НЕСЕБР – ШЕКСІЗ МҮМКІНДІКТЕР немесе шығармашылыққа ынтық жандар фестивалі

Қарағандылықтардың бастамасымен Болгарияның Несебр қаласында екінші рет өткізіліп отырған фестиваль мүгедек жандардың өмір сүруге деген құлшыныстарына ерекше бір серпін бергені анық. Болгар, Беларусь, Ресей Федерациясы, Қазақстаннан келген орындаушылар өздеріндей шығармашылыққа ынтық жандармен танысу мүмкіндігіне ие болып, өздерінің мүмкіндіктерін тағы бір мәрте дәлелдеді. 

 

 

Ең бастысы көк аспанның төрінен көк теңізді көргендері. Алғаш рет… қатты әсерленді. Бірақ Болгарияның Несебр қаласында өтетін фестивальға қатысуға келген қазақстандықтар үшін дайындаған тосын сыйы әлі де көп екен…

Сонау 2012 жылы Мүгедектерді қолдау мен  ықпалдастыру бойынша Болгар-Қазақ қауымдастығының төрағасы Л.Дудченко Болгариядағы Бургасс еркін университетімен хабарласып, әлеуметтік қызметкерлерді дайындау туралы семинар өткізуге келіскен болатын. Семинарға әлеуметтік саланың мамандары, жоғары оқу орнының мұғалімдері, осы саламен айналысып жүрген мемлекеттік қызметшілер қатысты.

Сол кездің өзінде Болгарияда мүмкіндігі шектеулі адамдарға арналған фестивальдар жиі өтіп тұратын. Қазақстаннан барған делегация Несебер қаласының базасында осындай фестиваль өткізу туралы ой пайда болған.

2016 жылы Тәуелсіздіктің 25 жылдығы қарсыңында және Қарағанды облысының 80 жылдығына орай онлайн-режимде телекөпір арқылы Қарағанды қаласының әкімі Н.Әубәкіров пен Болгар Республикасының Несебр қаласының мэрі Н.Димитров арасында бауырмалдық туралы келісімге қол қойылды.

Қарағандылықтардың бастама көтеруімен биылғы жылы екінші рет өткізілген «Несебр-

шексіз мүмкіндіктер» атты мүмкіндігі шектеулі аадмдарға арналған халықаралық фестивалінің тарихы осылай басталған еді.

Несебр қоғамдастығы (Болгар Республикасы), мүмкіндігі шектеулі адамдарды қолдауға арналған Болгар-Қазақстан қауымдастығы және «Лайықты өмір» мүгедектерді қалпына келтіру орталығы қоғамдық бірлестігі (Қазақстан Республикасы) ұйымдастырушысы болып табылатын фестивальға биылғы жылғы қатысушылар санымен де, көрермендер санымен де ерекшеленді. Мүмкіндігі шектелуі, дегенмен де, мүмкін еместі мүмкінге айналдырған жандардың қайсарлықтары мен қажырлықтары Несебр қаласының аспанында қалықтады.

Мүгедектер арбасында отырып би билеу, су қараңғы бола тұра, бір-бірінің қимылын шалыс баспай қайталаған бишілер тобы, балалардың сал ауруы (церебралды) диагнозымен  өзін-өзі жеңіп, сахнаға шығып ән айтқандар, құлағы естімесе де, қимылмен ән айтқан фестивальға қатысушылардың асқан ерліктері таң қалдырды. Ең бастысы – фестиваль мүмкіндігі шектеулі жандар үшін өз күшіне деген сенімділікті ұялатып, келешек күнге деген сенімділікті сыйлады.

Қазақстаннан барған фестивальға қатысушылар да жүлдемен оралды. Эстрадалық вокал номинациясы бойынша жүлделі орынның үшеуін де қазақстандықтар иеленсе, қарағандылық А.Балмағанбетова «Мүгедектер арбасындағы би» номинациясы бойынша жүлделі бірінші орынды иеленді. «Аспап жанры» бойынша астаналық жерлесіміз С.Алиева екінші орынға шықса, «Көркем орындау» номинациясы бойынша қарағандылық Л.Кравченко қазылардың шешімі бойынша үшінші орынға лайық деп табылды.

Фестивальды ұйымдастырушылардың әттеген-ай дейтін жерлері де көп. «Лайықты өмір» мүгедектерді оңалту орталығының қоғамдық бірлесітігінің төрағасы, фестивальді ұйымдастырушылардың бірі Александр Михайлович Ивкин қарағандылық бишілерде арнайы арбаның болмағанын қынжыла айтты. Ресейде Петербург қаласында арнайы тапсырыспен жасалатын, құны мүгедек адам үшін түске де кірмейтін бағадағы арба қазіргі таңда бишілердің қол жетпес арманы болып тұр.

Дегенмен, қол ұшын созатын қамқор жандар да жоқ емес. Қайырымдылық жасауды өзінің борышы санаған азамат аты-жөнін жарияламауды жөн көріпті. Фестивальға қатысушылардың Болгарияға барып-келу сапарын төлеушілерге алғыстары шексіз.

Асқан төзімділікті, ерлікті, өзіне деген сенімділікті, психологиялық ерік-жігерді қажет ететін бұл жарысқа үлкен дайындықты қажет ететіні даусыз. Қолда бар мүмкіндікті пайдалана алмай, мүгедектікке ұшырап қалатын кездеріміз де көп. Ал Несебр – шексіз мүмкіндіктер фестивалі – ерліктің шынайы үлгісі болды.

Несебр — Болгариядағы және Еуропадағы ең көне және көркем қалалардың бірі. Тарихи көрікті жерлер, теңізден ескен самал жел мен ғажайып табиғат заманауи турситік кешендермен мінсіз үйлестірілген. Өзінің сұлулығы мен тарихи және мәдени жерлердің көптігі және сақталуы бойынша көне қала Несебр Рим, Персеполис, Тадж Махал, Мемфис сияқты қалалармен бірге ЮНЕСКО қамқорлығына алынған. 

Cалтанат Ильяшова

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.