Өндіріс дамуына өзгеше көзқарас
Кеше ҚР Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бейбіт АТАМҚҰЛОВ Қарағанды облысына жұмыс сапарымен келіп, «Тау-Кен Темір» ЖШС-нің өндіріс цехымен танысты. Сонымен қатар, кәсіпорынның еңбек ұжымымен Президенттің «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Қазақстан халқына Жолдауын талқылады.
Шараға қатысушылар қатарында облыс әкімінің өнеркәсіп, шағын орта бизнесті дамыту, индустрияландыру және инвестициялар мәселелері жөніндегі орынбасары Марғұлан Кәрібеков пен аталған кәсіпорынның басқарма төрағасы Мұрат Жүкенов болды.
– Елбасымыз Жолдауында «Әлемде кезекті, Төртінші өнеркәсіптік революция басталды» деген болатын. Көшбасшымыздың көрегендігін осыдан-ақ аңғаруға болады. Жаһанда технологиялық ілгерілеу жыл санап емес, күн санап алға басуда. Бұл – өткен ғасырдың жеткен жетістіктерін жоққа шығару деген сөз емес. Алайда, осыдан жиырма жыл бұрын ширек ғасырға жетпей кез келген жас азаматтың қолындағы әлемнің ең дамыған гаджеті мен компьютері байланыс орнатып қана қоймай, бейнебаян, суретке түсіру, хат жолдау сынды күрделі қызметтерді атқара білетін ұялы телефондар пайда болады десе, кім сенер еді? Міне, жаңа технологиялардың адамзат өмірінің айнымас бөлшегіне айналуына небары 20-25 жылдың қажет болғанына – уақыт куә. Өзім де өндіріс саласының маманымын. Пеш түбінде тұрып, темір балқытқандардың бірі – мен. Теміртаудағы «Қарметкомбинатта» да тер төккен жылдарым қаншама. Әлі есімде, темір балқыту барысында зілбалға мен сүймен – таптырмайтын құралдар еді. Қазір бәрі өзгерген. Кәсіпорындарда автоматтандырылған орталық диспетчерлік пункттері бар. Он адамның қол күшін жаңа технология ығыстырды. Технологияның ілгерілеуі деген міне, сол. Президент Жолдауының маңыздылығы да осы. Себебі, даму, бәсекеге қабілеттілік, өнім сапасын жақсарту мәселелері – технологияның дамуымен тікелей байланысты, – деді Бейбіт Атамқұлов.
Кездесу барысында Бейбіт Бәкірұлы еліміздің қорғаныс және ғарыш саласындағы тың бастамаларды, жемісті жетістіктерді тілге тиек етіп, Елбасы Жолдауындағы өзге де маңызды мәселелерге тоқталды. Онда кәсіпорын қызметкерлерін толғандырған тұрғын үй, өнеркәсіпті өркендету, өнімді экспорттау, аграрлық сала, міндетті медициналық сақтандыру да айтылды.
Рауан ҚАБИДОЛДИН
Суретті түсірген Д.КУЗМИЧЕВ.