Өнерімен өрге жүзген

    Тәуелсіздік күні қарсаңында Қарағандыда жасөспірімдер арасында «Ақсұңқар» Халықаралық ІІІ фестиваль-байқауының тұсауы кесілді. Аталған байқауға Қарағандыдағы «ArtRainbow» халықаралық өнер бірлестігі мұрындық болды.

Бірлестік 2015 жылдан бері талантты өрендер үшін осындай байқауларды еліміздің түрлі қалаларында өткізіп келеді. Байқауға шығармашылық ұжымдар, түрлі ансамбльдер мен оркестрлер қатысты. Өзбекстанның халық артисі Фарух Садықов төрағалық еткен қазылар алқасы номинациялар бойынша жеңімпаздарды анықтады. Қатысушылар түрлі музыкалық аспаптарда ойнау, ән салу, би билеу, мәнерлеп оқудан сайысқа түсті.

Екі күнге созылған байқауға Қарағанды қаласы, Шет, Қарқаралы аудандары және Петропавл қаласынан 100-ге жуық өнерлі бала қатысты. Алдымен, музыка аспаптарында ойнау номинациясына қатысушылар сахна төріне шықты. Жасына қарай бірнеше топқа бөлінген балалар домбыра, қобызды ойнап, фортепиано тартудан жарысқа түсті. Нәтижесінде, Петропавл қаласынан келген өнер колледжінің «Назқоңыр» қобызшылар ансамблі бас жүлдені жеңіп алды. Фортепиано номинациясы бойынша Қарағанды қаласының дарынды балалар музыка мектебінің оқушысы Әлия Жақпарова бас жүлдеге ие болды.

Эстрадалық ән орындау жарысына қатысушы балалар көп болды. Көптеген өнерлі өрендер өсіп келе жатқаны көңіл қуантты. Мысалы, Қарағанды қаласындағы №137 мектебінің оқушысы Валерия Хохленкова 7-9 жас аралығындағы топтан ерекше көрініп, бас жүлде алды. Ал 13-15 жас аралығында Қарағандының №1 өнер мектебінің оқушысы Влад Кучер гран-при иеленді. Осындай бас жүлдені 16-18 жас аралығында Петропавл өнер колледжінің студенті Аяулы Санатай жеңіп алды. Көркем сөз оқу номинациясына қатысқан балалар да ерекше өнерлерімен көзге түсті. Шет ауданынан келген бала бақшаның кішкентай бүлдіршіндері сахна сәніне айналды. Қаланың №92 гимназиясынан келген балалар әдеттегідей белсенді болды. Алыс жатқан Қарқаралы және Ақадыр кентінен көп оқушылар қатысты. Мысалы, Ақадыр кентінің М.Мәметова атындағы орта мектептің бірінші клас оқушысы Ұлбосын Марат тәп-тәуір өнер көрсетті. Осы балалардың бәріне дипломдар мен медаль табысталды.

Бір сөзбен айтқанда, «Ақсұңқар» Халықаралық үшінші өнер байқауы жоғары деңгейде өтіп, көптеген өрендер үлкен сахнаға шықты. Байқауды ұйымдастырушы «ArtRainbow» халықаралық өнер бірлестігі ЖШС осылайша балалардың сахнада шыңдала түсуіне үлес қосты. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Дүйсен Үкібай бастаған қазылар алқасы балалар өнеріне әділ баға берді.

Нұрқанат ҚАНАФИН

ҚАРАҒАНДЫ қаласы.

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.