Нарманбет ақынның тілі

Нарманбет ОРМАНБЕТҰЛЫНЫҢ мұралары жайлы тұңғыш рет зерделі ой айтып, кітаптық нұсқасын дайындап кеткен Тұрғанбек АХМЕТОВТІҢ талдауларына қысқаша тоқталып, автордың «Ақын тілі мен өлеңдерінің түрі» деген жазбасын оқырман қауымға ұсынуды жөн санадық.

Нарманбеттің таңдамалары деп аталатын алғашқы жинағының кітаптық нұсқасын ақынның ұлы Мақсұт пен біздің ортадан шыққан жерлесіміз, әдебиетші-ғалым Ахметов Тұрғанбек (1937 жылы Ленинград университетінің аспирантурасында оқып жүрген кезінде «Халық жауы» деп атылып кеткен) 1934 жылы даярлап бітіреді. Бірақ, еңбек жарыққа шықпаған. Қолжазба негізінде Қазақстан Ғылым орталығының сирек кездесетін қолжазбалар қорында сақтаулы.

Мен 1970 жылдан бастап ақын өлеңдерін жинаумен шұғылданып келемін. Тұрғанбектің 1934 жылғы қолжазбасында 135 өлең қамтылса, менің жинауыммен жаңадан 189 өлең қосылды. Сондай-ақ, Тұрғанбек жинағындағы өлеңдері ел ақсақалдарынан алынған деректермен толықтырылды.
1998 жылы «Болашақ-Баспасынан» алғашқы, одан соң 2004 жылы «Л.Гумилев атындағы ЕҰУ жанындағы «Отырар кітапханасының» ғылыми орталығының ұсынысымен ҚР Білім және Ғылым министрлігінің «Ғылым қоры» гранты мен Алматыдағы «Алаш» баспасынан екінші рет «Кер заман» атауымен жарық көрді. Әлі де болса ақын мұраларын толықтыру, оның мән-мағынасын таныту, талдау жасау мақсатымен кейінгі жылдары үш томнан тұратын академиялық жинақ дайындаған едім. Бірінші, екінші томы «Әдебиеттің әлеуметтік маңызды түрлерін басып шығару» бағдарламасы бойынша Мәдениет және ақпарат министрлігінің қаржысымен 2013 жылы «ҚазАқпарат» баспасынан басылып, оқырман қолына тиді.

Нарманбеттануға арналған үшінші томы қаржы тапшылығынан жарыққа шықпады. Ал, екінші томы Мақсұт пен Тұрғанбектің 1934 жылы дайындап кеткен кітаптық нұсқасы, қаз-қалпында дайындалды. Мұнда ақынның өмірбаяны, шығармашылық ерекшеліктері, отызыншы жылдардағы дүниетаным тұрғысынан жақсы талданған. Ақын өлеңдерінің тақырыптары, идеялық мазмұны, көркемдік ерекшеліктері тағы басқалар да жүйелілікпен сөз етіледі.

«Ақынның тілі мен өлеңдерінің түрі» деген тақырыпта біздерге беймәлім осы уақытқа дейін небір ғалым-әдебиетші, зерттеушілердің зерделеуіне ілікпеген жаңалықтар айтылады.

Олар:

Бірінші – Ақынның үздік шешендігі.

Екінші – Абай тілінен өзгешелігі – билер сөзін, мақал-мәтел, сол сияқты ескі сөздерді көп және жетік біліп, олардың мағыналы, екшелген тілін әбден ұғып, өлеңінде толық пайдалануы.

Үшінші – шығыстық араб, парсы, түркі сөздері кездескенімен қазақтың ескі, байырғы нәзік сөздерінің жиі ұшырасуы. Оған мысал ретінде «Ойнайды бала» өлеңін талдайды. Осы өлеңінде қазақтың табиғи мақалдарының басқаша өрнекпен түзіліп, қайталанбайтын жаңа ұйқас түрін табуы ерекше бағаланады.

Өлеңдерінде 15 шамалы түр-өрнек барын айтады. Кей өлеңдерінің қайырма тынысы (пауза), 20-26 жолға дейін бірақ баратынын «Кер заман», «Жойқын құлан жосиды», «Екі баласы Мейрамның», «Балуан әкем белгілі» деген өлеңдерімен дәлелдейді.

Қорытынды бөлімінде өзі тұстас Жуасбай, Ыбырай Алтынсарин, алдындағы Абай, Мұраттарға жетеғабыл шыққандығын тілге тиек етеді. Алғашқы өлең жазу кезеңдерін Абаймен қапталдастырады. Мұрат, Шортанбайлардан көп үйренгендігін, кей жайларда солардың ұстанымына ойысқанымен, бірыңғай үмітсіздікке берілмей, жұртты оқуға, өнерге шақырып, ұлттық ұранды көтеруі – аталған ақындардан негізгі айырмашылығы еді дейді.

