Жаңалықтар

Мектеп жаңашылдығы – цифрлық сауаттылықта

Қарағанды қаласындағы №101 мектеп-лицейде Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығына және Ыбырай Алтынсариннің 180 жылдық мерейтойына орай арнайы іс-шара ұйымдастырылды. Басты мақсаты – оқушылардың ұлт ұстазы Ыбырай Алтынсариннің өмірі мен шығармашылығы туралы деректерді білуге деген қызығушылығын арттыру, ұлттық құндылықтарды бойына дарыту.

Іс-шара барысында келген қонақтарға мектепшілік экскурсия ұйымдастырылды. Өзге ұлттан құралған мектептің оқушылары Ыбырай Алтынсариннің өмірі, еңбектері мен шығармашылығынан тұратын арнайы білім стендтер қазақ тілінде таныстырды. Оқушылардың қазақша сөйлегені барлығын тәнті етті. Мектепішілік экскурсия алдымен оқушылар кабинетін таныстырудан басталды. Бұл кабинет техника ғылымдарының кандидаты, профессор Сәбит Сейітұлы Қонтаев атындағы кәсіптік мансап кабинеті аталады. Осы жерде оқушылардың болашақ мамандығын таңдауына жағдай жасалған. Оның ішіндегі стендте Қазақстанның картасы орнатылған. Бұл – жай карта емес. Онда әрбір қаланың тұсына арнайы QR код енгізілген. Оқушылардың әр қаладағы ЖОО-ын білу және өз бейімділігіне қарай болашақта ЖОО-ын таңдау кезінде көмек болсын деген ниетпен мектеп әкімшілігі осындай арнайы стенд орнатыпты. Жас ұрпақтың цифрлық сауаттылығын арттыру мақсатында жасалып жатқан жұмыстар – мектеп жаңашылдығын танытады.

Экскурсия кітапханамен жалғасты. Бір ерекшелігі – бұл мектептің кітапханасында All My Books және MarcSQL деп аталатын заманауи электронды құрылғы орнатылған. Оқушы іздеген кітаптың авторы мен атауын енгізсе, электронды каталог сол туралы барлық мағлұматты шығарып береді. Аталған All My Books бағдарламасында 2125 кітап қоры бар, ал MarcSQL бағдарламасында мыңға жуық кітап енгізілген. Таныстыру барысында болашақта кітап қорын көбейтіп, ұлттық кітапханадағы кітаптармен толықтырылатыны туралы да айтылды. Мектепте электронды кітапхана жүйесі дамыған. Атап айтқанда QR код арқылы оқушылар кітапты онлайн форматта оқи алады. «Бір ел – бір кітап» акциясы бойынша «Тәуелсіздіктің 30 жылдығына – 30 кітап» атты көрме ұйымдастырылған. Мектепте 2018 жылдан бері балалар арасында кітап алмастыру және олардың кітапқа деген қызығушылығын арттыру мақсатында арнайы BookCrossing залы жұмыс жасап келеді. Мобильді кітапхана аясында Readbooks жүйесін құрылғыңызға орнату арқылы онлайн кітап оқуға мүмкіндік беретін ақпараттық стенд те орнатылған. Бұл – кітап оқимын деген балаларға көрсетілген бағыт-бағдар іспеттес дүние.

Заманға сай сапалы білім беру жолында еңбек етіп жүрген ұстаздардың ғылыми-зерттеу жұмыстары, методикалық еңбектері білім беру үрдісінде жетекші құрал болсын деген ниетпен жасалған келесі стендті оқушылар таныстырып өтті. Сонымен қатар, адам жақындаған кезде Ыбырай Алтынсариннің өлеңін мәнерлеп оқып беретін «Робот-Адам» да сол жерден табылды. Мұны робототехникамен айналысатын мектептің жас маманы жасаған екен.

