АймақҚарағанды

Өнім өндіруде өсім бар

Облыс экономикасының дамуы оң динамикасын сақтап отыр. Жыл басынан бері өсім шамамен 13%-ды құраған. Өсімнің барлық негізгі көрсеткіштер бойынша байқалатынын атап өткен жөн. Өнеркәсіп және аграрлық өнім өндірісі, инвестиция, құрылыс, сауда және тағы басқа да салаларда өсім бар. Ал, жыл соңына дейін 4,1 трлн теңгелік өнеркәсіп өнімдерін өндіру жоспарланған. Аймақтың қаңтар-наурыз айлары аралығындағы әлеуметтік-экономикалық даму нәтижелері туралы аппараттық жиында мәлімденді.

Облыстық экономика басқармасының басшысы Татьяна Аблаеваның мәлімдеуінше, аймақ экономикасының өсу қарқыны 12,9% деңгейінде қалыптасқан.

– Өнеркәсіп өнімдері 1 088,7 млрд теңгеге өндірілді. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 15,1%-ға артық. Өсім машина жасау, қара және түсті металлургия, резеңке және пластмасса бұйымдарын өндіру, құрылыс индустриясы, химия және жеңіл өнеркәсіп, азық-түлік өндірісінде қамтамасыз етілген. Тау-кен өнеркәсібінде көлем 12,7%-ға өсті. Өсім көмір және металл кендерін өндіруде де қамтамасыз етілді, – деп хабарлады экономика басқармасының басшысы Татьяна Аблаева.

Дерекке сүйенсек, облыстың негізгі капиталына 165 миллиард теңгеге жуық инвестиция құйылған. Оның ішінде, ауыл шаруашылығына құйылған инвестиция – 180,1%, өңдеу өнеркәсібі – 172,1%, құрылыс – 109,3%, сауда – 5,6 есе, тұру және тамақтану қызметі 3,8 есе, білім беру 3,4 есе өскен.

Байланыс қызметінің көлемі 6,6 млрд теңгені құраса, ауыл шаруашылығында жалпы өнім (қызмет) көлемі шамамен 35 миллиард теңгені құраса, оның 97 пайызы немесе 34 миллиард теңгесі мал шаруашылығы өнімдері екенін атап өткен жөн.

– Жыл қорытындысы бойынша 30-дан астам инвестициялық жобаны іске асыру жоспарда. Оның ішінде 17-сі өнеркәсіпте, онда 2,7 мың жұмыс орны құрылмақ. Silk Road Electronics зауытында Samsung теледидарлары мен кір жуу машиналары шығарыла бастайды. Осакаров ауданында «Гиперборей» компаниясы қуаты 150 МВт болатын алғашқы жел электр станциясын іске қосады, – деп атап өтті өнеркәсіп және индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы Асқар Ғазалиев.

Одан бөлек, «Qarmet»-те болат өндірісінің өсімін 4,4%-ға, шойын өндісін 6%-ға, прокатты 5,1%-ға, «Қазақмыс» кәсіпорнында мысты 3,2%-ға арттыру есебінен қамтамасыз етіледі. Сонымен қатар, «Тенгри Тайрзда» 15,6 млрд теңгеге 1,2 млн автокөлік шинасы, «Силк Роуд Электроникс» компаниясында 19,9 млрд теңгеге 423 мың дана тұрмыстық техника, «Казтехнада» 135,5 млрд теңгеге 2 334 автобус пен арнайы техника тағы басқа өнімдер өндірілетін болады.

Кеңесте тұрғын үй құрылысы туралы да баяндалды. Жыл басынан бері 54 мың шаршы метр пайдалануға берілді. Әлеуметтік осал санаттағы кезекте тұрғандарды қамтамасыз ету үшін бастапқы нарықта пәтерлер сатып алынады. Бұл мақсатқа республикалық бюджеттен қаражат бөлінген.

