Мектеп психологының қауқары қандай?

Жақында Қазан қаласында мектепке шабуыл жасап, 9 адамды атып өлтірген сол мектептің бұрынғы оқушысы туралы жаңалық жаһанға тарады. Осыдан кейін тиісті ведомство өкілдері мектеп қауіпсіздігін арттыру туралы тапсырмалар да берді. Жөн де шығар. Алайда, балаға қауіп қарудан емес, қатарластарынан келуі мүмкін. Мектептегі мазақтың алдын алуда жауапкершілік жүгі мұғалімдерге түседі. Әсіресе, мектеп психологтарының жұмысы таразыға тартылады.

ҮШТІК ОДАҚ

Оншақты жыл бұрын мектеп психологтарының бары не, жоғы не бірдей еді. Басқаны қайдам, ауылдағы біздің мектепте солай-тын. Арасында тест алып кеткені болмаса, «психолог апайдың» не істейтінін білмеуші едік. Бәлкім, уақыт сондай болған шығар. Бірақ, қазір ондай заман емес. Мектеп психологы баланың психикалық жағдайына, ұстаздардың «педагогикалық жанбауына» және ата-анамен байланыс орнатуға жауапты.

Осы үш тараппен де жұмыс жасауы қажет.

Мәселен, жоғары сынып оқушыларымен суицид пен қылмыстың алдын алу, деструктивті әрекеттен сақтандыру бағытында жұмыс жүргізсе, атааналармен баланың дамуына жағдай жасау туралы мәселе көтереді. Әріптестерімен буллингтің алдын алу бойынша жұмыс жүргізеді. Мұны М.Жұмабаев атындағы №39 гимназияның психологы Меруерт Қошанова айтып отыр.

Әр баламен жұмыс жас ерекшелігіне қарай жасалады. Біз жұмысымызда қолданатын бағдарламалар, әдіс-тәсілдер бір жерден алынады. Ешкім өз бетінше ештеңе шығармайды, жүйелі жұмыс жүргізеді. Баланың дұрыс қалыптасуы үшін мұғалім де, ата-ана да мүдделі болуы тиіс. Жауапкершілік бәріне ортақ. Биылғы IV тоқсаннан бастап облыс бойынша психологтың жұмыс мониторингісі енгізілді. Маман не өткізсе де, мониторингке тіркеледі. Яғни, біздің жұмыстың бақылауы артты, – дейді психолог.

КИБЕРБУЛЛИНГ САЛДАРЫ МА?

Биыл 5-9 сыныптар арасында интернеттегі қауіпсіздік мәселесі көп айтылды, – дейді М.Қошанова. – Жеткіншектер үшін бұл кезеңде айналасы достары бірінші орынға шығады. Осы уақытта олар өздерін көрсету үшін түрлі әрекеттерге баруы мүмкін. Ниеті жаман адамдарға тап болуы да мүмкін. Біз өз тарапымыздан желінің әр жағында отырған адамға сенуге, сырыңды айтуға болмайтынын ескертеміз.

Қазір бәріміздің әлеуметтік желіге жіпсіз байланғанымыз жасырын емес. Қазандағы қылмыскер де «кибербуллингтің құрбаны болған» деп жатыр ақпарат көздерінде. Бір емес, тұрақты түрде зәбір көру, мазақ болу түптің түбінде сабырдың сарқылып, осындай ессіз әрекеттерге алып келуі мүмкін. Әрине, кесіп-пішіп айтуға келмес. Мұндай жағдай болмас үшін мамандар балада бос уақыт болмауы керек деп кеңес береді. Әрине, баласының телефонға телміргенінен гөрі түрлі үйірмеге қатысқанын кім қаламайды?! Алайда, біреуге қаражат қолбайлау, енді бір жерде қосымша сабақ жүргізетін мүмкіндік жоқ, келесісінде, өткізетін маман жоқ. Әйтпегенде, баласының біліп, үйренгенін қаламайтын ата-ана кемде-кем шығар. Бірақ, биден алып шығып, жүзуге, сосын таэквондоға беру «артық» екенін түсінген де жөн.

