Басты тақырыпЖаңалықтар

Меңдегенді емдеген

    Облыстық медициналық орталықтың техникалық базасы заманауи жабдықпен толықты. Оториноларингология бөлімшесінде көпфункциялы ЛОР-комбайн іске қосылды.

Бүгінде дәрігерлер электр шамын жағып қойып, құлақ пен мұрын қуысына үңілудің машақатынан құтылып отыр. Және бөлімше меңгерушісі Нұрлан Күлмағанбетовтің айтуынша, жаңа құрылғының арқасында дерт диагнозын дәл қоюға мүмкіндік ашылуда.

ЛОР-комбайн – оңтүстіккореялық өнім. Лизинг арқылы 32 миллион теңгеге сатып алынған.

Нұрлан Күлмағанбетұлы 3-4 төрт жылдан бері басқарма басшылығына осы аппаратты алдыруға сұраныс жасатып келген екен. Сондағы көздегені – халықтың денсаулығы. Бұл жабдық арқылы кесел түрін қатесіз анықтаумен қоса, бірқатар емдік шараларды жүргізуге әбден болады. Комбайн эндоскоп, микроскоп құралдарымен жасақталған. Бес-алты есе үлкейтіп көрсетеді. Яғни, арнайы камера арқылы қос экраннан қадағалап отырып, науқастың диагнозын дөп баса аласыз. 360 градусқа айналатын қос кресло да ыңғайлы орналастырылған. Тағы бір айтары, комбайн орталықтандырылған су жүйесіне қосылған. Құбырмен келген салқын суды өзі жылытып береді. Күніне отыз-қырық адамды қарауға қауқарлы.

– ЛОР-комбайнның арқасында түрлі сыр­қаттарды емдеуде, алдын алуда қолымыз ұзарды. Жан-жақты аппаратты дұрыс пайдалана білсе, тәжірибесі шамалы дәрігердің де диагноз нақтылауда шатысуы мүмкін емес, – дейді Нұрекең.

Тәжірибе демекші, Нұрекеңнің есімі аймақ жұртшылығына, республика аумағына жақсы таныс. Қырық жылға жуық хирургия саласында тер төгіп келе жатқан Нұрекең осы уақытқа дейін мыңдаған адамға ота жасады. Көргені – мол. Небір қысылтаяң шақтарды басынан өткерген. Бір таңдай қағары, «емің қонбады» деп, шағым айтқан жан табылсайшы.

Нұрекеңнің шеберлігін әріптестері де растайды. Мәселен, Наурыз мейрамында жап-жас келіншек құлағындағы іріңі миына кетіп, ес-түссіз бөлімшеге түсіпті. Мұндай ауыр жағдайда ота дұрыс немесе дер кезінде жасалмаса, адам о дүниеге аттанып кетуі ықтимал. Сағат түнгі екінің шамасы екен. Нұрекең дереу ауруханаға жетіп, іске кіріскен. Сағаттарға созылған отаның нәтижесі сол, кеше науқас тілге келіпті. Әжептәуір әңгіме айтуға жараған.

Нұрекең жаңалықты өндіріске енгізуден тайсалмайды. Өзгелер жауапкершілігінен қорқып, бас тартатын істерді қолға алудан жасқанған емес. Қарағанды өңірінде соңғы отыз жыл көлемінде бірінші рет мүлде есту қабілетінен айрылған жандарға ота жасап, қатарға қосты. Осыдан төрт жыл бұрын басталған бұл тәжірибе қазір кеңінен қолданылуда.

Сондай-ақ, аймақ көлемінде алғашқы болып эндоскопиялық оталарды сәтімен жүргізуде. Яғни, қан шығармай, кеспей-тілмей, 5-10 минутта жанды қинаған дерттен құлантаза айықтырады. Бұрын мұндай оталар бір сағатқа созылушы еді. Қолы епсекті емші деп осындайда айтқан болар. Сол еңбегіне қарай, Нұрекең жоғарғы санатты дәрігерлер қатарынан лайықты орнын алып, бүгінде облыс бойынша штаттан тыс ЛОР-хирург міндетін абыроймен атқаруда.

Біз барғанда Нұрлан Күлмағанбетұлы жаңа аппараттың маңында жүр екен. Кезекті науқасты қарауда. Мейрам кезіндегі демалыс күндерінің салдары ғой. Кезекте тұрған кісі баршылық. Және барлығы дерлік Нұрекеңнің алдына жүгінуді қалайды.

Ақ желеңді ағаның да қарбалас жұмыстың көптігіне қабақ шытатын түрі жоқ. Жайдары жүзінен жауапкершілік жүгін айқын сезіндім. Өндірісті өлкедеміз ғой. Ауамыз ластанған. Дерт меңдеп тұр. Алаңдамыз! Меңдегенді емдейтін комбайн келді. Құлақтағы кеселден, тамақтағы баспадан арыламыз әлі.

Нұрқанат Қанафин

Суреттерді түсірген автор.

 

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button