Әдебиет

Мен. Түн. Өлең

Шаруалары шын артық,
Көптің ермей көшіне.
Жүрегіме жүк артып,
Ақын болдым несіне?!

Өлең емес бақ-тұғыр –
Пысқырмайды пысық ел.
Жағдайыңды жат түгіл,
Жақының жоқ түсінер.

Жырды кімге оқырмын,
Тобырлардан тайсалдым.
…Ойға шомып отырмын
Жарығымен май шамның.

Жазсаң жырды көсіле,
Жөні бөлек күндіздің.
Таңғы төртте несіне
Төсегімнен тұрғыздың?

Шабыт келсе, қашпадым,
Ақында жоқ бап деген.
Тәтті ұйқымды тастадым,
Туса жақсы-ау тәтті өлең.

…Қара түнде қалды ізі,
Жұлдыз ағып барады.
Бір бейбақтың дәм-тұзы
Таусылмаса жарады.

Қарамайын көкке көп,
Өзімде де бар ұшқын.
Неге ұлыдың көктөбет,
Ойбай, жағың қарысқыр?!

Күйді кеше жалаға,
Көрер көзге бір пақыр.
Жәудірейді анаға,
Әкесі жоқ сырқат ұл.

…Даңғырлаған тажалдай,
Қайдан шықты сайтан ән?!
Тәтті өлеңді жаза алмай,
Құлай кеттім қайтадан.

Мұқаш СЕЙТҚАЗИНОВ

Басқа материалдар

Back to top button