ОТБАСЫ ЖЫЛУЫ ҚАЙДА КЕТКЕН?

Бар жағдайын жасап берген бала да бақытты бола бермейді. Қазақ қоғамында үлкен парадокс бар: барлығы бала үшін, солардың болашағы үшін еңбек етіп жүрмін деген ата-ана онымен бір сәт сөйлесуге уақыт таппайды. Бір сәт көңіл бөліп, балабақшасында, мектебінде не болғанын сұрап, сезімдері мен пікіріне құлақ түрсек, бала өзін керек сезінері анық қой.

Отбасында махаббат пен қолдау көрген бала, ондайды сезінбеген баладан өзгеше болып тұрады. Біз көп жағдайда баламен сөйлеспейміз. Кейін өзгеріп кетсе, ренжиміз, – дейді Қарағанды университетінің психология кафедрасының аға оқытушысы Жарқын Ширинбекова.

Балаға әке-шешесі табатын ақшасы емес, бір ауыз сөзі мен көңіл бөлуі керек болуы мүмкін. Оны байқамай, отбасы жылуын бере алмаса, өз бетімен өскен қатігез ұрпақ келеді.

ПСИХОЛОГТАРҒА ТАПШЫЛЫҚ БАР

Соның бәрін байқайтын, бала бойындағы өзгерісті сезетін адам психолог болуы тиіс. Алайда, 300 бала мен 200 мұғалімнің ішінде мұны байқау қиындау. Себебі, бір мектепке бір психолог деген аз есептейді Жарқын Ширинбекова. – Жалпы, психология мамандығы мәртебесі жағынан студенттер арасында үшінші орында. Бірақ, қазіргі қалыптасқан жүйе бойынша бір мектепте орыс және қазақша бір-бір маман аз деп білемін. Соның салдарынан мектеп психологтарының жұмысы көрінбей қалады. Дамыған елдерде 8-10 болатын тұтас психологиялық қызмет жұмыс жасайды. Бізде кемі 4-5 адам болса, нәтижелі де болар еді, – дейді ол.

Психология магистрінің айтуынша, бүгінде университетте 300-ге жуық студент білім алуда. Практикалық психологиядан бөлек, педагогика-психология мамандығы бар екен.

Оның түлектері тек мектептерде жұмыс істей алады. Ал, бізден шыққан мамандар кез келген мекемеде психолог бола алады, – деп түсіндірді Ж.Ширинбекова. «НАСИХАТТЫҢ ЗИЯНЫН КӨРІП ЖАТЫРМЫЗ»

ЮНЕСКО-ның зерттеуі бойынша, Қазақстанда ай сайын әр бесінші оқушы буллингтен зардап шегеді екен. Мұндай жағдайдың орын алуына насихаттың да әсері бар екен. Жарқын Амангелдіқызының сөзіне қарасақ, балаға өзіміз ой салады екенбіз.

Мәселен, бүгін жоспар бойынша суицид туралы өту керек деп, суицид ойында жоқ балаға ой саламыз. Қазір буллинг те солай болып кетті. Кейінгі кездері көп айтылып, жазылып жатыр. Бұл таяқтың екі ұшы сияқты. Айтпаса тағы болмайды. Дегенмен, негативті емес, позитивті нәрселерді жиі айту керек. Сонда адамның ойы да өзгереді, – деп түйді психолог.

PS. Мектеп қашанда бала үшін қауіпсіз орын болып қалуы керек. Ол қауіпсіздікті қамтамасыз ету – ел билігі мен қоғам, яғни, біздің мойнымызда. Балаңыздың өмірі мен қауіпсіздігі үшін психолог та, мұғалім де, қоғам да емес, түптеп келгенде өзіңіз жауаптысыз.

Жансая ОМАБЕК.