Жаңалықтар

Өнерлі өрен – ел болашағы

«Болашақта ұлттың табысты болуы оның табиғи байлығымен емес, адамдарының бәсекелік қабілетімен айқындалады. Сондықтан, әрбір қазақстандық, сол арқылы тұтас ұлт ХХІ ғасырға лайықты қасиеттерге ие болуы керек» делінген Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында. Демек, Қазақстанның бет-бейнесін әлем елдерінің алдында танытатын ұрпақ тәрбиелеу – бүгіннің еншісінде. 23 шілдеде Білім және ғылым, Мәдениет және спорт министрліктерінің, «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ, «Атамекен» ҚР кәсіпкерлер палатасының қолдауымен «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Астана қаласында өткен «UBUNTU» балалар мен жастар шығармашылығының халықаралық фестиваль-байқауында қарағандылық бишілер биіктен көрінді.

Бұқар жырау ауданы, Ғ.Мұстафин кенті орта мектебінің «Эдельвейс» үлгілі хореографиялық би ұжымы фестивальдың «хореография» аталымында үздік шығып, 330 000 теңге көлемінде Бас жүлдеге ие болды.

Ұжымның жетекшісі Наталья Боцман Ғ.Мұстафин кентіне 1999 жылы алғаш рет келіп, мектеп оқушыларына би үйретуді бастаған екен. Маманның жігерлілігіне, мақсаттылығына қызыққан мектеп ұжымы оны өздеріне шақырып, содан бері хореограф кент жұртының алдында да, мектепте де беделге ие болып үлгерген.

Осы жолы да Наталья Боцман дайындаған «Эдельвейс» би тобының бишілеріне байқау қазылары жоғары баға берген. Жүлдені табыстау үшін Астанадан арнайы келген «UBUNTU» фестивалінің арт-директоры Любовь Лукьянова «біздің мақсатымыз – жаңа таланттарды ашып, оларды бірлеса дамыту, мәдениет арқылы жастарға рухани тәрбие беру. Жарқын істің бастауы жаман болған жоқ. Қайырымдылық пен махабаттың философиясы ретіндегі «UBUNTU» фестиваліне еліміздің өңірлерінен және көршілес елдерден 400-ден аса қатысушы жиналды. Байқау жариялаған кезде қалалардағы ғана емес, сондай-ақ, алыс елді мекендердегі таланттарды да ашудағы мақсатымыз орындалды. 18 аталымға тағайындалған Гран-при иегерлерінің көпшілігі ауылдық жерлердің, шағын қалалардың қатысушылары. Солардың бірі – «Эдельвейс» би тобы», – дейді.

Л.Лукьянованың айтуынша, бишілердің өнеріне таңданыстарын жасыра алмаған қазылар алқасы, оларға «теңдессіз өнер иелері, биді қимылмен ғана емес, бүкіл жан-дүниелерімен, көз жанарларымен көрсете алды» деп баға беріп, би тобының жетекшісі Наталья Боцман мен хореограф Ирина Абдрахмановнаға, аудан жұртшылығына, ата-аналарға ерекше алғыстарын білдіріпті.

– Біз кент тұрғындары үшін жыл сайын есептік концерт дайындаймыз. Астана қаласында өтетін «UBUNTU» фестиваліне қатысуға ұсыныс келгенде, ата-аналармен кеңесіп, баруға шешім қабылдадық. Балалар да асқан жауапкершілікпен дайындалды. Жол шығынын көтерген ата-аналардың да еңбегін айта кеткен орынды. Кез келген байқау үлкен еңбекті талап еткенімен, балалар бас қалаға байқауға баратындарына қуанды. Әрине, толқу да болды. Бірақ, біздің ұжым үнемі бір-біріне қол ұшын созуға даяр. Гран-при алу біз үшін тосын сый болды. Нәтижесінде еңбегіміз еленіп, 330 000 теңге көлемінде ақшалай сыйлыққа ие болдық, – дейді Ғ.Мұстафин кентіндегі «Эдельвейс» үлгілі хореографиялық ансамблінің жетекшісі Наталья Боцман.

Сондай-ақ, «Эдельвейс» би тобы мен оның жетекшісі Н.Боцманды, хореограф Ирина Абдрахманованы «Сарыарқа дарыны» аймақтық ғылыми-практикалық орталығының бөлім басшысы Саят Балмақаев, аудандық білім бөлімі басшысының орынбасары Айдар Оспанов, Ғ.Мұстафин кентінің әкімі Халел Рыспеков құттықтап, Алғыс хаттар табыстады.

Салтанат ИЛЬЯШОВА,

«Орталық Қазақстан»

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button