Бас тақырыпОблыс әкімі

Оқушылар сарайы қашан ашылады?

Келесі жылы Қарағандыда Оқушылар сарайының жаңа ғимараты қолданысқа беріледі. Заман талабына сай сарай тұрғызуды Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қарағанды облысына келген сапарында тапсырған болатын.

Өткен аптада облыс әкімі Ерлан Қошанов құрылыс орнына барып, жұмыс барысымен танысты. Мердігерлер ғимараттың іргетасын қалап, қабырғаларын тұрғызуда. Облыс әкімі сарай құрылысына сапалы және заманауи жабдықтарды пайдалануды тапсырды.

– Жоғарғы бөлігінде обсерватория болады. Қазір барлық үйірмелерді жабдықтау мәселесін шешу қажет. Барлығы соңғы буынғы техникамен қамтамасыз етілуі керек. Әлемдік жетекші өндірушілердің нұсқаларын қараңыздар, – деді Ерлан Қошанов.

Сарай үш қабатты болады. Аумағы – шамамен он мың шаршы метр. Ғимараттың сырты энергия үнемдейтін материалдармен қапталады. Дәрістер жүргізетін бөлмелерден басқа мұнда 380 орындық көрермен залы орналасады.

Оқушылар сарайында барлық сабақтар тегін өткізіледі. Оларға 4 мыңнан астам бала бара алады деп күтілуде. Техникалық бағыттағы елуге жуық үйірмені, оның ішінде робототехника, авиамоделдеу, бағдарламалау бойынша дәрістер ұйымдастыру жоспарлануда. Жас биологтар үшін аэропоника және гидропоника сабақтары ұйымдастырылады. Гуманитарлық және шығармашылық бағытты қалайтындар үшін түрлі үйірмелер, шеберханалар мен коворкингтер жұмыс істейді.

Қазіргі Балалар мен жасөспірімдер сарайының ғимараты 80 жыл бұрын салынған. Бүгінде ғимарат заманауи талаптарға сай келмейді және орын жетіспеушілігі сезілуде.

Өз тілшімізден.

Басқа материалдар

Back to top button