Нұра жұртшылығымен жүздесті
Аймақтың астықты әрі ауыл шаруашылығы жақсы дамыған Нұра ауданында елдің әл-ауқатын арттыруға арналған бірқатар тың бастама жүзеге асырылуда. Облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев Нұра ауданына арнайы жұмыс сапарымен барып, атқарылып жатқан жұмыстармен танысты. Кейін аймақ басшысы һәм басқарма басшылары Нұра аудандық мәдениет үйінің үлкен залында аудан тұрғындарымен жаңа форматта кездесу өткізді. Елдің ұсыныс-тілегіне құлақ түріп, сұрақтарына жауап берді.

Сүт-тауарлы ферма салынады
Нұра ауданының Көбетей ауылында қуаттылығы жылына 10 мың тонна сүт өндіретін сүт-тауар фермасы ашылмақ. Кешен мың бас сауын сиырға арналған. Жаңа кәсіпорын ауыл тұрғындарын қосымша жұмыс орындарымен қамтамасыз етіп, жергілікті өнім өндірісін ұлғайтады деп күтілуде.
АӨК-дегі инвестициялық жобамен облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев та танысты.
Мал шаруашылығын дамытумен «Черниговский и К» ЖШС айналысады. Оның негізгі қызметі – дәнді дақылдарды өсіру.
Бүгінде ферма құрылысы басталған. Қазір ауқымды жұмыстар жүргізілуде, құрылыс материалдары жеткізіліп жатыр.
– Қажетті жабдықты жеткізуді келесі жылдың басына жоспарлап отырмыз. Мұнда бес фермадан тұратын кешен, сондай-ақ, жемшөп өндіруге арналған сүрлем алаңы болады. 2024 жылдың күзінде жұмыстар аяқталып, нысан іске қосылуы тиіс, – деп атап өтті басқарушы менеджер Арман Нұржанов.
Бұдан бөлек, облыс әкімі астық тазартқышты көріп, жерді суару туралы жобаны тыңдады.
Ермағанбет Бөлекпаев Байтуған ауылына келіп, халық жағдайын жақсарту үшін қандай жұмыстар жасалып жатқанына да жіті мән берді.
Ауылда жаңа фельдшерлік-акушерлік пункт ашылған. Ескі ғимарат осы қызмет үшін бейімделіпті. Бұған дейін жөндеу көрмеген ғимараттың бүгінде өңі кірген. Қазір барлығы жайлы, бөлме жылы.
Жақында жиһаздар мен жабдықтар жаңартылып, медицина мамандары да келетін көрінеді.
Сонымен қатар, мұнда «Ауыл – ел бесігі» жобасы бойынша жолдар ретке келтіріліп, асфальт төсеу жұмыстары жалғасады. Әзірге жөндеу жұмыстарымен жеті көше қамтылған.
Аймақ басшысы жергілікті мәдениет үйінің модульдік қазандығын да аралап көрді.
Сондай-ақ, облыс әкімі назарына салынып жатқан саябақ та ұсынылды. Жергілікті фермер жерлестері үшін демалыс орнын құруды қолға алған. Ойын және спорт алаңдары жасалып, саябақ аумағы абаттандырылады.
– Бұл – менің туған ауылым, осында туып-өскенмін. Астанада жоғары білім алып, ауылыма оралдым. Қазір егіншілікпен айналысамын, дәнді дақылдар өсіремін. Елдің бос уақытын өткізетін орын болмағандықтан, «жастар ауылдан кетпесін» деп саябақ салуға шешім қабылдадым, – дейді «Байтуған» шаруа қожалығы басшысы Мақсат Нұритдинов.
Жұртты алаңдатқан қандай мәселе бар?
Аймақ басшысы Ермағанбет Бөлекпаев пен басқарма басшыларының халықпен кездесуіне нұралықтар көп жиылды. Келушілер залында кезек ұйымдастыруға арналған электронды тақта орнатылды.
Жаңа форматта өткен кездесуде 50-ге жуық азаматтың сұрағына жауап берілді.
Тұрғындардың өтінішінің көпшілігі агроөнеркәсіпке қатысты болғанын айта кету керек.
Ауыл тұрғындары үкімет тарапынан ұсынылатын субсидияларды, жеңілдікті, несиелерді қалай алуға болатынын нақтылап сұрап алды. Сондай-ақ, жайылымдық жерлердің жоқтығына шағымданды. Ал, аймақ басшысы Ермағанбет Қабдулаұлы жұртшылыққа бұл бағыттағы атқарылып жатқан жұмыстарды рет-ретімен түсіндіріп берді. Сонымен қатар, жайылымға жер беру мәселесін жауапты тұлғаларға шешуді мұқият тапсырды.
Зейнеткер Таңжарық Ақыжанов – туған ауылы үшін жаны ашитын азаматтың бірі. Мұнда оның жастық шағы өткен. Қазір балалары мен немерелері тұрады. Ол кездесуде аудан орталығында жайлы мектептер салу қажеттілігін айтып, өз ойын ортаға салды.
– Өз сұрағыма жауап алдым. Келесі жылы 600 орындық жайлы мектеп салынады екен. Бұл – қуанышты жаңалық. Тағы бір айта кетерлігі, маған осындай кездесу форматы ұнайды. Бұрын үлкен залда өте шулы еді. Адамдар бір-бірін тыңдамайтын. Мұнда әкіммен және басқарма басшыларымен жеке сөйлесуге мүмкіндік бар. Сұрақтар бойынша басқа мамандарға сілтеп жібермей, сол жерде шешіледі, – деді Таңжарық Ақыжанов.
Ал, Шахарбану Жарқынбекова Нұрадағы екі қабатты үйлердің бірінде тұрады. Ол үйін пеш жағып, жылытуға мәжбүр болып отырғанын айтады. Кездесуде ол оншақты отбасының ортақ мәселесін көтерді. Шахарбану 17 көппәтерлі тұрғын үйге арналған модульдік қазандық салу мерзімі жөнінде нақтылап сұрады.
– Бірінші топтағы мүгедектігім бар. Пәтерді 2006 жылы алдым. Содан бері қыста пеш жағып, өмір үшін күресіп келемін. Көмір сатып алып қана қоймай, оны сарайға кіргізу, екінші қабатқа шелектермен тасу деген қыстың көзі қырауда қиынның қиыны. Бұл – бәрімізге ортақ проблема. Үнемі күл-түтіннен көз ашпаймыз. Әбден шаршадық. Сондықтан, кездесуге арнайы келдім. Облыс әкімі келесі жылы біз үшін модульдік қазандықты жобалауды бастауға уәдесін берді. Өте қуаныштымыз, – деп ағынан жарылды Шахарбану Жарқынбекова.
Тұрғындар белсенділік танытқан кездесу шамамен екі сағатқа созылды. Осы уақыт ішінде аудан тұрғындары ТКШ, медицина және білім туралы бірқатар сұрақтарын қойып, тұшымды жауап алды.
Ермағанбет Бөлекпаев барлық мәселе мен ұсыныс мұқият тыңдалғанын айтып, олардың шешімінің жіті бақылауда болатынын мәлімдеді.
Жәлел ШАЛҚАР,
«Ortalyq Qazaqstan»
Суреттерді түсірген Жангелді Әбдіғалым