Өмірлік мәселенің өңірлік шешімдері
Облыс әкімдігінде өткен кезекті аппараттық жиында аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуының бірқатар мән берерлік мәселелері таразыланды. Аймақ басшысы Ермағанбет Бөлекпаев басқару жүйесіндегі кадрлық өзгерістер мен өңірде іске асырылып жатқан жобалар туралы баян етті. Күн тәртібіндегі басты тақырыптар қатарында «Таза Қазақстан» экологиялық акциясының нәтижелері, тұрғын үй мәселелерін шешу жолдары және қысқы кезеңде коммуналдық қызметтердің жұмысын ұйымдастыру жайттары мұқият қарастырылды. Келелі басқосуда аймақ тұрғындары үшін өзекті түйткілдерді шешуге бағытталған нақты шешімдер қабылданды.
Жаңа басшы – жаңа мақсат
Сонымен, Қарағанды облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы болып Төлеу Мұхтар тағайындалды. Бұған дейін ол осы басқармада басшының орынбасары болып жұмыс істеген.
Төлеу Мұхтар – Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының түлегі. Мемлекеттік қызметте сегіз жылдан астам еңбек етіп келеді. Бұған дейін облыстық Жастар саясаты мәселелері басқармасында бас маман болып қызмет атқарған. Облыстық дін істері басқармасының Конфессияаралық қатынастар проблемаларын талдау және зерттеу орталығын басқарды. 2018 жылдан бастап, облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасында жұмыс істеп келеді. 2019 жылдан бастап, басшының орынбасары қызметін атқарды.
«Тазалық – саулық кепілі»
Өндірісті өңірде «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы 240 мыңнан астам адамды бір мақсатқа біріктірді. Бұл – санамалап келгенде халықтың төрттен бір бөлігін құрады. Мемлекет басшысының бастамасын 11 мыңға жуық кәсіпорын қолдады.
– «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясындағы негізгі жұмыс өткен жылдың сәуір айында басталған болатын. Осы уақыт аралығында оған 242 мың адам, 10 743 кәсіпорын қатысты. 1433 бірлік техника жұмылдырылып, рұқсат етілмеген 643 қоқыс алаңы жойылып, 200 мың тонна қоқыс үйіндісі шығарылған. 273 саябақ пен гүлзар, 441 тарихи-мәдени ескерткіштің аумағы ретке келтірілді. 154 288 ағаш, 7720 бұта егілді. 125 су қоймасының аумағы тазартылды. 45 субұрқақ жөнделді, – деп баяндады энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Ұлан Ермеков.
«Таза Қазақстанды» ілгерілетуге «Жасыл ел» еңбек жасақтарының сарбаздары өз үлестерін қосқан. Ал, санитарлық нормаларды бұзушы жандарға 1200-ден астам айыппұл, 10 700 ескерту рәсімделді. Өткен жылдың маусым айынан бастап «Таза Қазақстан» телеграм-боты жұмыс істейді. Тұрғындар бұл платформаға өзекті сауалдарын жолдай алады. Қазіргі уақытта 819 өтініш келіп түсіп, сап басындағы жайттарға жедел шаралар қабылданды.
Қазір қыс айларында қарды уақытылы тазалау қажет. Өткен аптада 7200 тонна қар шығарылған көрінеді. Облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев «Таза Қазақстан» бір реттік акция емес, экологиялық мәдениетті қалыптастыруға арналған ұлттық қозғалыс екенін атап өтті.
– Жалпы, Президенттің «Таза Қазақстан» бастамасына облыс тұрғындары зор қолдау көрсетті. Ең алдымен өзімізден бастауымыз керек, экологиялық сананы мектепке дейінгі жастан бастап қалыптастыру керек. Барлық жерде тазалық пен тәртіп болуы тиіс! Биыл қалаларымыз бен ауылдарымыз таза әрі әдемі болуы үшін бірлесіп жұмысты күшейтеміз, – деп атап өтті өңір басшысы.
Қыс түссімен қаладағы орамішілік жолдарды қар алып қалып жататыны жасырын емес. Кей-кейде үй арасымен қарапайым жедел жәрдем көлігінің әрі-бері өте алмай жатқандығының куәгері болып жатамыз. Аталған түйткілге қатысты осы жолдардың авторы облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының орынбасары Ұлан Ермековке қарата сауал жолдады. Тосыннан қойылған сауалдың мәнін Ұлан Мұратұлының демде түсінбегенін аңғарған аймақ басшысы аулаішілік жолдарды пәтер иелерінің кооперативі немесе мүлік иелері кооперативінің өкілдерімен бірлесіп атқарылатын іс екендігін айқындап өтті. «Ал, орамішілік жолдар тазалану керек! Бұл мәселе өңірдің өзге шаһарларында да кезігіп жатады», – деп баса белгіледі Ермағанбет Бөлекпаев. Сөз соңында өңір басшысы салалық басқармалар басшылары мен, облыстық полиция департаментінің өкілдеріне мәселені бақылауға алып, осы бағытта атқарылып жатқан жұмыс есебін ұсынуды тапсырды.
