Руханият

«Нар тәуекел!» (үзінді)

Өзбекәлі Жәнібеков… Қазақтың маңдайына біткен санаулы тау тұлғалардың бірі. Кеңестік дәуірде тұмшаланған саналы салтымыз бен дәріпті дәстүрімізді тірілтіп, өшкенімізді жандырған, жоғалғанымызды бар қылған қоғам қайраткері. 1988 жылы Қазақстан алғаш рет Наурыз мерекесін ресми атап өтті. Түрлі естеліктерге қарағанда, бұрын тыйым салынған мерекені қалпына келтіру жөніндегі қоғамдық бастамаларды алғаш рет Қазақстан компартиясы орталық комитетінің сол уақтағы хатшысы Өзбекәлі Жәнібеков қолдаған. Пайымын пәс көрмей, халқымыздың хақын қорғаған арысымыздың кезекті шығармасының үзіндісін назарыңызға көлденең тартқанды құп көрдік…

РЕДАКЦИЯДАН.

Коллажды жасаған А.Рахымжан

…Тұрмыс салтының аса қарапайымдылығынан қазақ өзіне тән ұтқыр ойды, білуге деген құштарлықты табиғаттан алған. Кезінде компас дегеннің не екенін білмеген, сағатпен пайдаланып көрмеген халық ай мен күнге, әлем шырақтарының жылжысына қарай айналасын бағдарлап, тәуліктің нақтылы мезгілін анықтай білген. Ол осыдан кем дегенде үш мың жыл бұрын құрастырылған, он екі жылдық мүшелге негізделген Шығыс календарымен пайдаланып, аптаның әр күніне, әр айға өз атауын беріп, жыл мезгіліне, даланың табиғи-климаттық құбылыс­тарына болжам жасай білген.

Қазақ егістікке дән себуді күн мен түннің көктемгі теңесер тұсында – наурыздың 21-нен 22-не қарағанда, ежелден келе жатқан есеп бойынша киіз үйдің шаңырағынан оның ортасына күн түскенде, найзағай күркіреп, ағаш бүршік атып, көктің қаулап көтерілетін шағында бастаған. Салтанатты сәтті қарсы алар түні жұрт «ақ пен астық, жауын-шашын мол болсын» деген тілекпен үйдегі барлық ыдыс-­аяқты сүтке, айранға, шұбатқа, дәнге, бұлақ суына толтырып қоятын болған. Наурыз күні адамдардың бәрі көңілді күйде біріне-бірі «төс тақастырып» игі тілектерін білдіретін, пәле-жаладан аулақ болуды тілесетін.

Наурызда бүкіл ел болып, таң шапағатын қарсы алатын. Таң сәріден ерлер жағы арықты, тес­кенді, бұлақ көздерін аршитын, қарттар «Артыңда мал қалғанша тал қалсын!», «Бір ағаш кессең, онын ек!» деген леппен ағаш отыр­ғызатын.

Түске қарай ауыл маңындағы алдын ала белгіленген жерде «Бел көтерер» үшін өгіз сойылатын. Өйткені өгіз ең төзімді әрі күшті мал деп есептелген. Өгіз етінен пісірілген «Бел көтерер» наурыз көжемен бірге берілсе, адамға ерекше күш-қуат әкеледі делінген.

Бұдан соң «Айқыш-ұйқыш» басталатын. Жастар, егде тартқандар, қарттар белгілі бір қашықтықта жынысына қарай топ-топ болып жайғасатын. Бастаушының әзіл-қалжыңымен, сықақ өлеңмен шақыруынан соң біріне-бірі қарама-қарсы жүгіріп, ортаға шыққан еркек пен әйел немесе қыз бен жігіт, тіптен, кемпір мен шал төс тақастырады да, әйел еркектер жағына, еркек әйелдер тобына қосылатын.

Ойын жиналғандардың бәрі бір-бірімен «төс тақастырып» болғанша жүргізіле беретін болған. Ал, «Аударыспақ» кезінде ат үстіндегі екі жігіт бірін-бірі аударып түсіруге тиіс болған. Егер оның біреуі қарсыласын атына теріс отырғызып үлгерсе, жеңілген жігіт жұрттың күлкі-қалжыңына көміліп, өз тобына қайтып оралатын.

