Бас тақырып

Өмірге құштарлық

Өткен ғасырда адамзатқа алапат апат, зор қасірет әкелген ядролық сынақты қазақ даласы да бастан кешті. Бүгінде Семей полигонында жарылыстың үні өшті, тәубе. Бірақ, зардабы қалды. Аталған күн қарсаңында Семей ядролық сынағының зардабын көрген тірі куәгер, еліміз ғана емес, әлем таныған суретші, полигонды жабуға мұрындық болған халықаралық антиядролық қозғалыс белсендісі, «Атом» жобасының елшісі, Нобель сыйлығының номинанты Кәріпбек Күйіковпен кездесу өтті. «Әлем суретшінің көзімен» аталатын кездесуді Н.Гоголь атындағы Қарағанды облыстық әмбебап ғылыми кітапханасында American Corner Karaganda ресурстық орталығы мен кітапхана ұйымдастырды. Іс-шараға мектеп оқушылары, студенттер, еріктілер, жастар ұйымының жетекшілері, кітапханашылар қатысып, Кәріпбек Күйіковтің әңгімесін зор ықыласпен тыңдады.

күйіков

Семей ядролық полигоны – қазақ даласына зор қасірет әкелген алапат апат. Атом бомбаларының жарылыстары аса ауыр болған сынақ қоршаған ортаға орасан зор зардабын тигізді. Ашық дереккөздерге сүйенсек, Семей маңындағы радиациялық әсер аймағында тұратын 500 мыңдай адам осы сынақтан азап шекті. Полигоннан 100 шақырымдай жерде орналасқан Қарағанды облысы Егіндібұлақ ауданының тұрғындары да осы жарылыстың зардабын тартты. Олардың ішінде кейіпкеріміз Кәріпбек Күйіков те бар. Ядролық сынақтың зардабын көріп, дүниеге қолсыз келген, тағдырына мойымаған жан бүгінде шығармашылық пен қоғамдық жұмысты қатар алып жүр. Оның ерік-жігері өзгеге үлгі.

– Мен Семей ядролық полигонынан 100 шақырымдай жерде орналасқан Егіндібұлақ ауылында 1968 жылы туғанмын. Әкем талай тариxи оқиғаларды әңгімелеп отыратын. Өзімен бірге Семей полигонына алып баратын. Жарылыстан соң қалған қалдықтарды, танк, ұшақ, техникаларды өз көзіммен көрдім. Радиация тірі ағзаға әсер етеді. Одан зардап шеккен адамдарды да көзіммен көрдім. Семейде туберкулез ауруын емдейтін аурухана бар-тын. Алайда бұл радиация зардабын тартқан адамдарды зерттейтін орын болатын. Мұнда дамуында генетикалық ауытқуы бар балалар, жас жігіттер, ядролық полигонда қызмет еткен солдаттар жатқызылды. Полигоннан зардап шеккен көптеген отбасын білемін. Әкемнің әріптесі 10 бала сүйді. Бірақ барлығы да ауру болып туып, шетінеп кетті.

Әкесі бұл күйікке шыдамай жүрегі тоқтап қалған еді. Мұндай жағдайлар өте көп, – деді ол.

Кәріпбек Телтайұлы өзінің өмір тарихын айтып, жастардың ойына қозғау салды.

– Кез келген қазақтың анасы батыр ұлды дүниеге әкелгісі келеді. Менің екі қолсыз дүниеге келгенімді көргенде оған оңай болмаған. «Анасы қаламаса, бір екпе жасайық» ұсыныпты дәрігерлер. Алайда әкем келіп, тыпырлап жатқан мені көріп, бірден үйге алып кетіпті. Әкеме өмір бақи ризашылығымды айтып өтемін. Ол менен ештеңесін аямады. Оқуға түсірді, білім алуға барлық жағдай жасады. Әкемнің батыл шешімінің арқасында мен қазіргі дәрежеме жетіп отырмын. Ата-анама, оқытқан ұстаздарыма бас иемін, – деді Кәріпбек Телтайұлы.

«Өмірге қандай күйде келсең, солай бейімделесің» дейді кейіпкер. Мектеп кезінде ол суда жүзген, шаңғы да тепкен, ойыншықтар да тіккен. «Мен бәрін де байқап көрдім. Қолымнан келмейді дегенім жоқ. Әр нәрсені үйренуге құштарлығым зор болатын. Адамның жаны нені қаласа, соны істейді, мақсатына жетеді» деп жастарға ой салды.

күйіков

Екі қолсыз дүниеге келген, өмірді сол күйінде қабылдаған жан бүгінде әлемге аты әйгілі суретшіге айналды. Қылқаламның құдіретімен өз картиналарында адамзаттың қасіретін жеткізді. Сонысын әлем мойындады. Кәріпбек Күйіков Нобель сыйлығының номинанты болды. Әлемнің бірнеше елінде Кәріпбек Телтайұлының картиналары көрмеге қойылды. Сондай-ақ, ол «Невада-Семей» халықаралық антиядролық қозғалысының белсендісі болып, Семей ядролық полигонының жабылуына зор үлес қосты. Жастармен кездесуде Кәріпбек Телтайұлы «Невада-Семей» қозғалысы туралы да айтып өтті.

– Семей полигоны – КСРО-ның ядролық сынақ полигондарының бірі, аса маңыз­ды стратегиялық нысанасы болды. КСРО ядролық сынақ жүргізуге Қазақстанды таңдады. Өйткені далалық жері көп, халық саны аз. Қазақстанда 1949 жылы алғаш рет сынақ басталды. Семей полигоны жабылғанға дейін қазақ даласында қаншама жарылыс жасалды. Ата-анам сол сынақтарды өз көзімен көрген. Картиналарымда сол ядролық жарылыс сәтін, сынақтың зардабы тиген қазақ шаңырағын бейнеледім, – деді суретші.

Замананың ащы шындығын көзбен көрген ол өз туындыларында көбіне-көп полигон зардаптарын бейнеледі.

– Жастар Кәріпбек Күйіковтің әңгімесін ұйып тыңдады. Қатысушылар адамзатқа зор қасірет әкелген ядролық сынақтың зардабы туралы біліп, көзіне жас алды, – деді American Corner Karaganda орталығының үйлестірушісі Ғалымжан Қырықбай.

American Corner Karaganda – Америка елшілігінің қолдауымен Қарағандыда ашылған ресурстық орталық. 2006 жылдан бері Гоголь атындағы кітапханамен бірлесіп, жұмыс істеп келді. Кездесу соңында American Corner Karaganda орталығының мүшелері Кәріпбек Телтайұлына естелік сыйлық табыс етті.

– Бала кезімізден Кәріпбек Күйіковтің шығармашылығы мен қажырлы еңбегі туралы біліп өстік. Соған қарамастан, аты аңызға айналған тұлғаны өз көзімізбен көру – біз үшін үлкен мәртебе. Болашақта біз ол кісімен тағы да жолымыз тоғысып, жаңа жетістіктері мен еңбектері туралы естиміз деп үміттенемін, – деді VolteQ клубының белсендісі, ерікті Ділназ Түркенова.

Кездесу соңында оқырман назарына «Ядролық қарусыз әлемнің болашағы» суретті кітап көрмесі ұсынылды.

Гүлнұр СЕРІКЖАНҚЫЗЫ,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button