Біздерге беймәлім Нарманбеттің табан астында суырып салып айтатын шапшаңдығына да деректер келтіреді. Талантының күштілігі, шығармаларының маңыздылығы, көркемдігі мен тілінің байлығы және өлең түрлерінің толықтығы, сан-салалығымен қазақ әдебиетінен ерекше орын алады. «Қазақтың Пушкині — Абай десек, Лермонтовы – Нарманбет деуіміз керек» деп зор баға берді…

Сөйте тұра, сол кездегі саясат ығымен қаралап, «Бұқарашылдық пікірі күшті болғанмен, бекшілдік, рушылдық, діншілдік пікірі басым. Сондықтан Нарманбетті бекшілдік, байшылдықтың соңғы дәуірінің ақыны деп бағалаймыз», – деп қорытынды ойын аяқтайды.

Зерттеушінің соңғы келтірген түйіндеулері сол заманның талап-тұрғысынан берілген баға, еріксіз айтылған қаралау болғанымен, бүгінгі күндері мән-мағынасынан айырылған, 180 градустық өзгеріске түскен нағыз ұлт жанашыры – көшбасшыларына қаратылып айтылатын зор баға деп түсінеміз. Ақынды мақтай отырып қаралау, қаралай отырып мақтау тәсілін қолдана білген Тұрғанбек Нарманбет мұраларының жойылып кетпей, жинақталып сақталуына, жүйелілікпен баяндалып, ұлылығын танытуда өлшеусіз еңбек сіңірген зерделі зерттеуші, тұңғыш нарманбеттанушы ғалым екендігін дәлелдеді.

Газеттің мүмкіндігіне орай қысқаша шолу баянымызды тежеп, Тұрғанбектің төл туындысына орын берелік.

АҚЫННЫҢ ТІЛІ МЕН ӨЛЕҢІНІҢ ТҮРІ

Нарманбет сияқты ақынның тілін тексеру өз алдына үлкен жұмыс. Бұл араға біздің көздегеніміз толық тексеру емес, тек тілінің жалпы түсінісін беріп өзгешелігін айта кету.

Нарманбет Абайдан кейінгі қазақтың бұрынғы ақындарының ішіндегі тілі бай, орамды, өткір ақынның бірі. Ақынның үздік шешендігі – оның өлеңдерінде де, тіліне де әсерін тигізбей қоймаған. Көп өлеңдері жүйрік тілмен шұбырып, желдіртіп әкетілетіндіктен, «аяғы оқта-текте жерге бір тиетін» термелеген желдірме болып шығады. Ақын кім туралы, не туралы айтайын десе де, — ашық, анық, перделеген көркем тілмен көңілдегісін шын, нық, тиянақты қып,суреттеп айтып шығады.

Нарманбет тілінің Абай тілінен де өзгешелігі – билер сөзін, мақал, мәтел сол сияқты ескі сөздерді көп және жетік біліп, олардың мағыналы, екшелеген тілін әбден ұғып, өлеңдерінде толық пайдаланған. Сондықтан, олардың тілдері екшеліп, еленген тәрізді, сарт-сұрт еткен ашық болып, өлеңдері құлаққа жағымды, көңілге қонымды, әбден шыныққан шығарма болады.

Нарманбет ақынның тілінде арабша, парсыша, түрікше сөздер көп кездесетін болса, екінші жағынан – қазақтың ескі өте нәзік сөздері де жиі ұшырайды. Ақынның барлық өлеңінің стилін, тілін толық көрсетуді былай қойып, мына бір өлеңін байқап көрсек, оның өзі жоғарыдағы айтқанды айқын сипаттағандай болады.

Ойнайды бала,

Ойнақтар тайлақ.

Жүре ме? Жүрмес,

Шошқаны айдап.

Құланда жауыр,

Құлда бауыр.

Бола ма? Болмас,

Манзұр айлап.

Қарға орнына –

Қаз жүре ме?

Қас дұшпанға –

Наз жүре ме?

Көпке бахара

Бере ме?

Бере алмас.

Көкек сайрап.

Гаухар тастар-

Кір бола ма?

Су моншақтар –

Дүр бола ма?

Ғазиз бастар –

Қор бола ма?

Әзелде абзал туса

Тәңірім сайлап.

Бұл өлеңдегі ақынның мысалы «Шошқа жүрмейді, құлда бауыр болмайды, қарға орнына қаз жүрмейді, ғазиз бастар қор болмайды…» деген пернелі шикі ескішілдік пікірлеріне, әрине, онымен тиісті сынын, бағасын беру керек. Бұл өлеңде ақын пікірлерін соншалық шоғырлап, түйдектеп күшті айтқандықтан, әрбір сөздерінің өзінен мағына қозғап жатады, мысалы: «Шошқа жөнге жүрмейді айдағанмен», «Құланда жауыр, құлда бауыр болмас», «Қарға орнына қаз жүрмес», «Қар үстінде жаз жүрмес, қас дұшпанға наз жүрмес», «Көкек өз атын өзі шақырады», «Гауһар тас – кір болмас, су моншақ дүр болмайды»…деген толып жатқан мақал-мәтелдерді кірістіріп, аз сөзбен көп мағына берген. Тілінің байлығы, күштілігі осындайлық.

