Жаңалықтар

Нұрада эпизоотиялық ахуал тұрақты

    Нұра ауданындағы ірі қараны шығынға ұшыратқан пастереллез екені нақтыланды. Ауданның үш елді мекеніндегі ахуал бақылауда. Эпизоотиялық жағдай тұрақты. Бүгінгі таңда індет жұқтырған 319 мал анықталып, 96 бас шығынға ұшырады. Қалған ауру мал арнаулы ем-домнан соң айығып келеді. Мыңбаев, Заречное ауылында малдардың індеттен арылуы байқалады. Нақтылағанда, 319 ірі қараның бүгінде 87-сі жазылған. Бұған уақытылы, дұрыс дәрі-дәрмек қолдану ықпал еткен. Бұл туралы БАҚ өкілдерімен өткен баспасөз мәслихатында Қарағанды облыстық аумақтық инспекцияның басшысы Марат МҰХТАРОВ мәлімдеді.

Қазіргі таңда Нұра ауданының үш ауылында – К.Мыңбаев, Заречное және Тассуатта ветеринарлық қызмет мамандарының жасақтары жұмыс істеуде. Малға аурудың белгілеріне сай шаралар жүргізуде. Аурудан айыққан малдың тез көтерілуі үшін көк шөптен жем-шөп дайындалуда. Індеттің өршімеуіне арнайы қызмет өкілдерімен қатар шаруашылық субъектілері де жұмылдырылған. Марат Мұхтаров індеттің ошағы анықталуда дейді. Облыстың бас инспекторының айтуынша, індетті ауылға көктемгі су тасқыны алып келуі мүмкін.

Марат МҰХТАРОВ, Қарағанды облысының аумақтық инспекциясының басшысы:

Ауданның үш елді мекеніндегі ахуал бақылауда. Эпизоотиялық жағдай тұрақты. Бүгінгі таңда індет жұқтырған 319 мал анықталып, 96 бас шығынға ұшырады. Індеттің қалай келгені анықталуда. Әзірге белгісіз. Көктемгі су тасқыны әсер етуі де мүмкін. Пастереллез диагнозы 8 маусымда қойылды.

Аудан әкімі Ниқанбай Омарханов диагноз белгілі болған соң аталған елді мекендер шектеуге алынғанын жеткізді. Ауыл шаруашылығы министрлігінің бекіткен тәртіп-ережелеріне сәйкес, пастереллез анықталғанда, елді мекенге карантин емес, шектеу қойылатын көрінеді. Сөйтіп, ауылдардың кіреберіс, шығаберісіне қойылған дезинфекциялық бөгеттер індет ошағынан адамның, көліктің, жан-жануардың шығуына, кіруіне жол бермейді. Тіпті, аудан әкімінің де ауылға кіруге құқысы жоқ. Өйткені, әркім инфекцияның тарауына ықпал етуі мүмкін.

Ниқанбай ОМАРХАНОВ, Нұра ауданының әкімі:

Ауылдағы індетпен күреске барлық ветеринарлық қызметкерлер жұмылдырылды. Мамандардың жұмысына жағдай жасалды. Жылдам әрекет етудің нәтижесінде індеттің өршуіне жол бермедік. Ем шаралары жалғасуда. Ауылдағы жағдайды сағат сайын мамандар мәлімдеп отыр.

Облыстық ветеринария басқармасының басшысы 71588Бауыржан Асанов індеттің үш ауылға таралуына елді мекендердің бір-біріне жақын орналасуы себеп болғандығын айтады. Басқарма басшысы да қазіргі уақытта эпизоотиялық ахуалдың тұрақталғанын мәлімдеді. Сонымен қатар, ауру малдың еті, өнімі сауда нүктелеріне мүлдем шығарылмайтынын қадап айтты.

Ал, малдың өлекселері әр ауылдағы өлексе көметін орынға арнайы апарылып, өртеліп, көмілген. Пастереллез былтыр Қарқаралы, Ақтоғайда шыққан. Ауыл шаруашылығы жануарларының пастереллез ауруының алдын алу және жою бойынша шараларды жүзеге асырудың ветеринариялық ережесіне жүгінсек, мал ауруы шыққан ошақтардан шектеу Қазақстан Республикасының “Ветеринария туралы” Заңының 27-бабының 3-тармағына сәйкес алынады. Ереже бойынша шектеуді алғаннан кейін 1 жыл бойы пастереллезге қарсы егу жұмыстары жүргізіледі екен. Сонымен қатар, бұл ережеде шаруашылыққа жаңадан келген малдар 30 күндік оқшаулап ұстау мерзімінде пастереллезге қарсы егілетіні айтылған.

Қызғалдақ Айтжанова.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button