Ресми

Мемлекеттік қызметтегі тың мүмкіндіктер

«Халыққа қызмет – абыройлы міндет». Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Қарағанды облысы бойынша департаменті басшысы, Әдеп жөніндегі кеңесі төрағасы Ербол Жолданғардың төрағалығымен облыс әкімі аппаратының персоналды басқару қызметінің қызметкерлері және Қарағанды облысының қалалары мен аудандары әкімдері аппараттары басшыларының қатысуымен мемлекеттік қызмет саласындағы заңнамаға толықтырулар мен өзгерістерді талқылау бойынша бейнеконференция форматында семинар-кеңес өтті.

Отырыс барысында «Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет туралы» Заңына енгізілген өзгерістер мен толықтырулар түсіндірілді. Атап айтқанда, мемлекеттік қызметке кіру кезінде басы артық кедергілерді жою және мемлекеттік қызметтен босату тәртібін оңайлату үшін заңнамаға бірқатар өзгерістер енгізілген болатын.

Мәселен, енді жоғары үлгерімін көрсеткен жоғары оқу орнының түлектері мемлекеттік қызмет саласына конкурссыз түсе алар мүмкіндікке ие болмақ. Бұл өз кезегінде білікті жастарды мемлекеттік қызметке тартуға, жас мамандардың аудандар мен ауылдық өңірлерге оралуын ынталандыруға, сондай-ақ, өңірлердегі кәсіби кадрлар тапшылығын төмендетуге ықпал етіп, мемлекеттік қызметке кіру үдерісін жеңілдетеді.

Тағы бір жеңілдік. Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясында оқуын жақсы нәтижемен аяқтаған тұлғалар бір жыл ішінде уәкілетті органмен немесе оның аумақтық департаменттерімен келісім бойынша конкурссыз белгілі бір әкімшілік лауазымдарға орналаса алады. Бұл туралы толығырақ жиын барысында салалық департамент мемлекеттік қызмет басқармасының басшысы Ирина Кершман заңнамаға енгізілген өзгерістерге кеңінен тоқталды:

– Заңды іске асыру мақсатында ақпан айында Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің бұйрығымен жоғары немесе жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру бағдарламалары бойынша мемлекеттік тапсырыс шеңберінде Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы білім беру ұйымдарында және білім беру ұйымдарында оқуды аяқтаған адамдарға оқыту нәтижесінің мәндері белгіленді. «Б» корпусының жоғары лауазымдарына тікелей тағайындауды жүзеге асыру мүмкін болды. Осылайша, тиісті академиялық нәтиже 3,33 GPA, яғни, дәстүрлі жүйе бойынша «жақсы» немесе 100 балдық жүйе бойынша 85-89 деңгейінде болуы керек. Осы өзгерістер арқасында уәкілетті органмен келісім бойынша «Б» корпусының жоғары лауазымдарына тікелей тағайындауды жүзеге асыру мүмкін болды. Мұнымен қатар, Агенттікке әкімшілік лауазымдарға қойылатын біліктілік талаптарын келісу функциясы қайтарылды, – деп мәлімдеді спикер.

Мысалы, мемлекеттік қызметшілердің қызметін бағалауға өзгерістер енгізілді. Сайып келгенде, «Б» корпусындағы мемлекеттік әкімшілік қызметшісі Қазақстан Республикасының Президенті айқындаған мемлекеттік қызметшілердің қызметіне бағалау жүргізу тәртібі мен мерзімдеріне сәйкес, қанағаттанарлықсыз бағалар алған болса, мемлекеттік лауазымы төмендейді.

Сондай-ақ, ағымдағы жылдың наурыз айында Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мемлекеттік қызмет мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Заңнамаға «келісімшарттық қызметшілер» ұғымы енгізілді. Өйткені, Мемлекет басшысы мемлекеттік басқаруды дамытудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасында келісімшарт жасаушылар институтын енгізуді ерекше тапсырған еді. Олар мемлекеттік қызметкерлер санатына жатпайды. Нәтижесінде, бұл толықтырулар салалық жобаларды іске асыру кезеңінде бейіндік білімі бар мамандарды тартуға мүмкіндік береді. Келісімшарт мерзімі бір жылдан аспайды. Келісімшарттық қызметшілерге арналған нақты ережелер мен рәсімдер Үкіметтің тиісті Қаулысында белгіленеді.

Тағы бір игі ақпар – ротациялық төлемнің енгізілуі. Мәселен, өзге елді мекенге ротациялау кезінде мемлекеттік қызметішлер «Тұрғын үй қатынастары туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес, қызметтік тұрғын үймен қамтамасыз етіледі, ал қызметтік тұрғын үй болмаған жағдайда, ротацияланған мемлекеттік қызметшілер лауазымдық міндеттерін атқару кезеңінде олардың мөлшерін есептеу, тағайындау, қайта есептеу, жүзеге асыру, тоқтату, қайтару қағидаларына сәйкес, ротациялық төлемдер жүргізеді. Басқа елді мекенге ротацияланған мемлекеттік қызметшілердің ротациялық төлемдерін тоқтата тұру және қайта бастауды Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітетін еді. Ендігіде өзге елді мекенге ротацияланған мемлекеттік қызметшілердің ротациялық төлемдердің мөлшерін, тағайындалуын, қайта есептелуін, жүзеге асырылуын, тоқтатылуын, қайтарылуын, тоқтатыла тұруын және қайта басталуын есептеу қағидаларын әзірлеу жөніндегі функция Агенттікке жүктелді.

