Балалар жылы

«Өмірлік дағдылар»

Қалалық білім бөлімінің ұйтқы болуымен қазыналы Қаражалда осындай тақырыппен ата-аналар форумы өтті. Оқушыларды тәрбиелеу және әлеуметтендіруде білім ошақтарының қоғаммен ашық диалог қалыптастыру, қосымша білім беру мүмкіндіктері мен оқушының өмірлік дағдыларын, заманауи білім беруді дамыту аясында ата-аналарды сындарлы сырласуға тарту, ата-аналардың құқықтық, медициналық, психологиялық-педагогикалық және кәсіби бағдар мәселелері бойынша білім мен кеңес алуына жағдай жасау, ілім алушылардың әлеуметтік бейімделу дағдыларын дамыту мен бейімделудің жаңа әдіс-тәсілдерін көрсету әңгіме өзегіне айналған алқалы жиында Мәдениет үйі мен балалар өнер мектебі белсенділік танытты.

 

Форумда оқушылар асық ату, тоғызқұмалақ, шахмат, дойбы, теннистен сайысқа қатысып, өнер көрсетті. Кәсіби бағдар беру жәрмеңкесі мен «Әлем – балалар көзімен» фотокөрмесі ұйымдастырылды. Білім бөлімінің мектептері өздерінің жетістігін паш ететін келісті көрмені келушілер назарына ұсынып, оқу ошағының басшылары олимпиада, спорт саласындағы жетістіктер, жоспарланған ғылыми жобалар жөнінде әңгімелеп берді.

Секциялық басқосуда «Сарыарка дарыны» аймақтық ғылыми-практикалық орталығы әлеуметтік сүйемелдеу зертханасының әдіскері Мәдина Сандыбаева – жеке қауіпсіздік, №3 мектебіндегі тәрбие ісінің меңгерушісі Айнұр Төженова мен әлеуметтік педагог Тамара Зверева, №10 мектеп психологы Маржан Ералина, №7 мектептің әлеуметтік педагогы Надежда Фишер – киберқауіпсіздік, Қаражал қаласы прокуратурасының прокуроры Жанара Шоқаева – жасы кәмелетке толмағандарды адам саудасына тарту мен мәжбүрлеп еңбекке жегудің алдын алу, қалалық полиция бөлімі жергілікті полиция бөлімшесінің бастығы Азамат Молдабаев, криминалдық полиция бөлімшесінің жедел уәкілі Ақберген Қартабаев, патрульдік полиция тобының инспекторы Сағынай Көкиев – білім ошақтарында есірткі қылмысы мен құқықбұзушылықтың алдын алу, №3 мектептегі оқу ісінің меңгерушісі Елена Гавриш пен №7 мектептің логопед-дефектолог маманы Мөлдір Мұқажан – даму мүмкіндігі шектеулі бала тәрбиеленетін отбасындағы өзара қарым-қатынастар, №1 мектептегі қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Мереке Иманберлина мен «Улыбка» балабақшасының тәрбиешісі Асыл Сағындықова – бала мен ата-ана қарым-қатынасы және отбасылық дәстүрлер, қалалық білім бөлімінің балаларды қорғау жөніндегі бас маманы Айгерім Көлбаева, қалалық аурухананың акушер-гинекологі Гүлжанар Қаныбекова, №30 мектептегі қорғаншылық және қамқоршылық кеңесінің төрайымы Гаухар Наурызбаева – отбасындағы асыранды бала туралы көшелі әңгіме қозғады.

Пленарлық отырыста «Сарыарка дарыны» аймақтық ғылыми-практикалық орталығы әлеуметтік сүйемелдеу зертханасының әдіскері Мәдина Сандыбаева сөз сөйлеп, «AMANAT» партиясы Қаражал қалалық филиалының атқарушы хатшысы Айгүл Мәуленина – «Отбасы- тәрбие бастауы», қалалық ардагерлер кеңесінің төрайымы Мереке Жұманбаева «Ата-әжесінің баласы» деген тақырыпта ой бөлісті. Мектеп өміріне белсене араласып, өскелең ұрпақ тәрбиелеуге елеулі үлес қосып жүрген Лаура Ақынова, Виктория Соложонкина, Айнұр Дүкенбаева және Гаухар Наурызбаеваға құрмет көрсетіліп, сый-сияпат жасалды.

– Бүгінгі басқосу біз үшін өте ерекше әрі маңызды. Өйткені, бұл шара тек педагог қауымның ғана емес, оқу-тәрбие үдерісіне қатысушылардың барлығы тәрбие туралы пікірін ортаға салып, кәсіби мамандармен тәжірибе алмасуға мүмкіндік алды. Бүгінде жас ұрпақтың тәрбиесі мен даму мәселесі – әлемдегі ең өзекті тақырыптың бірі. Ұрпақ тәрбиесі халықтың өмірлік және мәдени тәжірибесін, отбасылық құндылықтарды сіңіруден басталады.

Осы ретте отбасы адам үшін де, жалпы қоғам үшін де, мемлекет үшін де сенімді тірек екендігін уақыт көрсетуде. Сондықтан, форум аясындағы шаралардың басым бөлігін ата-анаға бағыттадық. Сіздерге жастардың заман талабына сай әлеуметтенуіне ықпал ететін өмірлік дағдыны дамытуға арналған форум-театр мен диалогтық алаң жұмысына қатысып, толғандырған мәселеге қатысты психологтан жеке кеңес алуға мүмкіндік бердік. Балалар жылы аясында өткізіліп жатқан іс-шаралар өз жемісін береді деген ойдамыз, – деді жиынды қорытындылаған қаласы білім бөлімінің басшысы Қаламқас Оспанова.

Әлібек ӘБДІРАШ.

ҚАРАЖАЛ қаласы.

Басқа материалдар

Back to top button