Ресми

Мәдениет майталмандары марапатталды

Қарағанды облысында мәдениет және өнер саласының үздік қызметкерлеріне құрмет көрсетілді. Биылғы маусымда Мәдениет министрлігінің басты назары кітапхана, музей, театр қызметкерлеріне түсіп отыр. Облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Еркебұлан Жұмакенов мәдениет және өнер қызметкерлерін атаулы мерекемен құттықтап, еңбекте табыс тіледі.

Сурет ұйымдастырушылардан

Жиынға мәдениет саласының  дамуына айрықша үлес қосқан Рымбала Кенжебалақызы, Гауһар Абдушахманқызы,  Раушан Рашидқызы, Боранбек Ахметов, Махмұд Садықанов және басқа да аға буын өкілдері қатысты. Сол алдыңғы буын өкілдерінің қажырлы еңбегінің арқасында, облысымыздың ғана емес, еліміздің мәдениеті тұғырланды десек, артық айтқандық емес.

Еркебұлан Қайроллаұлы облыстың мәдениет саласындағы жетістіктерді де тілге тиек етті.

– 2021-2024 жылдар аралығында 72 отбасыға үй берілді. Сонымен қатар, 2023 жылы театрларға 3 жаңа автобус сыйға тартылды. Қазіргі таңда қаланың жаңа ауданынан тұрғын үй салуға жер телімін рәсімдеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Барлық мәдениет және өнер ұжымдарының материалдық-техникалық базасы жоспарлы түрде жетілдірілуде. Сондай-ақ, мәдениет саласының мамандарына 24 аталым бойынша 500 мың теңгеден облыс әкімінің сыйақысы беріледі. Былтырғы жылдан бастап, сыйақы көлемі 1 млн. теңгеге дейін ұлғайтылды. Ал, «Мамандығына адалдығы үшін» номинациясының иегері 2 миллион теңге сыйақы алады, – дейді басқарма басшысы.

Еркебұлан Қайроллаұлы еліміздегі төтенше жағдайларға байланысты мәдениет саласы қызметкерлерінің салтанатты жиынын күзге шегеруге мәжбүр болғанын айтты. Десе де, бірқатар мәдениет саласының дамуына қосқан үлесі үшін мәдениет саласындағы үздіктер марапатсыз қалмақ емес. Олар Мәдениет және ақпарат минис­трлігінің Құрмет грамотасымен, Алғыс хатымен ұлықталды.

Сонымен, Алғыс хатпен марапатталғандар қатарында Тарихи-мәдени мұраны сақтау орталығының қызметкері Елдос Әлкей, Қарқаралы тарихи-өлкетану музейінің қызметкері Назым Әбішева, Ж.Бек­тұров атындағы облыстық жасөспірімдер кітапханасы қызметкері Ольга Волкова, Сәкен Сейфуллин атындағы облыстық академиялық қазақ драма театрының режиссері Айдын Салбанов, Қарағанды музыкалық комедия театрынан Светлана Сапрыкина бар.

Мәдениет және ақпарат министрлігінің Құрмет грамотасымен Теміртау қаласы балалар мен жасөспірімдер театрынан Анастасия Агафонова, Саран қаласы «Детство» көркем-үлгілі ансамблінің жетекшісі Ольга Голева, Долинка кентіндегі саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алуға арналған музей қызметкері Ирина Гусева, Абай атындағы облыстық балалар кітапханасынан Елена Кучаева, Кеншілер мәдениет сарайынан Ерболат Маханбет марапатталды.

Ал, «Мәдениет саласының үдігі» төсбелгісі Қарағанды академиялық музыкалық комедия театрының қызметкері Татьяна Беккер мен Татьяна Владимировнаға, Н.Гоголь атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханадан Светлана Головко мен Қайрат Әнуарұлына, облыс­тық тарихи-өлкетану мұражайынан Дәурен Жүсіповке, облыстық зағип және нашар көретін азаматтарға арналған арнайы кітапхана қызметкері Светлана Шайсұлтановаға табысталды.

Мәдениет саласының дамуына ерекше үлес қосқан, ел мәдениетін дамытудағы ұзақ жылғы еңбегі мен жеке үлесі үшін Мәдениет және ақпарат министрлігінің «Еңбек ардагері» медалі Қарағанды академиялық музыкалық комедия театрынан Надежда Николаевнаға берілді.

Мерейлі кешті Қали Байжанов атындағы концерттік бірлестіктің «Арай» ансамблі әсем әнмен әрледі.

Үкімет Қазақстан Республикасы Президентінің тапсырмасы бойынша 2020 жылдан бастап, мәдениет және өнер ұйымдарының шығармашылық құрамына (әртістерге, музыканттарға, кітапханашыларға, музей және клуб қызметкерлеріне) лауазымдық жалақысының 35 пайыз мөлшерінде қосымша ақы белгілегенін атап өткен болатын. Осыған орай, Қарағанды облысы әкімінің 2023 жылғы 11 шілдедегі қаулысына сәйкес мәдениет қызметкерлерінің лауазымдық айлықақысына 30 пайыз мөлшерінде ынталандыру үстемеақысын төлеуге қаражат қарастырылғанын атап өткен жөн.

Жан АМАНТАЙ,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button