Бас тақырыпРуханият

“Мың бала” жобасы: игілік бастауы

«Мың бала» жобасы еліміздегі әртүрлі ұлт өкілдерінің балаларына қазақ тілін үйретіп, халқымыздың әдет-ғұрпы мен салт-дәстүріне деген қызығушылығын оятуды басты меже ретінде ұстанады. Сонымен қатар, еліміздің тарихымен таныстырып, болашақта туып-өскен Отанын құрметтеуге баулуды мақсат тұтады. Жақында Қарағандыдағы «Достық» үйінде осы мақсатта өткен шараның жеңімпаздары анықталып, сый-сияпаттар тапсырылды.

«Бұл жоба татулық пен бірліктің, ынтымақтың алтын бастауы. Өйткені, Қазақстан – сан түрлі ұлт пен ұлыстың басы қосылған көп ұлтты ел. Елімізде әртүрлі ұлт өкілдері бейбіт өмір сүріп, өзінің ұлттық тілін, дәстүрін, мәдениетін сақтауына барынша жағдай жасалған. Жүйелі жүргізіліп жатқан саясат кімге болсын, өте тиімді. Елбасымыздың сындарлы саясатының арқа­сында атқарылып жатқан істер қаншама?! Тұңғыш Президенттің бастамасымен құрылған Қазақстан халқы Ассамблеясы осындай игі істерді ұйымдастырып, тұтастық пен тұрақтылықтың ұйытқысы болып келеді» деді шараның ашылу салтанатында сөз алған облыстық Қоғамдық келісім кеңесінің төрағасы Бекзат Алтынбеков.

Байқауға қатысушылар қатарында оқытушылар, студенттер мен оқушылар, этномәдени бірлестіктердің өкілдері бар. төрт аталым бойынша, қазылар алқасының шешімімен төмендегілер жеңімпаз ретінде анықталды.

«Тіл мектебі» номинациясы бойынша Ж.Жабаев атындағы мамандандырылған мектеп-интернатының қазақ тілі және әдебиеті пәнінің мұғалімі Шәрипа Қапашева, «Асыл сөз» номинациясы бойынша Шахтер кенті К.Шайменов атындағы мектептің 9-сынып оқушысы Виолетта Головастая жеңімпаз атанды. Ал, «Сенде бір кірпіш дүниеге…» аталымын Шахтинск қаласы, Ә. Бөкейханов атындағы мектеп-лицейінің 9-сынып оқушысы Жанна Сеченева жеңіп алды. «Өзім туралы» номинациясы №93 гимназиясының 8-сынып оқушысы Карина Пантузенкоға бұйырды.

Жеңімпаздар қазақ тілінде өлең оқып, өз алғыстары мен лебіздерін білдірді. «Қазақта «сегіз қырлы, бір сырлы» деген сөз бар. Мен өзімді сондай азаматтарың қатарына қосамын. Қазақ тілін жетік меңгергенмін, кішкентай кезімнен спортпен шұғылданамын. «Мың бала» жобасын ұйымдастырушыларға алғысым шексіз» – деді жобаға қатысушы Карина Понтузенко.

Жоба қатысушылары қазақ тіліндегі фильмдер мен мультфильмдерді тамашалайтынын айтады. Шығармашылық жобаларды қорғап, театрландырылған қойылымдар қояды, байқаулар мен жарыстарда жиі бақтарын сынайды.

Қасымхан ҒАЛЫМ

Басқа материалдар

Back to top button