Қарағанды

Мектептегі медиация

   Көп жағдайда біз бір-бірімізді жете түсіне бермейміз. Кейде екі адам бір нәрсе туралы айтып отырса да бір-бірінің көзқарасын ұқпайды. Осындай кезде түсініспеушіліктен, ұғыныспаушылықтан құтқаратын бір нәрсе бар. Ол – медиация процесі.

Медиацияны білім беру – тәрбиелу процесіне енгізудің маңызы зор. Медиация мектепке не үшін қажет? Барлық ынталы тараптармен ынтымақтаса жұмыс жүргізіп отырған қазіргі заманғы мектеп балаға білім берумен қатар оны толық жетілген тұлға ретінде тәрбиелеп шығаруды да алдына міндет етіп қойып отыр. Кез келген қауымдастық қызметі секілді мектепте де оқыту және тәрбиелеу мәселесіне байланысты бұл процеске қатысушылар арасында қайшылықтар туындап отырады. Ол қайшылықтар мүдделер мен мақсаттар қақтығысының көрінісі болып табылады. Ұзаққа созылған қайшылықтар білім беру процесі мен тұлға аралық өзара қарым-қатынастарға кері әсер етеді. Оның салдары негативті жайттарға әкеліп соқтырады. Оқу – тәрбие процесіне зиянды ықпалын тигізеді. Медиацияны қолданысқа ендіру мәселесінің өзіндік бір ерекшелігі бар. Мұнда қайшылықты жағдайларды реттеу ісі тек кәсіпқой мамандарға ғана сеніп тапсырылады. Қазіргі сәтте білім беру ұйымдары бойынша бұл проблемамен директордың тәрбие жұмыстары жөніндегі орынбасары, сынып жетекшілерінен бастап, психолог, әлеуметтік педагог және кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі бөлім инспекторына дейін әр түрлі адамдар шұғылданады. Бұлардың конфликтология туралы ілімнен белгілі бір дәрежеде хабары бар екені анық. Әрине, проблемалық жайттар шешіліп те жатыр. Бірақ, олардың реттеуінде екі жақты мүдделер бірдей есепке алына қояр ма екен? Медиация процесі қайшылықты жағдайға түскен тараптардың өзара келісімге қол жеткізуін бағдар тұтады. Медиатор қызметінде бөгде кәсіп иелеріне бірден түсінуге қиын соғатын өзіндік ерекшелік көп. Медиация процесінде міндетті ережелер мен шарттар бар. Солардың бірі тараптардың ерікті түрде қатысуы және олардың орын алып отырған қайшылықты жайттарды реттеуге ынталылығы болып табылады. Тек осындай жағдайда ғана медиация өзінің діттеген жеріне жете алады. Медиатор қайшылықты шешу жауапкершілігін мойнына алмайды. Ол тек аралық бітімгершілікке жүреді. Медиатордың риясыз әділетті болуы және оған мысқалдай күдік келтірілетін жағдайда өзге бітімгермен ауыстырылуы маңызды фактор болып табылады. Балалар үлкендер жағының көзқарастары негізінен бірдей және олар өзара ортақ тіл таба алады деп ойлайды. Осыған байланысты мектеп медиациясы үшін бітімгер медиатордың білім беру тәрбие процесіне қатысушылар қатарынан болмағаны дұрыс. Біз мектеп медиациясының негізгі міндеті – жасөспірімдерді қандай деңгейдегі болсын қайшылықтарды бейбіт жолмен шеше білуге, ал үлкендерді балалардың айтайын дегенін тыңдата білуге үйрету деп білеміз. Жеке мектептерде өзара түсіністік және ынтымақтастық заңымен тіршілік ететін бейбіт қауымдастық орнату арқылы осы заңмен өмір сүретін қауым құру мүмкіндігіне де үміт артуымызға болады.

К. ЖАРКЕЕВА,

66 мектеп-лицейінің әлеуметтік педагогі.

ҚАРАҒАНДЫ қаласы.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button