Обал-сауаптың салмағы
Қарағандылық белгілі режиссер Қаршыға Игеннің «Бетпе-бет» деп аталатын жаңа фильмі жарыққа шықты. Аталған тың туындының премьерасы 15 қыркүйекте сағат 16:00-де «Сарыжайлау» кинотеатрында өтеді.
Кинокартина тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында ел ризығын талан-таражға салып, қарақшылық жолмен байығандардың тағдырын баяндайды. 30 жыл ішінде көл-көсір дәулетке иелік етіп, «ақ дегені – алғыс, қара дегені – қарғыс» болған адамдардың ғұмыр нүктесі – туындының негізгі желісі десек те болады.
Қаршыға Иген осы фильмі арқылы көрерменге обал мен сауаптың зіл, батпан салмағы хақында ой салғысы келген. «Бұл дүниеде жасағаның о дүниеге кетпейді» дегенді өз шеберлігімен жеткізген.
Бұл фильм облыстық «Saryarqa» телеарнасының қолдауымен түсірілген. Рөлдерді – телеарна журналистері һәм Сәкен Сейфуллин атындағы облыстық академиялық қазақ драма театрының әртістері сомдапты.
Атап айтсақ, Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері Мекен Қисықов, актер, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Кеңес Жұмабеков – бас кейіпкерлер бейнесінде.
Қаршыға Иген бұған дейін, «Қара пима», «Блогер келін», «Адасқан әйел», «Тұзақ», «Хабарлама» сынды бірқатар фильмдерімен Арқа көрерменінің көзайымына айналған. Оның туындылары терең ойлылығымен, маңыздылығымен ерекшеленеді.
Ерік НАРЫН,
«Ortalyq Qazaqstan»