30 жылдық мәселе оңтайлы шешілді
Кезегі келгенде Тұрғын үй қорын жаңғырту орталығының басшысы жұмыс нәтижелері туралы есеп берді. Мамандандырылған ұйым шатыры мен коммуникациясы тозған, лифтілері жұмыс істемейтін, бірақ жөндеуге өз қаражаты жетпейтін үйлердің тұрғындарына жәрдем көрсету мақсатында құрылған. Тиімді тұсы, орталық арқылы 15 жылға дейін пайызсыз несие алуға болады. Мәселен, өткен жылы нақты кімге қандай көмек көрсетілгені туралы аппарат отырысында орталық директоры Данияр Дүйсембаев баяндады.
Мысал үшін, Қарағандының Шахтерский кентінде 30 жыл бойы орталық жылу жүйесі болмаған, 30 көпқабатты үйдің ішкі құбырлары қалпына келтірілді. Биыл тағы 29 үйді іске қосу жоспарланып отыр. Құрыш қала Теміртаудағы көпқабатты үйлерде 10-ға тарта лифт ауыстырылды. Қарағанды, Абай және Теміртаудағы төрт көп қабатты үйге күрделі жөндеу жүргізілді. Бұдан басқа, Қарағанды мен Теміртаудың 315 жекеменшік үйлерінің иелері бөліп төлеу арқылы газға қосыла алды. Бағдарламаға қатысушылар өз тәжірибелерімен бөлісу үшін аппараттық кеңеске шақырылды.
– Біздің үй 1980 жылы салынған. Шиферден жасалған шатырдың тозығы әбден жеткен еді. Оны шамамыз жеткенше өз күшімізбен жөндеу жұмыстарын жасадық. Өз үйімізді қараусыз қалдырмадық. Осындай бағдарлама бар екенін білгеннен кейін ПИК төрағасының кеңесімен Тұрғын үй қорын жаңғырту орталығына жүгіндік. Өтініміміз мақұлданды. Нәтижесінде біз шатырды, жертөлені жөндедік. Кіреберістерде жылыту қалпына келтіріліп, пластикалық терезелер орнатылды. Енді пәтерлер де, кіреберістер де жылыды. 15 жылға бөліп төлегендіктен, бұл соманы қалтамыз көтере алды: менің 3 бөлмелі пәтерімнен айына 7600 теңге алады. Бұл ақша өзін-өзі ақтайды. Оның үстіне бізде қазір бәрі жөнделген. Кіреберістерге біз өзіміз жөндеу жүргіздік. Енді біздің үй жылы да жайлы, – деді Теміртау қаласының тұрғыны Марина Зайцева.
Ол басқаларды да өз үйінің тұрғындарынан үлгі алуға шақырды. Ал, Қарағанды қаласының тұрғыны Серік Мұхметов жұмыс істемейтін лифт мәселесімен облыс әкімінің қабылдауында болған. Кейін Тұрғын үй қорын жаңғырту орталығына жүгінуге бел буды.
– Біз тұратын тоғыз қабатты үйде лифт 30 жыл бойы жұмыс істемей тұр. Қазіргі уақытта жұмыс аяқталуға жақын. Ақпан айында жаңа лифтімен көтерілеміз. Көршілердің бәрі дән риза. Осындай бағдарламаның болғаны қандай жақсы, – деп бөлісті Серік Мұхметов.
Күмісай Жүнісова Шахтерский тұрғындары атынан көпжылдық проблемаларын шешуге нақты көмек көрсетілгені үшін алғыс айтты.
– Қосылу шарттары өте қолайлы болды. 15 жылға бөліп төлеу кезінде пәтерден ай сайынғы төлем 5 мыңнан 10 мың теңгеге дейін құрайды. Бұл орталық жылуға қол жеткізуімізге тың мүмкіндік берді. Біздің өміріміз шынымен де жайлы бола түсті, – деп атап өтті Күмісай Жүнісова.
Аймақ басшысы Ермағанбет Бөлекпаев қала және аудан әкімдеріне тұрғындармен жиында коммуналдық сала мәселесін шешу жолдары туралы айтып, бағдарламаның шарттарын егжей-тегжейлі түсіндіруді тапсырды.
Ермағанбет Бөлекпаевтың жетекшілігімен өткен облыс әкімдігінің кезекті отырысы көптеген өзекті мәселелердің шешіміне жол ашты. Әлеуметтік даму мен экологиялық мәдениет қалыптастыруда жаңа мүмкіндіктер барын аңғарған аймақ тұрғындары, бірлескен күш-жігердің арқасында өмір сүру сапасын жақсартуға болатынына көз жеткізді. Аппараттық жиыннан түйгеніміз – әрбір бастама, әрбір өзгеріс халықтың игілігі үшін жасалып жатқандығы дер едік. Облыс басшысы алдағы уақытта да тұрғындармен тығыз байланыста жұмыс жүргізіп, ортақ мақсаттарға қол жеткізуге күш салатындығына назар аударды. Бұл өміршең өзгерістер мен жетістіктер – әрбір қарағандылықтың өз үйін таза, жайлы әрі заманауи етуге деген ұмтылысының көрінісі.
Ерқанат КЕҢЕСБЕКҰЛЫ,
«Ortalyq Qazaqstan»