Баған

Медицина саласына ашықтық қажет

Өткен аптада облыстық перинаталдық орталықта аймақтың ноенатолог, анестезиолог-реаниматолог мамандары үшін халықаралық шеберлік сағаттары ұйымдастырылды. Тренингті педиатриядағы симуляция бойынша халықаралық топтың үйлестірушісі, шетелдік сарапшы Лоайса Уго өткізді.

Ана мен жаңа туған балалардың денсаулығының айналасындағы мәселелерді жақында Атырау облысында орын алған оқиға одан сайын ушықтырып жібергені жасырын емес. Сол шеберлік сағатында жаңа туған нәрестелерге, әсіресе, шала туған шақалақтарға алғашқы көмек көрсету, бағыпқағудағы жаңашылдықтарды үйреткен сарапшы бұл көмектің негізгі үш критериін атады. Ол әуелі – дұрыс медициналық күтім жасайтын мамандар, тиісті көмек көрсете алатын қажетті құрылғылар және ашықтық. Мамандар кәсібилігі және медициналық аппараттармен жабдықталу жайы туралы біз бұрыннан айтып та, жазып та келеміз. Бізді қызықтырғаны соңғы критерий – ашықтық болды. Маман өз сөзінде қазір әлемде, тіпті, көрші Ресейде реанимация бөлімдерінің ата-анамен байланысы, туған-туысқа ашық болу тенденциясы қалыптасқанын атап өтті.

Шынымен де, бұл үрдіс құптарлық екен. Ойлап көріңізші, сіз – ата-анасыз. Бауыр еті – балаңыздың денсаулығы мен өміріне қауіп төнді. Жедел жәрдеммен немесе өзіңіз ауруханаға жеткіздіңіз. Сізден баланы қабылдап алады да есікті алдыңыздан тарс жабады. Біздегі қалыптасқан жағдай – осы. Одан кейін ол жақта не болып жатқанынан бейхабар күйі шыққанкіргенді аңдып, есіктің аузын сағаттап күтесіз. Күткенде уақыт та жүрмейді. Сан түрлі жауапсыз сұрақ сананы торлайды. Танысы барлар танысын салып, бір хабарын болса да білуге тырысады. Негізі, беймәлім күй қашаннан адамға қорқыныш ұялатады. «Балама дұрыс қарап жатыр ма екен?», «Қолдан келгеннің барлығын жасады ма екен?» деген сияқты күдік-күмән да туындайды. Сонда ата-ананы осындай аласапыран күйге түсірмей, әкесі не шешесіне ішке енуіне рұқсат берсе, мұның бірі де болмас еді ғой. Олар керісінше, дәрігерлердің бала өмірі үшін жанталаса күресіп жатқанын өз көздерімен көріп, еңбегінің қандай ауыр екенін шын бағалар еді деген ой келеді. Дәрігерлер нақты жағдайды, қандай қауіп барын, тәуекелдерді ашық айтып түсіндірсе, кез келген адам қабылдайды емес пе? Тіпті, ота соңы сәтсіз аяқталған күннің өзінде дәрігердің барын салғанын көзі көрген адамның көкейінде «Салғырттық танытты ма екен деген?» күдік ұяламасы анық. Ондай жаңалықты жеткізген дәрігерлерге жұдырық ала жүгіретіндер де аз болар ма еді, бәлкім. Осындай қадам қоғам арасында құны түсіп бара жатқан дәрігерлердің мәртебесін қайта көтеруге де сеп болар, кім біледі?

Жалпы, қоғамның қай саласын алсаңыз да кез келген мәселені туындаған сәтінде шешу әдеті қалыптаспағанын байқау қиын емес. Өз-өзімізді алдап, оны барынша жамап, көрсетпеуге тырысып, бүркемелейміз. Ал ол қордаланып, наразылыққа ұласқанда басымызды тауға да, тасқа да соғып жолын іздейміз. Соған қарағанда, ашықтық пен айқындық – бар мәселенің шешімі ме деймін…

Жансая ОМАРБЕК,

«Ortalyq Qazaqstan» газетінің әлеумет бөлімінің меңгерушісі

Басқа материалдар

Back to top button