Руханият

Ән салып, әуен төккен…

      Қасым, Мәдилерді туған Қарқаралы, оның ішінде Аққора – ән қонған ауыл. Домбыра ұстап, ән айтпайтыны аз деуші еді. Рас екен. Және қалай салады әнді?! Жұртының жартысы ән салғанда, қаламға сүйенгені – менің Мағаш (Мағауия Сембай) ағайым ғана сияқты сезілді осы жолы. Осы жолы дегенім – аталған ауылдан түлеген өнерпаздардың бірі емес, бірегейі, әнші-композитор Рымтай БӨДЕСОВКЕ арналған «Есіңде ме?..» атты еске алу кеші мен республикалық әншілер байқауы.

Қарқаралының мәдениет үйіне өнердегі ығай мен сығайдың бәрі жиналған екен біз барғанда.  Астана, Қарағандыны қоспағанда, бір шеті – Алатаудан, бір шеті – Алтай-Тарбағатайдан ән ұстап, әуен баптап жүрген небір әншілер Рымтай Бөдесовтің еске алу кешіне ат арытып келіпті. «Әнші-композитор Рымтайдың алпыс жылдығы ғой биыл» десе, кейбір білместер «ол кісі ел арасында аса танымал емес қой» депті. Масқара емес пе?! Өмірден жас кетті демесең, 90 жылдардағы талғампаз тыңдармандарға бұл әншінің аты таныс болса керек. Жүсіпбектер (Елебеков) салған жолды жалғастырып, Жәнібек Кәрменов пен Қайрат Байбосыновты үлгі тұтып, Рәбиға Есімжанова, Роза Бағлановалардың көзіне түскен, тіпті, кезінде ән өнерінің алыбы Ілия Жақанов арнайы мақала жазып, шығармашылығына жоғары баға берген Рымтай әнші һәм тамаша сазгер! Республикалық қана емес, Халықаралық байқаулардың лауреаты атанған оның орындауындағы 20-ға тарта ән Қазақ радиосының «Алтын қорында». Өз әндері қандай керемет! Мағжан Жұмабаевтың сөзіне жазылған «Жұлдызды жүзік…», «Сағындым» әндері, Қасым Аманжоловтың «Сарыарқа», Кәкімбек Салықовтың «Сағынбасам», «Сүндет той», Ғалым Жайлыбайдың «Алқатерек аруы», «Ақ қайың», Несіпбек Айтұлының «Есіңде ме?», «Қайдасың, қырандарым?» өлеңдеріне жазылған әндерінің қай-қайсы болмасын композитор есімін келешекке апарары сөзсіз. Р.Бөдесовтің өз әнімен айдарланған «Есіңде ме?..» еске алу кешіне арнайы келген қазақтың маңдайалды әншілерінің бірегейі Еркін Шүкімән: «Абайдан кейінгі құбылыс – Мағжан романтизміне кіріп, оны өз жанынан әуенмен селбестіру деген – үлкен сазгерлікпен қатар, сұңғыла сана-сезімді қажет етсе керек. Бұл кісі ән әлемінде сондай кеңістікті аша алған өнер иесі. Сондай-ақ, әнші ретінде де қазақтың сирек орындалатын биік әндерінің қуыс-қуысына түсіп, бұрылыстарын тамаша жеткізе білген күміскөмейдің өзі. Жалпы Рымтай Бөдесов шығармашылығы – зерттеп, ғылыми еңбек жазуға тұратын жан-жақты дүниелер», – деп, автордың бір әнін шырқап берді.

Түске дейін әншілер байқауында жан-жақтан келген жас өнерпаздар Рымтай Бөдесовтің авторлық әндері мен оның орындауындағы шығармаларды шырқады. Әншінің құрметіне ас беріліп, құран бағышталды. Түс ауа белгілі өнертанушы, әнші Ерлан Төлеутай, әншілер – Жоламан Құжыманов, Ерлан Құжиманов, Қанат Хордин һәм байқау жүлдегерлерінің қатысуымен «Есіңде ме?» атты еске алу кеші өтті. Мұнда Рымтай шығармашылығымен бірге Амантай Бөдесовтің «Сері аға» және «Балалық шақ» әндері шырқалды. Р.Бөдесовтің шығармалары жарыққа шыққанымен, ел ішіне енді-енді таралып келеді. Әйтпесе, әндері тамаша-ақ! Бақиға ерте озған үнпаздың жұлдызы жанатын шақ әлі алда деген ойға қалдық.

Ұзақ күнге созылған еске алу кеші мен әншілер байқауын ұйымдастырушылар қатарында әнші-композитор Рымтайдың жары, Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының иегері Бағдат Мүптекеқызы, Қазақ радиосының қызметкері, жыршы Қошан Мұстафаұлы, Қазақтелерадиосының ардагер дикторы Әбдірәлі Бөлебай, әнші Жоламан Құжыманов, Қарқаралы ауданының әкімі Халел Мақсұтов, «Тасбұлақ» демалыс кешенінің басшысы Жақанбай Тасеменов пен Рымтай әкеміздің ұрпағы, әнші Саян Бөдесов бар. Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, Бейімбет  Майлин қорының директоры Жұмабек Табын жүр осында. Шараның жанашыры әрі демеушісі. Сондай-ақ, Жаңқаш Оралұлы, Тұяқ Ысқақов, Тұяқан Шахмерденов, Ерлан Бөдесов, Жандос Тілеубергенұлы, Жақанбай Тасеменов демеушілік етіпті.

Әншілер байқауына Астана, Алматы, Семей, Өскемен, Қарқаралы, Ақтоғайдан қатысқан 15-ке жуық өнерпазға ҚР еңбек сіңірген әртісі, әнші Ғалым Мұхамедин, Жоламан Құжыманов, Әбдірәлі Бөлебай, журналист Сағат Батырханова, Рымтай әкеміздің ағасы Бекеш пен Қарқаралы мәдениет үйінің әншісі Ардақ Мұсатаев қазылық қылды. Байқаудың бас жүлдесі алматылық Жасұлан Сақаевқа, І орын Алуа Қалымбековаға, ІІ орын астаналық Асхат Нұрәліге, ІІІ орын жезқазғандық Батыржан Сақановқа бұйырды. Бұған қоса, өскемендік Азат Дулатұлы, семейлік Біржан Айтахметов, Данияр Рақымбайға арнайы жүлделер мен Алғыс хаттар табысталды. Еске алу кешін қазылар төрағасы Ғалым Мұхамедин Үкілі Ыбырай мен Жаяу Мұсаның әндерімен жапты.

Жәнібек ӘЛИМАН.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button