Басты тақырып

ӨНДІРІСТІ ӨҢІР ӨРІСІ

Осы округ атын иеленген өндірісті кентте және оның маңайындағы “Қарабұлақ” ауылы мен 49 қыстақта қазір ұзын-ырғасы 3805 адам тұрады.

Ақжалдың басында 85 жоғары және 26 арнаулы орта білімді мұғалім, жалпы саны 218 адам еңбек ететін екі мектеп пен балабақша және мектеп жанындағы бір шағын орталық, 3 дәрігер мен 14 медбике қызмет көрсететін дәрігерлік амбулатория, 5501 дана қоры бар кітапхана, барлық ауыл мен қыстақты байланыспен қамтыған “Қазақтелеком” жүйесі мен “Қазпошта” бөлімшесі, Мәдениет үйі мен спорт кешені ойдағыдай жұмыс істеп тұр. Дінге ден қойған адамға мешіт есігі тәуліктің кез келген уақытында ашық.

Округте тұрмысы төмен отбасы тіркелмеген. “Жұмыссыздық жоқ!” десе де болады. Бос жүрген 13 адам қоғамдық жұмысқа тартылып, бесеуі тұрақты жұмыс тауыпты.

Өндірісті өңірде өрістеген осындай оң өзгерісті кез келген жергілікті тұрғын “ЖаңаМырыш” (“NovaЦинк”) компаниясының қамқорлықпен көмкерілген қайырымды ісімен байланыстырады.

ЖаңаМырыш” жарылқады

Шамалы шегініс: кен өндіріп, байытумен шұғылданатын компания “жаңа” болғанымен, тарихының тамыры тым тереңде жатыр. Алтынмен айналысқан Степан Попов Ақжалдың құнарлы қорғасын-күміс кенін 1886 жылы-ақ өндіре бастапты.

Ал, 1901 жылы Ақжал кен орнының базасында құрылған “Қорғасын” орыс-француз қоғамы Қазан төңкерісінен кейін екі жыл істеген. Ортақ меншікке өткесін, 1934 жылы байыпты барлау қолға алынғанымен, соғыс кезінде қаңтарылып, 1946 жылы қайта басталды.

Кезінде Ақжал кеніші Ақшатау кен-байыту комбинатының құрамында көш бастаған. Тек тоқыраудың топалаңы тынысын тарылтып, қоғамдағы күйзеліс оның да басынан өтті. Комбинат қаусап, кеніш қараусыз қалғанда Ақжалдың үмітін оятқан – “ЖаңаМырыш”.

2006 жылдан бастап елдің еңсесін көтерген ол – ресейлік Челябі мырыш зауытының еншілес кәсіпорны болып табылады. Бүгінде байыту фабрикасындағы бас корпустың қуаты жылына 1 200 000 тонна кен өңдеуге жетеді. Шикізат, жобаға сәйкес, карьерлік тәсілмен (ашық) өндіріледі.

Дегенмен, бұл кен орнының болашағы шикізатты шахталық тәсілмен (жабық) өндіруге тығыз байланысты. Себебі, ашық тәсілмен алуға келмейтін, тереңде жатқан кен қоры әлі жиырма жылға еркін жетеді. Бұл – бұған дейін бекігені. Демек, бір буын ұрпақтың алаңдамауына болады.

Жобаны қаржыландыру бұдан жеті жыл бұрын басталды. Ал, байыту фабрикасының қажетін қамтамасыз ететіндей жылдық қуатқа (1,2 млн. тонна) кеніш енді жеті жылда жетеді. Ол үшін барлығы 442 688 (Орталық телімде – 210 111, Шығыс телімде – 232 577) шаршы метр іргелі кен дайындығы жұмысы атқарылады.

Жерасты кенішінің құрылысына жалпы 223,2 млн. доллар қаржы жұмсалады. Бұл – компанияның жеке инвестициясы екенін айта кету керек. Құрылысына қыруар қаражат қарастырылған қуатты кәсіпорында 527 кенші, 94 инженер-техник қызметкері жұмыс істейтін болады.

Компания келешектің қамын қазірден қарастыруда. Әсіресе, маман мәселесіне жете мән беруде. 1015 адамды тұрақты жұмыспен қамтып отырған кәсіпорын шахтада істейтін кенші іздеп сабылмау үшін былтыр 115 адамды қайта даярлықтан өткізіп алды. Мектептің екі түлегіне жоғары оқу орнына жолдама берді.

