МЕДИЦИНА ЖЕТІСТІГІ – ЖЕЗҚАЗҒАНДА

     Мемлекет басшысының тұрғындар денсаулығын нығайта түсуге қатысты берген тапсырмаларының жүйелі орындалуы – аса қажетті әрі мерейлі шаруа. Жуырда Жезқазған қалалық орталық ауруханасы базасында «Nova Medical Centre» диагностикалық орталығының ашылуы осынау қажеттіліктің өтеуіндей әсер қалдырды. Салтанатты тұсаукесер рәсіміне қала әкімі Батырлан АХМЕТОВ қатысып, жаңа медициналық қондырғының лентасын қиды.

Мемлекеттік-жекеменшік се­рік­тестікті дамыту шеңберінде тұрғындар игілігіне берілген магниттік-резонанстық томография арнайы мамандандырылған тексерістен өту мақсатында сырқат жандардың артық қаражат жұмсап, сыртқары өңірлерге сабылмауына дәнекерлік етеді.  Қысқасы, бұл қондырғыға қол жеткізу медицина мамандары мен науқас адамдардың көкейінде көптен бері жүрген тілегі болатын.

Клиниканың ашылу рәсімінде қала әкімі Батырлан Ахметов ел тілегінің орнықты орындалғанын атап өтті.  Орталық  ұжымының мамандарымен пікірлесіп, жаңа томографиялық қондырғының қызмет көрсету ерекшеліктерін зерделеді.

Өз кезегінде Орталық аурухананың директоры Есентай Мұсағұлов жағымды жаңалық «Nova Medical Centre» клиника желісінің басшылығымен арада жүргізілген екіжақты тиімді келісімдер нәтижесінде орын алып отырғанына назар аударды. Оның айтуынша, бүгінгі күннің өзінде магниттік-резонанстық қондырғы арқылы тексерістен өтуді қажетсінетін 150-ге жуық науқас бар екен. Ал, талдамалық тұрғыда алып қарастырғанда ауруханаға түскен әрбір екінші науқас томографиялық сараптамаға мұқтаж.

– Биылғы жылдың 28 тамызынан сынамалы түрде жұмысын бастаған медициналық орталық 60-тан астам сырқат адамға томографиялық тексеріс жүргізіп үлгерді, – дейді «Nova Medical Centre» клиникасының басқарма басшысы Кұрманбек Жанықұлов. – Сонымен қатар, құны 150 млн. теңгені құрайтын заманауи һәм соңғы үлгідегі қондырғының басты артықшылығының бірі – ашық үлгіде болуы. Бұл – томографиялық тексерістен балалар да, жасы ұлғайған адамдар да, жүкті әйелдер де еш кедергісіз өте алады деген сөз. Орталықтың медициналық қызметкерлері клиника желісінде арнайы оқытылған, тиісінше, магниттік-резонанстық томография аппаратын басқару тәсілдерін жетік меңгерген.

Қазіргі таңдағы медицина ұстанымында магнитті-резонанстық томография мен компьютерлік томография адам ағзасын толықтай тексерудегі ең қауіпсіз, сонымен қатар, нақты диагноз қоюдағы ең тиімді әдіс деп танылады. Магнитті-резонанстық тексерістің компьютерлік томографиядан айырмашылығы – анық кескін алу үшін магнитті өріс және радиотолқынды импульстарды қолдануы. Ал, компьютерлік томографияда рентгендік сәулелер қолданылатыны белгілі. Магниттік-резонанстық тексеру уақыты 15-18 минутты құрайды. Қолайлы қондырғы адамды 25 позиция бойынша тексереді және тәулік бойы жұмыс істеу мүмкіндігі бар. Аталған аппарат арқылы бас, ми, омыртқа, құрсақ қуысы, сондай-ақ, буындарды тексеруге болады.

Әлеуметтік жағдайы төмен адамдардың бөлінген квота аясында тексерістен тегін өту мүмкіндігі бар. Бұдан тысқары, зейнеткерлер үшін жеңілдіктер қарастырылған.

Ақылы тексерістің құны басқа қалалармен салыстырғанда едәуір төмен, нақтылап айтсақ, 13000 теңгені құрайды.

Ахат ҚҰРМАНСЕЙІТОВ

 

ЖЕЗҚАЗҒАН қаласы.

Суреттерді түсірген

Ғ.ӘБДІҒАППАРОВА.

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.