Бас тақырыпРуханият

“Men qazaqpyn” – рух мерейі

Әңгіме дәстүрлі әнші, күйші, термешілер арасындағы «MEN QAZAQPYN» мегажобасының облыстық кезеңі жайлы. Былтыр елімізде алғаш рет өтсе де, жалпыхалықтық сипат алып, көпшілікке кеңінен таралып кеткен-ді бұл байқау. Ауылдағылар осы жоба үшін шаруасын ертерек қоғамдап тастап, теледидар алдына байланатынын да көргенбіз. Тіпті, кей жағдайда түрік пен үнді сериалдарынан көп қаралып, артық рейтинг жинаған телевизиялық мегажобаны таныстырып жатудың өзі артық. Әйтсе де, халықаралық додада біздің облыс намысын кім қорғамақ?

Иә, былтыр да осылай аудан, қалалардан іріктелген өнерпаздар облыстық кезеңнен жеңімпаз атанып барып, үлкен сахнадан, ұлттық арнадан көрінген. Талап биыл да солай. Төңкеріліп тоғыз аудан, тоғыз қаладан келді әнші, күйші, термешілер. Аудан, қалалардан іріктелген жеңімпаздар – ылғи «сен тұр, мен атайындар». Барлығы – отыз өнерпаз сайыс басталардан бір күн бұрын жеребе тартып, реттік тізімдерін анықтады. Ертесіне, өткен аптаның сенбі күні шеру тартып, сап түзеп Кеншілер мәдениет сарайының сахнасына көтерілді. Зал көрерменге лық толды. Телевизиялық халықаралық мегажобаның облыстық кезеңін жергілікті «Saryarqa» телеарнасы ұйымдастырып, өткізді. Облыс әкімі Ерлан Қошановпен қатар, Қарағандыдағы зиялы қауым өкілдері қатысты шараға. Ақпарат және коммуникациялар министрлігінің қолдауымен өтіп отырған байқауға «Қазақстан» ұлттық телерадиокорпорациясы АҚ Басқарма төрағасы Ерлан Қарин келіпті. Тізгіншілердің тиек сөзінен кейін сахна күймен көмкеріліп, бимен жаңғырды. Алғашқы сөзді аймақ басшысы Ерлан Жақанұлы алды.

«Меніңше, бүгін – өнердің мерекесі. Бұл жоба Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында биыл екінші рет өткізіліп отыр. Бірінші маусым сәтті аяқталғанын білеміз. Халықтың көңілінен шыққан шын мәніндегі жоба болды. Телеарналар жобаларының ішіндегі үздігі ретінде танылды жыл қорытындысында. Сол үшін Ерлан Тынымбайұлын құттықтап қояйық.

Елдің еңсесін көтеріп, халықтың рухын ояту үшін мұндай жобалар, әрине, қажет. Сондықтан, осындай үлкен дүниені ұйымдастырушы – ақпарат және коммуникациялар министрлігіне, «Қазақстан» ұлттық арнасына рахмет!

Елбасының «Рухани жаңғыру» идеясымен терең астасып жатқан дүние – бұл мегажоба. «Мен қазақпын» деген сөз он бір ғана әріптен тұрады. Сол он бір әріптің ішінде біздің тарихымыз, рухымыз, өнеріміз жатыр. Осыдан жарты ғасыр бұрын Жұбан Молдағалиев «Мен қазақпын» деп тұла бойымызды шымырлатса, бүгінгі тәуелсіз Қазақстанның перзенттері «Менің егеменді Отаным» деп тебіренеміз. Бір сөзбен айтқанда, бұл аса қажет жоба. Ұлға емес, ұлтқа, руға емес, рухқа қызмет жасайтын жоба болады деп сенемін. Мен осында қатысушы әрбір өнерпазға жанкүйермін!» деді облыс әкімі Ерлан Қошанов.

Облыс әкімі айтпақшы, руға емес, рухқа қызмет етер жоба болғандықтан, «Қазақстан» ұлттық телерадиокорпорациясының Басқарма төрағасы Ерлан Қариннің келіп отырғаны.

«Осымен екінші рет келіп отырмыз мұнда. Өткен жылы «Мен қазақпын» мегажобасы басталғанда да Арқа жеріне арнайы түсіп, осы залда болған едік. Биыл жалғасын тауып жатыр. Біз қуанып отырмыз. Себебі, бұл – жобаның маңызы мен халық арасында қолдауға ие болғанын көрсетеді. Сондай-ақ, «Мен қазақпын» мегажобасы биыл «Тұмар» атты телевизиялық байқауда «Жылдың ең үздік телевизиялық жобасы» болып танылды. Өздеріңіз білесіздер, байқауға өнерпаздар елді мекендерден бастап іріктелгендіктен, нағыз шын өнер иелеріне үлкен сахнаға жол ашылады. Бір мақсаты – сол. Биыл республика көлемінде 180 елді мекеннен 1500 өнерпаз қатысып, оның 400-і облыстық кезеңге жолдама алыпты. Сондықтан, ауқымы кеңіп келеді.

