Мемлекеттік қызмет – Сізбен бірге
Адам баласы шыр етіп дүние есігін ашқан сәттен бастап-ақ, өмірінің алғашқы күндері мемлекет тарапынан көрсетілетін қызметтермен тоғысады екен ғой. Олай дейтінім, сәби дүниеге келгенненақ, ата-анасы бала тууды тіркеу, бала туғанда берілетін және бала күтімі бойынша жәрдемақыларды тағайындау, мектепке дейінгі балалар ұйымдарына балаларды кезекке қою сияқты алуан түрлі мемлекеттік қызмет түрлерін алады. Тиісті құжаттарын рәсімдейді.
Олар бүгінгі таңда «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы аясындағы «Мемлекет – азаматтарға» қағидаты арқылы жүзеге асырылады. Осылайша, мемлекет азаматтардың қажеттіліктерін өтейді. Оған қоса, «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын іске асырудың негізгі бағытының бірі «Цифрлы мемлекетке көшу» – тұрғындардың қажеттіліктерін күні бұрын бағамдап, халыққа мемлекеттік қызмет түрлерін түсіндіреді. Бұл кез келген уақытта, кез келген орында және кез келген құрылғыда (байланыс орталығы, веб-портал, зияткерлік мессенджерлер, мобильді қосымшалар, SMS-хабарламалар) ақпарат пен қызметтердің қолжетімділігін қамтамасыз етеді. Бұған жарқын мысал ретінде, қызмет алушының тікелей мемлекеттік мекемелерге баруынсыз, қатысуынсыз көрсетілетін «Бала туу» проактивті қызметін айтпасқа болмайды. Бұл қызмет арқылы ата-ана жаңа туған нәрестеге ат береді. Туу туралы куәлікке өтінім беріп, балабақшаға кезекке қоя алады. Бір жолғы төлем мөлшерін біле алады, тұрғылықты жері бойынша тіркеу мүмкіндігіне ие болады. Нәтижесінде, цифрлық даму – қазіргі таңда адамзаттың ең басты құнды валютасы болып саналатын уақытты үнемдеуге көмектеседі. Осындай жеделдік пен шапшаңдықты талап ететін дәуірде «заманың түлкі болса, тазы болып шал» деген халық даналығын ескере отырып, көштен қалмайтын үрдіске ілескен жөн.
Мемлекеттік қызметтер әр елдің барлық даму сатысындағы басты баспалдақ болып саналатыны баршамызға аян. Осы орайда, мемлекеттік қызметшілер мемлекеттік саясатты жүзеге асыратындар, оның дамуына қалтқысыз қызмет ететіндер екені белгілі. Олар заман дамыған сайын халықты көштен қалмауға үндейді. Қоғаммен қатар дами отырып, сабырлы, салмақты, ұқыпты бола білу де олар үшін – маңызды. Сондықтан, халықтың мүддесі үшін қызмет ететін мемлекеттік қызметші болу – мен үшін зор мәртебе.
«Өзіңнен баста» ұстанымын негізге ала отырып, алтын уақыттарыңызды үнемдеу мақсатында мемлекеттік көрсетілетін қызметтерді мейлінше дұрыс пайдалануға шақырамын. «Электрондық үкімет порталы», мобильді қосымшалар және мессенджерлер арқылы қызметтер алу – уақытыңызды үнемдеп қана қоймай, еліңе қалтқысыз қызмет етуге тәрбиелейді.
Жансерік ЖҮНІС,
Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Қарағанды облысы бойынша департаментінің бас маманы.