Басты тақырып

Мінезді газеттің мінсіз тойы

     Сонымен, той өтті. Той болғанда да қандай той?! Газетіміздің 85 жылды алқымдағанын әрісі Алатау, берісі Астана естіпті. Естіпті де, бірден Қарағандыға ат басын бұрыпты. Жолынан жығылсын ба?! «Орталық» та ордалы той жасады.

Тойды газетіміздің құрылтайшысы – Қарағанды облысының әкімі Нұрмұхамбет Әбдібеков ақжарма тілегімен ашып берді.

Қара қылды қақ жаратын әділ билігімен атағы Алашқа жайылған даңқты Қаздауысты Қазыбек бабамыздың «Сөздің атасы – бірлік, анасы – шындық» деген ұлағатты сөзін өзіне ұран етіп алған «Орталық Қазақстан» газеті – Қарағанды облысының бай шежіресін талмай жазып келе жатқан өңіріміздегі беделді басылым. Кезінде Ғабиден Мұстафин, Саттар Ерубаев, Ақселеу Сейдімбеков сияқты халқымыздың қабырғалы қаламгерлері еңбек еткен бұл басылым облысымыздың өміріндегі барлық салада кеңінен қалам тартып келеді. Газет Елбасымыздың салиқалы саясатын жүзеге асыру мен жастарға отансүйгіштік, патриоттық тәрбие беруде және халқымыздың рухани-мәдени құндылықтарын кеңінен насихаттауда үлкен жұмыстар атқарып отыр. Сіздерді газеттің осы мерейтойымен құттықтай отырып, ақпарат айдынындағы еңбектеріңізге жаңа шығармашылық табыстар тілеймін. Облыс жұртшылығының сүйікті басылымы – «Орталық Қазақстан» газетінің 85 жылдық мерейтойы құтты болсын, – деді аймақ басшысы.

ҚР Парламенті Мәжілісінің Төрағасы Нұрлан Нығматулиннің құттықтауын арқалап келген ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, жерлесіміз Нұрлан Дулатбеков ұжымға толайым табыс тілеп, ілтипатын білдірді. Облыстық мәслихаттың хатшысы Рысқали Әбдікеров Бас редакторымызға құттықтау хатын табыс етті.

Несіпбек Айтұлы, Серік Ақсұңқарұлы, Абзал Бөкен, Ибрагим Бекмаханұлы бастаған айтулы ақындардың буырқанған жыры қаламгер атаулының бойына қан жүгіртіп, ойына ой қосты. Осы той Қасымбек Медиев, Қайдар Бурабаев сынды ел ағаларының ақ батасымен асқақтап тұрды. «Егемен Қазақстан» газетінің Басқарма Төрағасы Дархан Қыдырәлі ұжым ынтымағына сүйсініп, қалам арқалағанның барлығына қажырлы еңбек пен оқырманның ізгі ілтипатын тіледі. Орталықтың түлектері алматылық Гүлсім Оразалиева мен «Оңтүстік Қазақстан» газеті Бас редакторының орынбасары Гүлжамал Мұсаева лебіздерін білдірді.

Газет жанашырлары – Нұра ауданының Изенді ауылындағы «Отқанжар» шаруа қожалығының басшысы Қанат Отарбаев пен Жаңаарқа ауданының Ералиев ауылындағы «Нұрбол» шаруа қожалығының басшысы Ерболат Мәмбетов салтанатты тойда салиқалы ой қозғады. Аймақ басылымына береке мен бірлік тілеп, шындықтың шырақшысы болып қала беруімізді сөзге тиек етті.

Темірғали Көкетаев, Есмұханбет Смаилов бастаған ғалымдар, ардагер журналистер, редакцияның байырғы қызметкерлерінің жарлары, қала және аудан әкімдіктерінің және редакцияларының басшылары, өкілдері қатысып, торқалы тойды аспандатып әкетті. Жұмыр жүректерден ақтарылған жылы тілектер сан журналистің санасында сарабдал ой қозғап, жазарына арқау болды.

Сонымен бірге, газет ардагерлеріне редакция атынан қаржылай сыйақы тапсырылды.

Ең бастысы – «Орталықтың» абыройы өз биігінен төмендемейді. Керісінше, жақсылар мен жайсаңдар бас қосқан тойда табаны жер, төбесі көк тіреп тұрғандай болды. Тұғырына қонған қырандай қанатын қомдай түсті қарт басылым.

«Қай елдің баспасөзі мықты болса, сол елдің болашағы зор!» деген екен Алаш арысы Міржақып Дулатұлы. Ләйім солай болғай. Елдің де, газеттің де келешегі кемел болсын деп тіледік. 

  Рауан ҚАБИДОЛДИН

Суреттерді түсірген Г.ГАЛИМОВ.

Суреттерді түсірген Г.ГАЛИМОВ.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button