Агенттікке мемлекеттік қызметшілер үшін қашықтықтан жұмыс істеу, аралас қашықтықтан жұмыс істеу, икемді жұмыс уақыты режимінде жұмыс істеу қағидаларын әзірлеу жөніндегі өкілеттілік ұсынылды. Пандемия жылдары әрі жан-жақты цифрландыру үрдісі қашықтықтан жұмыс істеу мүмкіндігін, сондай-ақ, икемді жұмыс кестесін пайдаланудың кейде тиімді екендігін айқындап бергендей. Аталған мәселе бойынша тиісті нормалар 2021 жылы Еңбек кодексіне енгізілген болатын. Алайда, мемлекеттік аппараттың ерекшелігін ескере отырып, бұл мәселелер мемлекеттік қызметте нақты әрі егжей-тегжейлі реттелуі қажеттігі қылаң берді.

Мемлекеттік басқару академиясына оқуға түскен кез келген мемлекеттік орган қызметкері оқуын тәмамдаған соң органда жұмыс істеуі міндетті еді. Яғни, бір жыл ішінде қызметкер басқа мемлекеттік органға ауыса алмайтын. Бұл мемлекеттік қызметкердің мүмкіндіктерін шектеп, маманның білімі мен біліктілігін арттыруға деген ынтасын төмендетері рас. Осыған байланысты жоғарыда аталған талап жойылды. Ал, академия түлегі мемлекеттік қызметте үш жыл жұмыс істеуі керек деген талап қалдырылады.

Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігімен және Қазақстан Республикасы Үкіметінің аппаратымен келісім бойынша мемлекеттік әкімшілік қызмет шілердің басшы және атқарушы құрамының арақатынасын айқындау қағидаларын әзірлеу және бекіту жөніндегі функциялар да енді Агенттікке тиесілі. Қолданыстағы редакцияға сәйкес, әрбір мемлекеттік органның өзі өзінің штаттық кестесін бекітеді. Алайда, басшылар мен орындаушылардың саны реттелмеген. Нәтижесінде, кейде бөлімнің бір басшысына тек бір немесе екі орындаушы бөлінетін жағдайлар орын алып жатады. Кейбір мемлекеттік органдарда басшылардың саны орындаушылардан асып түсетін жағдайлар да кездесіп жатады. Осы олқылықтың орнын толтыру үшін басшылар мен орындаушылар саны Агенттіктің бұйрығымен реттелетін болады. Агенттікке лауазымдық жалақыны белгілеуге құқық беретін мемлекеттік қызметшілердің жұмыс өтілін есептеу қағидаларын бекіту жөніндегі өкілеттіктер берілді. Баршаға белгілі, мемлекеттік қызметшінің жалақысы оның жұмыс өтіліне байланысты. Қазіргі уақытта жұмыс өтілін есептеу қағидалары Үкіметтің Қаулысымен бекітіледі. Өкілеттіктерді үкіметтен орталық органдарға беру саясаты шеңберінде Агенттік аталған ережелерді бекіту бойынша өкілеттіктерге ие болды.

– «Сенім жоғалтуына» байланысты саяси қызметшілерді жұмыстан шығару туралы қосымша енгізілді. Енді Қазақстан Республикасының Президенті тағайындайтын мемлекеттік саяси қызметшілер өз лауазымдық өкілеттіктерін орындамағаны немесе тиісінше орындамағаны үшін сенімін жоғалтуына байланысты Қазақстан Республикасы Президентінің шешімі бойынша жұмыстан шығарылуы бек мүмкін, – деді департаменттің мемлекеттік қызметті бақылау саласындағы басқарма басшысы Бақтияр Көкеев.

Агенттікке мемлекеттік органдардың жұмыс уақыты режимінің сақталуына мониторинг жүргізу, оны жүргізу қағидаларын әзірлеу және бекіту, сондай-ақ, қорытындылар бойынша тексерулер жүргізу жөніндегі функциялар берілді.

Ақпан айында «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Кодекске өзгерістер енгізіліп, мемлекеттік органдарда жұмыс режимін заңсыз бұзу туралы әкімшілік істерді қарау Агенттіктің қарауына берілді. Бұған дейін әкімдіктердің еңбек инспекциясы осындай істермен айналысқан. Бұл түзету 1 сәуірден бастап күшіне енді. Осыған байланысты, «Мемлекеттік қызмет туралы» Заңда Агенттікке мемлекеттік органдарда жұмыс кестесінің дұрыс сақталуын бақылау функциясы да жүктелді.

Тағы бір өзгеріс, мемлекеттік қызметшілерге еңбекақы төлеу саласындағы нормативтік-құқықтық актілердің жобаларын Агенттікпен келісуге байланысты. Заңның қолданыстағы редакциясына сәйкес, мемлекеттік қызметшілерге еңбекақы төлеу жүйесі мен оларға бонустар төлеу тәртібін Үкімет бекіткен. Оны Ұлттық экономика министрлігі әзірледі. Мемлекеттік қызметшілерді ынталандыру саласында бірыңғай саясат жүргізу мақсатында Агенттікпен еңбекақы төлеу саласындағы актілерді келісу қажет.

– Мемлекет басшысы «Адам мемлекет үшін емес, мемлекет адам үшін» қағидасын қолдану маңызды екендігін атап өтті. Бұл бүгінгі мемлекеттік басқару саласын жаңғыртудағы негізгі ұстаным. Мұндағы негізгі мақсат – халыққа қызмет ететін кәсіби мемлекеттік аппаратты қалыптастыру, – дейді Ербол Қабдығалиұлы тілшілерге берген сұхбатында.

Ерқанат КЕҢЕСБЕКҰЛЫ.

Суреттерді түсірген Жангелді ӘБДІҒАЛЫМ.

Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button