«Насихат Қазақия» жинағындағы Абай сөздері
Енді бір байқағанымыз 1995 жылғы жинақта. «Өлеңге әркімнің-ақ бар таласы» деген жол «Насихат Қазақияда» «Өлеңге әркімнің-ақ бар тайталасы» болып берілгені. «Талас» дегеннен гөрі өлең, өнер – бәсеке, «тайталас», деп түсінсек, ойға қонымдырақ сияқты. Рас, бұл жолда бір буын артық тұр. Техникалық жағынан алғанда «бар тайталасы» «бар таласынан» олақтау. Дегенмен, Абайда мұндай буын санының бірлі-екілі артық-кемі бола беретінін білеміз. Абайдың өлеңдері ішкі ойға құрылатынын, кейде ұйқас жағынан кемшілік болып жататынын кезінде Ахмет Байтұрсынов та атап көрсеткен.
Дәл осы тұста, «Насихат Қазақия» нұсқасындағы біраз жайды қозғап, өз пікірімізді білдіре отырып, ондағы «Сырты алтын, іші күміс сөз жақсысын» дегендегі, «алтынның» сыртына, «күмістің» ішіне ауысқанын орынсыз көрініп отырғанымызды да айтуды парыз санаймыз. Бәлкім, бұл да өлең техникасының бір көрінісі. «Сырты алтын» деген тіркестегі жуан дауысты дыбыстардың, «іші күміс» дегендегі жіңішке дауыстылардың үндесуін жөн көрген көшірмеші, түпнұсқасындағы «іші алтын», «сырты күміс» түріндегі дауысты дыбыстардың үндестігі ақсап жатқанын байқап, «түзетіп» жіберді ме екен? Қалай да бізге 1995 жылғы жинақтағы «іші алтын», «сырты күмісті» қабылдау оңай. Осы «Насихат Қазақиядағы» соңғы екі жол. «Көз жұмып дүниеден өткеніңше, Адамның таусылмайды қаптамасы» деген сөйлем бөгде біреудің артық қоспасы сияқты болып тұр. Қазіргі жинақтарда осы өлеңнің тоғызыншы шумағының төртінші жолы «Былжырақ көрінеді солар даңдақ». Осындағы «даңдақ» деген не сөз? Құрастырушылар бұған назар аударып, бұрынғы басылымдарды тексеріп шыққан. 1909, 1922 (Қазан және Ташкент) жылдардағы жинақтарда – «солар даңдақ». 1933 жылғы жинақта «соларды аңдап», 1939, 1945, 1954 жылдардағы жинақтарда – «бәрі даңдақ». 1957-1977 жылғы жинақтарда – «соларды аңдап». Біздің тапқанымыз А.Байтұрсынов мәтінінде (1913 ж.) және 1961 жылғы жинақта – «соларды аңдап».
Академиялық жинаққа 1909, 1922 жылғы басылымдардағы «солар даңдақ» нұсқасы енгізілген. Тиісті түсінікте былай жазылған. Ақын бұл жерде: мал алу үшін, байларды мақтайтын ақындардың өлеңі «қазаққа қадірсіз», «былжырақ», мағынасыз, «даңдақ» көрінеді, – деп отыр.
Тағы бір нұсқа бар. Ол – 1909 жылғы жинақтың соңына берілген Абайдың өмірбаяны мәтінінің ішіндегі осы өлеңнің үзіндісі. Онда «былжырақ көрінеді солардан да-ақ» болып басылған. Біздің түсінігімізше, мұндай ақындардың сөзі піспеген, өлең дәрежесіне жетпеген деген мағынаны білдірсе керек. Шешімі табылған жоқ. Сөйтіп, беймәлім «даңдақ» сөзін жазып қойып және оның мағынасына түсінік бермеу, оқырманға да, Абайға да қиянат болмай ма?
Зарқын ТАЙШЫБАЙ,
профессор, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері.
Мақаланың басын газеттің 10 тамызда шыққан №88 (23 264) санынан оқи аласыздар.
Мақаланың толық нұсқасын газеттің 12 тамызда шыққан №89 (23 265) санынан оқи аласыздар.