Наурыз мейрамы әдетте ақындар айтысынсыз, спорт бәсекесінсіз, алтыбақансыз өтпеген. Ақындар қақтығысында олардың әрқайсысы жақсы мен жаманның, инабаттылық пен зұлымдықтың, имандылық пен әзәзілдіктің, жаңа жыл мен өткен жылдың кейпіне кіре айтысатын. Қыз-жігітті күреске шақырып, оның алдына «Егер жеңсем, жүрегімнің әміріне бағынасың, ал егер жеңілсем, сенің айтқаныңнан шықпаймын», – деп шарт қоятын сәттер де болатын. Наурыздың кейде үйлену тойына айналып кете беретіні де міне, осыдан. «Қызықшылықтың соңы тойға ұлассын!» – деген игі тілек те осылай туған. Айтыс, қазақша күрес, тағы басқа қызықшылық ымырт жабыла аяқталатын да, «Алтыбақан» маңындағы тамашаға кезек тиетін. Өйткені бұл өткен жыл кетіп, жаңа жыл кіретін сәт деп есептелген.

Совет өкіметі тұсында жаңа дәстүрлердің жанкүйерсымақтары болған кейбір басшы-белсенділердің іс-қарекетінен осы­нау тамаша халықтық мейрам ұмытылып кете жаздаған. Кейбіреу­лер Наурыз мейрамын дінмен байланыстырып, оған тікелей қарсы күрес жүргізіп, тиісті орындар арқылы тыйым салғыз­ған. Тіптен, наурыз кезінде мешітте оған арнап намаз оқылмайтыны да олардың қаперіне кірмеген.

Наурыз дәстүрінің өзі қазақ даласына мұсылман дінінен жүздеген жылдар бұрын орныққан дәстүр екені де ескерілмеген.

Міне, осы жайларды ескере отырып, көпшіліктің қалауымен 1926 жылдан бергі ұзақ үзіліс­тен кейін 1988 жылы Алматы облысы мен Алматы қаласында Наурыз мейрамы өткізілді. Жамбыл ауданындағы мереке ақпан айына ілесе келетін Наурызды қарсы алу көрінісінен басталды. Наурыз­ды қошеметтеушілер қатарында қазақ дастандары мен халық ертегілерінің кейіпкерлері Алдар көсе, Жиренше мен Қарашаш, Мыстан кемпір, Қара дәу, Қаңбақ шал мен Тазша бала жүрді. Осылардың қатысуымен өткен қызықты ойындардан кейін аудан жерін мекендейтін 36 ұлттың өкілдері өздерінің ән салып, би билеу­дегі, қолөнеріндегі, ұлттық тағам әзірлеудегі шеберліктерін ортаға салды. Спорт сайыстарына, әсіресе ат жарысына деген жұртшылық ықыласында шек болған жоқ. «Наурыз» қалашығында көпшілік қолды бұйымдар саудасы ұйымдас­тырылып, оның орталық алаңында еңбек озаттарына, көпбалалы әулеттерге, көп жасаған көнекөз қарттарға сый-құрмет көрсетілді.

Сөйтіп, Наурыз мейрамы шын мәнінде Көктемнің, Еңбек пен Жаңарудың мерекесіне айналып, дәл осы сәтте өзге бір түске еніп, көктемгі күннің шуағымен нұрланған даланың көркімен астасып кеткендей болды. Мұндай мереке жыл сайын көктемгі егіс жұмыс­тары басталмас бұрын арнайы өткізіліп тұратын болып ұйғарылды. Наурыз мейрамына дайындық кезінде әр адам өз қора-қопсысын реттеп, үйін ақтаса, ауласына гүл егіп, ағаш отырғыз­са, көшелерді, ауыл-селоларды, қалаларды көріктендіруге атсалысса, қандай жарасымды десеңізші…

Өзбекәлі ЖӘНІБЕКОВ.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button