Кәсіпорын кен өндірумен қатар, кенттегі әлеуметтік салаға тұрақты көңіл бөледі. Өтіп жататын түрлі іс-шараға белсенді түрде демеушілік жасайды. Былтыр бұл бағытқа 8 млн. 650 мың теңге бөлді. Күзде 22 млн. теңге бөліп, төменгі бағамен картоп, көмір, кебек таратты. Мешіт жанынан тамақ әзірлейтін қосымша құрылыс жүргізуге кәсіпорын басшысы С.Асан тікелей ұйытқы болды. Мұндай оң үрдіс ілгеріде де жалғасатынына сенеміз. Өйткені, кент тұрғынының басым бөлігі осында жұмыс істейді, – дейді Ақжал кенті округінің әкімі Медет Молыбаев.

Ақжалдықтар алаңдамайды

Неге алаңдамасын? Оқыс оқиға орын алса?! Ондай бастан өткен. Бұдан бір жарым жылдай бұрын. “Апатты жағдайда” деп жарияланған көпқабатты №5 тұрғын үйді толық қалпына келтіру кезінде жергілікті билік пен аудан басшылығы “қыстың көзі қырауда” тыным таппай, табанынан таусылған.

Аудан әкімдігі мен “ЖаңаМырыш” арасындағы меморандум құтқарды. Шұғыл шарт жасасып, компания “қалтасынан” 100 млн., әкімдік аудан бюджетінен 35 млн. теңге бөліп, жазатайым жағдайдың жолын кесті. Бірақ, бұл бұдан былай салғырттыққа салынбауға сабақ болды.

Сабақ болғаны сол, анау үйдегі апатты “ауыздықтаған” бетте, уақыт оздырмай көпқабатты №3 тұрғын үйді шатырлап, жылу құбырын жаңартты. Ықшамауданда көпқабатты №7 тұрғын үй мен мектеп арасындағы жылу  құбыры айырбасталып, ол өтетін дарбаза дұрысталып, төрт  тиек қойылды.

Ақжалдықтар ауыл шаруашылығымен де айналысады. 71 шаруа қожалығында 208 адам  еңбек етеді. Кейінгі кезде асыл тұқымды малға аңсары ауа бастағаны байқалады.  Былтыр көктемде құрылған “Адал Береке – 2017” ауыл шаруашылық кооперативі соған бет бұрған.

Кооперативтің 9 мүшесі “КазАгро” қаржы орталығы берген несиеге 96 ірі қара  алды. “Сыбаға” бағдарламасы бойынша жеңілдетілген несиеге қол жеткізген “Баубек” шаруа қожалығы еттік бағыттағы 48 ірі қараны семіртуде. Үш шаруа қожалығы “Игілік” бағдарламасы арқылы қотанға 37 жылқы мен 30 ірі қара қосты.

Бұл салада, қай жағынан болсын, оқ бойы озық тұрған — “Жандос” шаруа қожалығы. Шаруашылығын дамытуға былтыр жеке қаражатынан 47 миллион теңге жұмсады: 1 шақырым электр желісін тартты,  шағын сүт өңдеу цехын,  7 асыл тұқымды бұқа, 1 асыл тұқымды айғыр, 126 тонна арпа сатып алды, 560 мың теңгеге түрлі ағаш көшетін отырғызды.

Кентте орта және шағын бизнестің 38 нысаны қызмет көрсетеді. Әрине, арасында алып-сатарлық пен делдалдықты кәсіп қылғаны да кездеседі. Бұл бағытта берекелі іске бел буғаны да баршылық. Айталық, бұрын ұннан тәтті нан пісіріп, тапсырыспен торт жасаған жас кәсіпкер Анар Әбеухалова кейінгі кезде “Ақжал” тойханасын жалға алып, бизнесін басқа бағытқа бұрды. Ал, жас кәсіпкер Ардақ Берікұлы жанар-жағармай бекетін салып жатыр.

Жалпы кентте жас жағы жеткілікті. Тек 14-29 жас аралығындағының өзі – 884. Бұл – кент тұрғынының әрбір төртіншісі деген сөз. “Шұғыла” мәдениет үйі мен спорт кешенінде адам аяғы арылмай жатса, оның астарында осындай сыр бар. Ал, былтыр Ұлболсын Әбілжанованың ауданда “Ең үздік мәдени-шара ұйымдастырушы» атануы да тегін болмаса керек.

Былтыр қазанда Грекияның Салоники қаласында өткен, 24 мемлекеттен үміткер қатысқан, самбо күресінен ардагерлер арасындағы әлем чемпионатында ақжалдық Болат Манабаевтың 82 келі салмақта 1-орынды жеңіп алуының өзі неге тұрады?! Мектеп оқушылары Шымкентте волейболдан өткен республикалық жарыста екінші орынды иеленді.

Әлібек Әбдіраш

ШЕТ ауданы.

Суреттерде: Мешіт; Мәдениет үйі.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button