Мерзімді баспасөз – рухани азық
Бүгінгі ақпараттық технологиялар дамыған заманда әлеуметтік желілер күнделікті жаңалықтың алғашқы көзіне айналғанымен, салмақты сараптамалар мен мазмұнды мақалаларды, өңірдің маңызды оқиғаларын дәстүрлі мерзімді баспасөзден оқимыз. Себебі, газет – өткеннің шежіресі, бүгіннің айнасы, болашақтың бағдары. Бұл – айнала алмайтын ақиқат, дау тудырмайтын шындық.
Иә, мерзімді баспасөз – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Ахмет Байтұрсынұлының осы бір даналыққа толы сөзі әлі күнге дейін өзектілігін жоғалтқан жоқ. Газет беттерінен аймақтың тыныс-тіршілігі, өзекті мәселелері, әлеуметтік-экономикалық өзгерістерімен танысып, ел болашағына қатысты маңызды жаңалықтарды көзбен көріп, қолмен ұстап оқу – бұл айрықша сезім.
Осы орайда «Орталық Қазақстан», «Индустриальная Караганда» және «Бұқар жырау жаршысы» газеттерін үзбей оқимын. Отандық басылымға қолдау көрсету – біздің азаматтық борышымыз деп білемін. Қазір газет оқылмайды, оның орнын біртіндеп ақпараттық сайттар, мессенджер, пабликтер ығыстырып келе жатқандай көрінеді. Алайда әлемдік тәжірибеге зер салып қарайтын болсақ, газет саудасының қызып тұрғанын байқаймыз. Мәселен, New York Times газеті күн сайын шығып, 300 000-ға жуық данамен таралады, ал демалыс күндері оның тиражы 1 миллионнан асады. Жылдық таза табысы 2,5 млрд. долларды құрайтын көрінеді. Жапонияның басты басылымдарының бірі — «Өнеркәсіптік-экономикалық газет» күніне 1,5 миллионға жуық данамен екі рет жарық көреді.
Бұл деректер дамыған мемлекеттерде мерзімді баспасөздің қоғамдағы маңызды рөлін айқын көрсетеді. Газет тек жаңалық жеткізуші ғана емес, қоғамдық пікір қалыптастырушы, мәдениет пен білімнің қайнар көзі болып табылады.
Елімізді дамыған мемлекеттер қатарына қосуды қаласақ, біз де мерзімді баспасөзді қолдап, оны күнделікті өміріміздің ажырамас бөлігіне айналдыруымыз қажет.
Биыл мерзімді баспасөзге жазылу бұрынғыдан да жеңілдей түсті. Енді қажетті басылымыңызға Kaspi QR арқылы оңай әрі жылдам жазыла аласыз. Бұл – уақыт үнемдеудің әрі өзіңізге жақын ақпарат әлемінен ажырамаудың таптырмас мүмкіндігі.
Мерзімді баспасөздің ең басты байлығы – оның оқырманы. Баршаңызды осы мүмкіндікті пайдаланып, облыстық газетке жазылып, туған өңіріңіздің жаңалықтарынан әрдайым хабардар болып отыруға шақырамын!
Ерлан ҚҰСАЙЫН,
Бұқар жырау ауданының әкімі.