Руханият

Оқырманның ой жарысы

Қазір жас буынды кітап оқуға баулу міндеті тұр. Гаджет қаптаған заманның жастарын белсенді оқырманға айналдыру оңай емес. Десе де, Н.Гоголь атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасы бұл бағытта ауқымды жұмыс атқаруда. Көрнекті қазақ жазушысы Бердібек Соқпақбаевтың 100 жылдығына арналған Қарағанды қаласының колледж студенттері арасында өткен «Балалар әдебиетінің классигі» атты әдеби ринг ойыны да осы мақсатты көздеді.

Сурет ұйымдастырушылардан

Ойынға бес команда қатысып, өзара білім бәсекесіне түсті. Олар – Қарағанды жоғары политехникалық колледжінің «Жалын», Қарағанды жоғары гуманитарлық колледжінің «Алау», Қарағанды «Bolashaq» жоғары колледжінің «16 жасар чемпиондар», Қарағанды машина жасау колледжінің «Сұңқар» және Тәттімбет атындағы Қарағанды өнер колледжінің «Кітап патшалығы» тобы.

Төрт кезең бойынша өз білімдерін сынға салған топтар «Жазушы келбеті» кезеңінде Б.Соқпақбаевтың өмірі мен шығармашылығы жайлы тест тапсырмаларын орындаса, «Көркем шығарма ізімен» кезеңінде «Менің атым Қожа» шығарма желісі бойынша таблода берілген ұяшықтарды таңдау арқылы сұрақтарға жауап берді. «Балалық шаққа саяхат» кезеңінде балалық шағында басынан кешкендерін Бектас бейнесі арқылы шебер суреттеген өмірбаяндық көрініс қойды.

Әдеби рингке тыңғылықты дайындалып келген қатысушылар ойынға белсене қатысып, білім деңгейі мен ұшқырлығын, тапқырлығын танытты.

Олардың білімі мен біліктілігін Қарағанды зерттеу университетінің қазақ тілі мен әдебиеті кафедрасының докторанты Аида Қайырбекова, С.Сейфуллин атындағы облыстық академиялық қазақ драма театрының әртісі Талғат Садықов, Абай атындағы облыстық балалар кітапханасы басшысының орынбасары Қалқатай Қалиева бағалады. Аталған білім сайысы жайлы пікірлерін ортаға салып, жастармен ой бөлісті.

Қазылар алқасы қызу ойынға белсене қатысқан топтар арасынан, жүзден жүйрік, мыңнан тұлпарын анықтап, жеңіс тұғырына көтерді.

Қарағанды жоғары политехникалық колледжінің «Жалын» тобы I орынға, Қарағанды жоғары гуманитарлық колледжінің «Алау» тобы II орынға, Қарағанды «Bolashaq» жоғары колледжінің «16 жасар чемпиондар» тобы III орынға ие болды.

Сонымен қатар, Тәттімбет атындағы Қарағанды өнер колледжінің «Кітап патшалығы» және Қарағанды машина жасау колледжінің «Сұңқар» тобы Алғыс хатпен марапатталып, ынталандыру сыйлығына ие болды.

Өз тілшімізден.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button