ұлттық Банкіне өткізіледі. 150 жұмыс орны ашылып, 3,4 млрд. теңге көлемінде инвестиция тартылатын болатын.

Сонымен қатар, ұн кондитер өнім­дерін өндіру бойынша цех ашуды қолға алған жеке кәсіпкер Сәкен Төлеуов үйлестіру кеңесі мүшелерінен жобасын қолдауды сұрады. Жобаның жалпы құны – 280 млн. теңге. Жаңа өнім түрлерін шығару арқылы Жезқазған қаласының азық-түлікпен қамтылуына үлес қосатын болады. Жоба директоры С.Төлеуовтың айтуынша, бүгінгі таңда нысан итальяндық құрылғылармен қамтамасыз етілген. Түрік мамандары біздің кондитерлерді даярлауда.

Негізгі үш жобадан бөлек, «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы аясында жиырмаға жуық жоба облыс әкімі мен үйлестіру кеңесінің мүшелері назарына ұсынылды. Басқосуда қаралған барлық нысандар қолдау тапты. Кеңес мүшелері жоба ұсынушылардың құжаттарын банк­терге барынша жылдам, басы артық шығынсыз өткізу мен рәсімдеу мәселесін шешуді алға тартты.

Бүгінгі таңда аймақтық үйлестіру кеңесінде 107 нысан қаралып, қолдау тапты.

Қызғалдақ АЙТЖАНОВА

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button