Құрылыс жұмыстарының (қызметтерінің) көлемі 63,2 млрд. теңгеден астам соманы құрады. Сонымен қатар, 54 (53 626) мың шаршы метрге жуық тұрғын үй пайдалануға беріліп, ішкі саудадағы сату көлемі 880,5 млрд. теңгені құраған.

Биыл Қарағанды қаласында жалпы көлемі 438,7 мың шаршы метр пайдалануға беру жоспарланып отыр. Бұл 2024 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда көрсеткіш 10%-ға артық.

Бұл көрсеткіш 6,5 мыңнан астам отбасын жаңа пәтермен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Сонымен бірге, жыл соңына дейін ауыл шаруашылығы жалпы өнімінің көлемін 522 млрд теңгеге немесе 2024 жылға қарай 106,4%-ға (490,7 млрд теңге) жеткізу жоспарлануда.

Дерекке сүйенсек, ауыл шаруашылығы жануарларының саны тұтастай алғанда 3,7%-ға дейін өседі деп жоспарлануда. Оның ішінде, ірі қара мал – 2,2%-ға, ұсақ мал – 3,2%-ға, жылқы – 2,2%-ға, құстар 2,7%-ға дейін өсіру күтілуде.

Бұл ретте ет өндірісінің көлемі 2,5%-ға, сүт – 3,3%-ға, жұмыртқа 3,5 млн данаға өсіру жоспарланған.

Өсімдік шаруашылығында бұл көрсеткішке ауыл шаруашылығы дақылдарының алқаптарын ұлғайту және интенсивті технологияларды қолдану арқылы қол жеткізу көзделіп отыр.

Ал, қолданылатын минералды тыңайтқыштардың көлемі 93,0 мың тоннаны құрайды, бұл өткен жылмен салыстырғанда 32,2 мың тоннаға артық, өнімділігі жоғары тұқым – 100,5 мың тонна.

Теміртау қаласы өнеркәсібінің негізі металлургия болғанына қарамастан, мұнда да машина жасау, химия өнеркәсібі және құрылыс материалдары өндірісі сынды сабақтас салаларды дамытуға күш салынуда. Бұл – бір секторға тәуелділікті азайтып, тұрақты өсуді қамтамасыз етеді.

Бұл ретте өсу қарқынына өткен 2024 жылы іске асырылған «KazMetKoks» ЖШС және «Окс Қазақстан» ЖШС сияқты инвестициялық жобалардың өндіріс көлемінің өсуі, сондай-ақ, ағымдағы жылға жоспарланған жобаларды іске қосу есебінен де қолжеткізілетінін атап өткен жөн.

Бүгінгі таңда 20 жаңа жұмыс орнын құра отырып, жалпы құны 3,3 млрд теңгеден асатын 4 инвестициялық жоба іске асырылу сатысында тұр. Бұл да өнеркәсіптік өндіріс пен инвестицияның өсу динамикасына тікелей әсер етеді.

Сонымен қатар, қаладағы автобазалар жылжымалы құрамды жүйелі түрде жаңартуда, бұл да сайып келгенде инвестицияның өсуіне үлес қосады. Атап айтсақ, жыл басында «ЭкоБус» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің автобустарының жылжымалы құрамы 60 бірлік көлемінде жаңартылған.

Облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев жоспарланған көрсеткіштерді қамтамасыз ету бойынша тиісті тапсырмалар берді.

– Облыстық басқармалар, қалалар мен аудандардың әкімдіктері ағымдағы 2025 жылдың қорытындысы бойынша облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуының барлық жоспарланған көрсеткіштерінің орындалуын қамтамасыз етуі керек. Инвестиция тарту жөніндегі жұмысты жандандыру қажет. Экономика басқармасы облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуына мониторинг жүргізу жұмысын жалғастырсын, – деді Ермағанбет Қабдулаұлы.

Жәлел ШАЛҚАР,
«Ortalyq Qazaqstan»

Суреттерді түсірген Жангелді ӘБДІҒАЛЫМ

Басқа материалдар

Back to top button