Руханият

Өнердің жүрегі, палуанның білегі тоғысқан тұс

«Өнер көкпары» туралы тарқатар болсақ, жобаның мақсаты – ең алдымен ұлттық құндылықты насихаттау. Әр қаланың өнерпаздарын таныстыру, елдікті ту етіп, еңсе түзеу. Қарапайым қала қазағын атқа баулып, әнші, асабаға бөлмей, ұлттық ат спорты ойындарының дамуына үлескер болмаққа шақыру. Осы тұрғыда эстрада жұлдызы Серік Ибрагимовтің «Бойым мен түріме қарамай, менің көкпар ойнап жүргенімді көрсе, өзге қазақта қалыспай, Серіктен қай жеріміз деп кірісе кетер», – деген сөзі еріксіз езу тартқызады.

Көкпар – жігіттердің күш-жігерін, төзімділігін, батылдығы мен ептілігін, ат үстінде мығым отыруын талап ететін, рухты оятар спорт. Аттың да адуынды айғыры, тісі уытты, болат тұяқ, қарсы шапқанға омырау тосар, қашқанға қас қақтырмас болуы міндет. Көкпар жаппай және дода тартыс болып екіге бөлінеді. Жаппай тартыста әркім көкпарға өзі иелік етуге тырысады. Дода тартыста құрамы бірдей екі топ сынға түседі. Мұны кейде марта тарту деп те атайды. Көкпарды екінің бірі, егіздің сыңары ойнай бермейді. Мойны бір жуан бұқадай, жоны бір жалпақ жотадай, ат жақты, апайтөс ердің ері сыналатын сәт.

Адуын қайсар мінез, темір білек,

Шыдамай кей жігіттер шайқас тілеп

Додаға тайсақтамай тез кірсін деп,

Ысқыртып атты бұтқа алды білеп.

Қағысып астындағы жылқы малы,

Көкпарға тебініп жұрт ұмтылады.

Тақымға орай басып тартқан кезде

Көк еті көк серкенің жыртылады.

Жігіт пе атқа топты жарғызбаған,

Әнеки, көкпар кетті андыздаға

Дүркіреп тартып берді қуып соны,

Қала ма мұндай кезде қан қызбаған.

Дода боп әдет жанды қысты ма екен,

Қасиет қанға сіңген ыстық екен.

Көкпарда қазақ өзін сынайтұғын,

Әйтпесе, тышқақ лақ ныспы ма екен?! – деген Жұматай Жақыпбаевтың осы шумақтары – сөзіме тиек.

«Өнер көкпары» брендінің шығу тарихына тоқтала кетсек. Қазақстандықтарға өнерімен танылған әнші сазгер, бүгінде атбегі, көкпаршы Саят Әбдіғали Ораза Айт мерекесінде Құрылыс ауылында шағын көкпар ұйымдастыруға қарағандылық сахна саңлақтары арасында ұсыныс тастайды. Дәстүрлі әнші Сержан Мұсайын, ақын Тілеген Әділов, айтыскер ақын, филология ғылымдарының кандидаты Айтбай Жұмағұлов сияқты атқамінер азаматтар бір ауыздан қолдап, игі шараның шашбауын көтеріп кетті. Осылайша, Арқа атырабына әнші-асабалығымен танылып жүрген біраз жас жігіттердің қатысуымен серке тартылды. Атқа қонғанда арқасы қозар қазақ жігіттерінің қызығушылығын оятқан ойын осылайша әдетке айналғандай еді. Команда сапынан әнші Амангелді Ахметжанов, асаба Ерік Тезекбаев (команда капитаны), арқалық жұртқа асабалығымен танылған Айтуған Ырысалды сияқты белді ойыншылар табылды. Қарағанды өнерпаздарының көкпарын өзге облыстар, қалалар, әлеуметтік желі арқылы тамашалап, Нұр-Сұлтан, Тараз, Алматы, Шымкент сынды 9 елді мекеннен өзара өнер иелері қатысуымен құрама жасақталды. Әр қаладан жиылған топтар ара-тұра қала аралап, бірбірімен кездесу өткізіп, «Өнер көкпарының» тез таралуына, танылуына сеп болды. Осылайша, арқаның сахна серілерінің бастамасымен көкпар ойынына жаңа тыныс берген «Өнер көкпары» қалыптасты.

Ал, республикалық деңгейге көтерілуіне Саят Әбдіғалидің айтуынша әнші Досымжан Таңатаровтың қосқан үлесі зор. Биылғы жылы алғаш рет «Өнер көкпарынан» Тараз қаласында Тәуелсіздіктің 30 жылдығы және ақын Жамбыл Жабаевтың туғанына 175 жыл толуына орай үлкен ашық турнир өтті. Айтулы додадан «Qaraqandy» командасы 3 орынды еншіледі. Сондай-ақ, Елбасы кубогі аясында екінші дүбірлі ойын Нұр-Сұлтан қаласында ойнатылды. Тоғыз команда арасында өткен бәсекеде тараздық «Әулиеата» командасы бас жүлдені иемденді. Жерлестерімізде сыйдан кенде қалмады. Қарағандылық команданың жетекшісі Саят Әбдіғали «Үздік жетекші» аталымын алды. «Qaraqandy» төртінші орынды місе тұтты бұл сында. Алдағы ойындарға Қостанай, Ақтөбе қалаларының көкпар жасағы қосылып 11 команда сап түземек ниетте.

Қарағандылық көкпар жасағының жетекшісі Саят Әбдіғали «Көкпар атынан тарлық көріп жүргенімізді жасырмаймын. Десек те, арамыздағы ойыншылардың бастауымен команданы тәуір аттармен жасақтамақ ниеттеміз. Жан-жаққа қол жаймай команда атынан кермеде жоқ дегенде 5 айғыр ұстау керек. Жәй жылан көз, сиыр құйымшақ қатардағы қулықтың құлыны емес, омырауы есікпен төрдей, жаясы жалпақ, артқы жағын кере басып, жекпе-жекте желіктірер, ойынның алдыңғы шебіне шығаратындай болса», – деп тамсана ішіндегі әттеген-айын айтып қалды. Иә, онысы орынды, қарағандылық көкпаршылар ат азабын тартып жүргенін көзіміз көріп, ішіміз сезеді! Бастама алған бағаналы істің базынаға бола ақсағаны, Арқа көкпаршылары мен жанкүйерлерінің арқасына тас болып батуда.

Жансая СӘРСЕНБАЙҰЛЫ.

Басқа материалдар

Back to top button