Мегажобаны біз ол баста халықаралық деп атадық. Тек, республиканы ғана қамтымай, Қытай, Моңғолия, Ресей қазақтарының арасынан да өнерпаздар тартылды. Биыл Астрахань, Қырғызстан қазақтары өнерпаздарын да қатыстырмақшымыз. Айта кету керек, «Мен қазақпын» жобасын шығаруымызға ең бірінші Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы түрткі болды» деп түйіндеді сөзін Ерлан Тынымбайұлы.

Кезек өнерпаздарға келгенде, көрермендер бірде тыншып, бірде қиқу қосып отырды. Дәстүрлі ән аталымында халық әні «Арман-ай», Шашубайдың «Ақ қайыңы», Жаяу Мұсаның «Ақ шашағы», Шортанбайдың «Жиырма бесі», қазақ халқының тағы басқа классикалық ән мұралары орындалды. Ал, термешілер тіптен әріден қайырды. Мәселен, Үмбетей, Қазтуған, Ақтамберді жыраулардың толғауларымен қатар, Жәнібек Кәрменовтің термелерін орындағандар бар. Күйшілік өнерге келгенде, шертпе күйден де, төкпе күйден де тартынбады домбырашылар. Арқа жерінен болғасын көбіне шертпе күй тартыла ма деп отыр едік, төкпе күй орындаушылар да аз болмады. Алайда, анау Жаңаарқадан немесе Ақтоғайдан келіп тұрып, Динадан бастағанда, көзі ашық көрермендер арасынан тіксініп қалғандар да шықты. «Сонда Сайдалы Сартоқа мен Аққыз қайда? Әуелі өз топырағынан тартса, болмас па?» деп…

Облыстық іріктеуге өткен 11 әнші, 11 күйші мен 8 термешіні бағалаған қазылар да өз саласының жілігін шағып, майын ішкен кәсіпқой мамандар. Атап айтқанда, халықаралық және респуб ликалық ән байқауларының лауреаты, әнші Құрмаш Ыбышев, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, күйші Полатхан Тәшімов, ҚР Мәдениет қайраткері, «Қазақстанның құрметті журналисі» Әли Тойжігіт, «Арқа» айтыс ақындары мен жыршы-термешілер мектебінің жетекшісі Айтбай Жұмағұлов.

Жалпы байқау жақсы ұйымдастырылды дегенімізбен, азын-аулақ кемшіліктер де орын алды. Оны қазылар алқасының мүшелері де айтып қалды. Мәселен, дәстүрлі әнші Құрмаш Ыбышев өнерпаздарды бағалау тұрғысындағы байқау шарттарына көңілі толмағанын жеткізді. «Әр әнші бір-бір әннен ғана орындап кетіп жатыр. Әншіні толық бағалауға ол аздық етеді. Ол әнші тағы қандай әндерді орындай алады? Алдымызда репертуарындағы әндерінің тізімі де жоқ. Біржанның, болмаса, үкілі Ыбырайдың мына әнін орындап көрші?» дейтіндей. Бізді 11.30-дың кезінде келіңдер деп шақырып алды да, төрелік етуге отырғызды. Алдын ала шықырып ақылдасу керек қой? Келер жылы ұйымдастырушылар бұл жағын ойластыру керек. Бұл – бір. Екіншіден, облыс көлемінде сахналарда дәстүрлі ән салып жүрген жас әншілердің көбі қатыспай қалған. Осындағы филармонияның әншілері қайда? Халықаралық жобаға іріктеу болған соң, бәрі қатысу керек еді» дейді қазылар алқасының мүшесі Құрмаш аға.

18 бен 40 жас аралығындағы 30 өнерпаз ішінен республикаға әннен – Еркебұлан Ахметов (Шет ауданы) жолдама алса, термеден – жезқазғандық Сағымбай Мәлібеков, күйден қарағандылық Айдар Омарбеков барып, облыс намысын қорғайды. Облыстық іріктеу кезеңінің жеңімпаздарына ақшалай сыйлықтар табысталды.

Жәнібек ӘЛИМАН,

«Орталық Қазақстан»

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button