Ал, енді Нарменбет ақынның өлеңдерінің түрлерін тексерсек, ол бұл жөнінде ешкімнен кем соқпайды. Үстіртін, кем есептелгеннің өзінде ақынның өлеңдерінде 15 шамалы түр бар сияқты. Ақынның өлеңі ескі қара өлеңнің ізімен төрт жолды, он бір буынды (шінара 12 буынды) болып жазылған. Онан соңғы көп кездесетіні екі, үш, төрт, бес, алты…аяқты (жолды) өлеңнің түрлері. Бұл түрлі өлеңдердің көбісі 4-5 буынды, немесе 7-8 буынды болып келеді.

Нарманбет ақын, негізінде, ықыласын өлеңнің мазмұн жағына салып, түр жағына артық көңіл бөлмеген. Себебі, көбінесе, саясатпен шұғылданып, жұртшылықтың көксеген, сусаған негізігі мәселелері жөнінде ғана жазып, ақындық өнеріне, техникасына көңіл жібермеген. Сондықтан, көп өлеңдері ылғи бір түрмен жазылмай әр түрлі болып кетеді.Ақынның өлеңінің түр жағынан үлкен кемшілігі осы. Ақындығының ерекше күштілігі оның шешендігі мен суырып салма ақындығы ұштасып, өзінің қызған кезіндегі жазған өлеңдерінде айқын көрінеді. Ақын осы ретте жазған өлеңдерін жосытып, желдіртіп, «дем алмай», сөйлеп әкететіндіктен, кей өлеңдерінің қайырма тынысы (пауза) 20-26 жолға дейін бірақ апарады. Міне, бұл ақынның айрықша күштілігін көрсетеді. Жоғарыда мысалға келтірілген «Оинайды бала» деген өлеңінде 26-жолдан кейін тынатын өлеңдер көп кездеседі. Осы айтылғанды дәлелдеу үшін, 20-жолдан кейін бірақ тынған, 13-17 жолдан кейін тынатын, тағы мына өлеңін мысалға келтірейік:

Ағайын ала,

Қолда шала.

Шаладан өрт боп,

Тұтап жана,

Ұрлық-зорлық,

Аққа жала:

Өтірік арыз

Бермек парыз.

Бармақ қала,

Күнде кеңес,

Ылғи егес –

Шап та тала.

Қаны қашып,

Малың шашып,

Іздегені

Креш тана.

Осы сынды

Кісі кімге

Болмақ пана.

«Жойқын құлан жосиды», «Екі баласы Мейрамның», «Балуан әкем белгілі» деген өлеңдері де 20 жолдан кейін тындырылады. «Ілкімді құс, икемді ат», «Партия туралы» деген өлеңдері мен «Жоқтаудағы» — қайырма тыныс 13, 17 жолдан кейін болып та отырады. Енді өлеңдерінің басқа үш-төрт түрін көрейік.

Қазақ ұлы біз тұрмыз,

Үлгі-өнерден тым құрмыз.

Сауынға бар, санда жоқ,

Надандықты емдеткен,

Қисық жолды жөндеткен

Тым болмаса қам да жоқ…

Бұл өлең аяғына дейін осы түрмен жазылған. Онан соң:

Ала болса ағайын,

Мінезді болмас тағайын.

Туысқан болса ақылсыз,

Кіре ме қайрат жақынсыз.

Жау болғанда маңайың,

Қатының болса қабаған,

Не болады сабаған?

Келінің тұрса кердеңдеп,

Балаң тұрса ербеңдеп,

Нешік ылаж қылайын…

Бұл өлең де аяғына дейін осылай болып келеді.

Күн күркіреп жаз шығып,

Тыраңдап халқым өрген күн…

Құлдықтан басы құтылып,

Қатарға жұрттың енген күн…

«Тілекті Хақ берген күн» деген өлеңі осы ретті болып жазылады.

«Сарыарқа сарқыраған суың қайда? Түнде шық, күндіз мұнар буың қайда? Шажағай шарт-шұрт етіп, нөсер құйған, Көк жасыл кемпірқосақ туың қайда?..» деген өлеңі ылғи осы түрмен жазылған. Міне, ақынның осы біраз өлеңдерінің өзінен-ақ, «неше аяғы тең жорға» екенін, айтпай-ақ көруге болады. Осы деректердің өзінен-ақ, өлеңдерінің тілі мен түрі жағымен, Нарманбет ақын қазақ әдебиетінде қандайлық орын алатыны көрінгендей болады. Бұл жөнінде Нарманбет ақын, бізше, Абайдан кейінгі орынды алып, 20-25 жолдан кейін, бір-ақ тындырып қайтаратын желдірме өлеңдерімен Нарманбет ақын тіпті үздік болып шығады.

Деректерді әзірлеген Аманкелді ТУҒАНБАЙ,

нарманбеттанушы.