Бас тақырыпРуханият

“Өнер өлкесінің Жезкиігі”

Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген мәдениет қызметкері, бүкілодақтық саяси әндер байқауының жеңімпазы, республикалық «Жігер» фестивалінің, бүкілодақтық көркемөнерпаздар байқауының жүлдегері, Ш.Қалдаяқов атындағы республикалық байқаудың лауреаты Жақсыкелді Сейіловтің туғанына 70 жыл толуына орай ұйымдастырылған республикалық байқау осылай аталды. Ән додасына сегіз облыстан 23 үміткер қатысып, бағын сынады.

Даңқты жерлесіміздің өмірі мен өнерін насихаттау бағытында биыл біршама жақсы жоба жүзеге асты. Керемет кітап-альбом жарыққа шықты. Жезқазған қаласы әкімдігінің арнайы тапсырысымен танымал тележурналист Әшімхан Жанпейісов «Өнер өлкесінің Жезкиігі» атты деректі фильм әзірледі. Қазір ақын, ғалым Кенжебай Ахметов оның балалық шағын баяндайтын көркем фильм түсіруде.

Жақсыкелдінің әндерін орындаушылардың республикалық байқауы әсем әнді жан серігі етіп, өткен күннің белгісін өміршең әннен тапқан талғампаз қауымға тамаша кездесу сыйлады. Жезкиіктер мекені болған сайын дала мен жез ордасы атанған Жезқазған шаһары екі күн бойы Жақсыкелді Сейіловтің әнімен тыныстады. Оның әндері – дүниенің жарқ еткен бір сәтіне ынтыққан жанның махаббат пен мұңы, сағынышы мен қуанышы, әлдебір өкпе мен өкініші қатар өріліп жататын, түрлі сезім-күйдің дірілі, көңіл толқыны астасқан ғажайып әлем. Кең даланың керім жаратылысы – жезкиікті Жақаң әнге айналдырды. Кейін өзі жезкиік-ғұмырға айналды. Көзі тірісінде өзі қатты қастерлеген қасиетті Ұлытауына өр рухты әннен өлмес ескерткіш орнатып кетті.

ҚР Мәдениет қайраткері, Қазақстан Композиторлар одағының мүшесі, сазгер Болатбек Есмұханов (төраға), ҚР еңбек сіңірген әртісі, Жезқазған қаласының Құрметті азаматы Береке Көшенов, Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының лауреаты, Қырғыз Республикасының Мәдениет қайраткері Әшімхан Жәмпейісов, Қ.Байжанов атындағы концерттік бірлестіктегі «Әуен» ансамблінің солисі, Тәттімбет атындағы өнер колледжінің оқытушысы Сержан Мұсайын, Қ.Қуанышбаев атындағы академиялық музыкалы драма театрының бас хормейстері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Амантай Жұмашев үміткерлер өнерін сараптап, талғам таразысына тартты.

Байқаудың жабылу салтанатында бағын сынаған барлық үміткерге қала әкімінің Алғыс хаты мен естелік сыйлықтар тапсырылды. Жақаңның зайыбы Зейнеп апай мен ұлы Жанбота Алматы облысының Іле ауданынан ат арылтып келген Нұрболат Қосановқа отбасылық сый-сияпат жасады. Жезқазған қалалық жастар ресурстық орталығының арнаулы жүлдесі қарағандылық Ардақ Құсайынова мен оны сүйемелдеген «Квинтовый круг» вокалды-аспаптар ансамбліне берілді. Жаңатастық Мейіржан Омаров, шеттік Ернұр Тілеуберлин, қызылордалық Мақпал Қалданова, жезқазғандық Берік Арыстанов, бұқаржыраулық Азамат Амантайұлы, тараздық Мәдина Бердиярова ынталандыру сыйлығына ие болды.

ІІІ орын қапшағайлық Бекболат Сағадиевке, қарасайлық Бексұлтан Әлімбековке, сәтбаевтық Нұрахмет Қаршығановқа, жезқазғандық Руслан Исмаиловқа берілді. ІІ орынды жезқазғандық Асхат Сағындықов пен Айзада Әбдіхалықова бөлісті. І орынға жаңаарқалық Шахизат Әбдіғазымов пен қарасайлық Ақерке Құрбан лайық деп табылды. Ал, 800 мың теңгелік бас жүлде ақтөбелік Азамат Бекбергеновке бұйырды.

Әлібек ӘБДІРАШ

Басқа материалдар

Back to top button