Қазақстанның картасына да қабырғадан орын беріліпті. Қазақстан бойынша Ыбырай Алтынсарин атындағы мектептерді QR код арқылы табуға болады. Бұл еліміздегі Ыбырайдың ізімен ашылған мектептерді, ұстаз атындағы кітапханалар, мұражай, көшелерді де сол жерден аталған код арқылы оңай тауып алу үшін, оқушылардың қосымша білім алуы үшін арнайы жасалған. Сондай-ақ, ағартушы тұрған үйдің кішігірім макетін жасап көрсеткен. Бұл мектеп мұғалімдері мен оқушыларының қолынан шыққан туынды. Одан кейін оқушыларға эстетикалық, экологиялық тәрбиеберетін Ыбырайдың өлеңдері жазылған стендтерді таныстырып, балалар ақын өлеңдерін мәнерлеп оқып берді.

– Стендтерді даярлау барысында мұражай мамандарының көмегіне жүгіндік. Сонымен қатар, онда Ыбырай Алтынсариннің өміріне қатысты нақты деректер енгізілді. Бұл жұмыстардың жасалуына демеушілер қолдау білдірді, – деді мектеп директоры Раиса Әміртайқызы.

Қостанай қаласынан арнайы шақырылған Ы.Алтынсарин мемориалдық мұражайының мұрағат бөлімінің меңгерушісі Назгүл Шектібаева жас ұрпақтың игілігіне жасалып жатқан жұмыстар – мектеп жетістігі екенін атап өтті:

– Біз бәріміз Ыбырай Алтынсарин салып кеткен сара жолдың ізімен келе жатырмыз. Ұлт ұстазына арнап, мектептеріңізге арнайы стенд орнатыпсыздар. Мектеп үшін бұл – үлкен жетістік. Қабырғадағы көз тоқтатқан материалдар біздің музейде де бар. Қазақ балаларына арналған ең алғашқы оқулық саналатын «Қазақ хрестоматиясы» кітабының макеті мектеп қабырғасына ілініпті. Бұл да – бір ерекшелік. Аяқ басқан кезде сықырлауық еденнің өзі сол ғасырдан сыр шертетін көрініс ретінде бейнеленген макет те жасалыпты. Сондай-ақ, қазақ жерінде ең алғаш рет мектеп ашқан Ыбырай Алтынсариннің ғасыры мен бүгінгі ғасырды үндестіретін Қазақстанның картасын атап өткен жөн. Біздің музейде Ыбырай ашқан мектептер ғана көрсетілсе, бұл оқу орнында бабамыздың ізімен ашылған қазіргі мектептер тұтасымен алынған екен. Өткен ғасырда Ыбырай атамыз соққан қоңыраудың үні әлі күнге дейін Қазақстанның түкпір-түкпірінен жаңғырып естіледі. Әр қоңыраудың үнінде ұстаздың үлкен еңбегі жатыр. «Бір Аллаға сыйынып, Кел, балалар, оқылық» деген өлең жолдары – бүгінде қазақ балаларының әнұранына айналды. Сіздердің орталарыңызға келіп, осындай тамаша істің куәгері болғаныма қуаныштымын, – деді Назгүл Төкенқызы.

Мектеп директоры Раиса Кенешова алдағы уақыттарда мектепке Ыбырайдың есімі беріліп жатса, Ұстаздың туған жеріндегі мемориалдық мұражаймен байланыстың үзілмей, ары қарай жалғасатынын тілге тиек етті.

Облыстық білім беруді дамыту оқу-әдістемелік орталығының әдіскері Гүлназ Жаркеева мектепке Ыбырай Алтынсарин есімін беру жөнінде жоспарлармен бөлісті:

– Облыс бойынша алдағыуақыттарда №101 мектеп-лицейіне және Осакаров ауданындағы мектептердің біріне, сондай-ақ, Сәтбаев қаласындағы оқу орнына Ыбырай Алтынсарин есімін беру жөніндегі жұмыстар жасалып жатыр. Бұл заңды құжат түрінде бекітіледі, сондықтан біз жоғары жақтан қаулы күтіп отырмыз. Өздеріңіз көргендей, мектептерде осы бағыттағы жұмыстарға көп көңіл бөлінуде. Қазіргі кезде облыс бойынша Ыбырай Алтынсарин атындағы 4 мектептің құжаты бар, осы №101 мектеп-лицейі де олардың қатарын толықтырады деп сенемін, – деді әдіскер.

Гүлнұр СЕРІКЖАНҚЫЗЫ.  

ҚАРАҒАНДЫ қаласы.

Басқа материалдар

Back to top button