Руханият

Маркс Нұрмақовқа жол берсе…

Әлихан Бөкейхан – Алаш және азаттық идеясының ұйытқысы болса, Нығмет Нұрмақов – еліміздегі қоғамдық институттардың негізін қалаушы бірегей тұлға. Бүгін Нығмет Нұрмақовтың есімін ұлықтау жөнінде айтпақпыз. Нақтыласақ, Қарағанды қаласы, Әлихан Бөкейхан ауданының орталығы Майқұдықтағы күре жол, К.Маркс-Магнитогорск көшесіне Нығмет Нұрмақовтың есімін беруді ұсынамыз. Бұл маңызды мәселені қолға алуға бірнеше себеп түрткі болып отыр. Ендеше, тарқатайық…

Нығмет Нұрмақовтың атқарған қызметі мен басынан кешкен қилы тағдырына тоқталайық.

Н.Нұрмақов – 1915-1918 жылдары қарапайым мектеп мұғалімі, Қарқаралы Кеңесі хатшысы, 1919- 1922 жылдар аралығында – Қарқаралы уезі революциялық комитеті, уездік атқару комитеті мүшесі, бөлім меңгерушісі, Семей губерниялық әскери революциялық комитет мүшесі, Семей губерниялық атқару комитеті Президиумы мүшесі және хатшысы болған. Ал, 1922 жылы «Қазақ тілі» газетінің редакторы, 1921-1923 жылдары бар-жоғы 26 жасында ҚАКСР Жоғарғы революция трибуналының төрағасы қызметін атқарады. 1923 жылдың мамырынан 1924 жылдың қыркүйегіне дейін ҚАКСР Әділет халкомы әрі прокуроры, «Қызыл Қазақстан» журналының редакторы, БК(б)П Қазөлкеком үгіт-насихат бөлімінің меңгерушісі болыпты. 1924 жылдың қыркүйегінен ҚАКСР Халкомкеңесі төрағасының орынбасары, осы жылдың қарашасынан 1929 жылдың сәуіріне дейін Төрағасы, 1931-1937 жылдары бүкілресейлік ОАК Президиумының ұлттар бөлімі меңгерушісі қызметтерін абыроймен атқарды. Қысқа ғана ғұмырында қандай қызмет атқарса да адалдықтан, адамдықтан айнымаған. Мәскеуде қызметте жүргенде де аз ұлттардың ертеңін ойлап, оларды біріктіріп, өсіп-өнуіне баса назар аударуы оның адамзаттық деңгейде ойлай алатын біртуар азамат екендігінен хабар береді. Қара басына қатер төнсе де, халықты ойлай алатын мұндай азаматтардың атын көшеге ғана емес, ауданға, қалаға берсе де, көптік қылмайды.

Қазақ КСР Халық Комиссарлары кеңесінің төрағасы болған ірі мемлекет қайраткері Сәкен Сейфуллин 1924 жылы Үкімет басшылығынан кетерде орнына Нығмет Нұрмақовты ұсынуы, оның халқына адал қызмет ететін қарым-қабілетіне селкеусіз сенімінің айғағы болса керек.

Қазір Нығмет Нұрмақовтың есімі Алматы, Қызылорда, Қарқаралыда көшелер мен мектептерге беріліп, Алматыда тұрған үйінің қабырғасына ескерткіш тақта орнатылған.

1994 жылы 19 желтоқсанда Қазақстан Республикасы Министрлер кабинеті №1424 «Көрнекті мемлекет қайраткері Н.Нұрмақовты мәңгілік есте қалдыру туралы» қаулы қабылдаған. Қаулының бірінші тармағында: «Қарағанды қаласының бір көшесіне Н.Нұрмақов есімі берілсін» деп жазылыпты. Үкіметтің осы Қаулысына сәйкес, сол кездегі облыс әкімі П.Нефедов 1995 жылы 3 наурызда әкімдіктің №43 Қаулысына қол қояды. Қаулыда: «Қарағанды қаласының Әкімшілігі Н.Нұрмақовтың мемориалдық тақтасын дайындап, оны №2 мектеп-интернатқа орнатуға қаржы қарастырсын, Қарағанды қаласының жаңа көшелерінің біріне оның аты берілсін» – деп көрсетілген. №2 мектеп-интернатқа Н.Нұрмақов аты берілді. Қаулыда «Қарағанды қаласының жаңа көшелерінің біріне оның аты берілсін» – деп анық жазылса да, Н.Нұрмақовтың аты қаланың ең шеткі аумағындағы 28 жекеменшік үй орналасқан ұзындығы 1,5 шақырым, бұралаң көшелерге беріліпті. Көшенің жайы туралы жазбақ түгіл айтуға ұят. Осындай көшеге Н.Нұрмақовтай ұлт тарихында ерекше орны бар көрнекті тұлғаның атын беру ел намысын былай қойғанда ұлттық намысымыз үшін үлкен сын. Көше тұрғындарынан сұрастырып көргенімізде орыс ұлты өкілдерінің: «улицу Нурмакова не знаем, но есть улица «Ермакова» деген жауабын естідік.

Осы Қаулыдан кейін де Қарағанды шаһары қанатын кеңге жайды. Тұрғын үй құрылыстары аса қарқынмен жүргізілді. Көптеген жаңа көше пайда болды. Алайда, сол қаптаған көшенің біреуі де Нығмет Нұрмақовқа бұйырмады.

Ал, 2021-2022 жылдары облыс, қала мәслихаттары мен әкімдіктерінің «Октябрь» ауданына «Алаш Орда» Үкіметінің тұңғыш төрағасы Әлихан Бөкейхановтың атын беру туралы бастамасының қала тұрғындары тарапынан қызу қолдау тауып, оны республика ономастика комитетінің қолдап, бекіттіруі тарихи оқиға болды.

Ендігі кезек – Нығмет Нұрмақовта. Жоғарыда айтқанымыздай, Майқұдықтағы күре жолға жақында күрделі жөндеу жүргізіліп, жан-жағы абаттандырылды. Бағдаршамдар, арнайы белгілер, жаяу жүргінші жолақтары қойылып, көше бойындағы үйлердің де тарихи бейнесі сақталып, жөнделді. Күніне 200 мыңнан астам адам қатынайтын бұл көше қаланың сәнін кіргізіп тұр. Бірақ, атауының ескіше «К.Маркс-Магнитогорск» болып қалуы – елдігімізге сын деп білеміз.

Отаршыл, озбыр саясаттың жазықсыз құрбаны болған қазақтың қос арысы Әлихан Бөкейханов пен Нығмет Нұрмақов Кеңес үкімет кезінде адамзат санасына, өркениет өресіне сиятындай тергеу, сот жүргізілмей, үштіктің үкімімен Мәскеудің Бутырка түрмесінде 1937 жылы 27 қыркүйекте бір күнде атылды. Алаштың арыс ұлдарының сүйектері (күлі) РФ астанасындағы Дон монастырі қабірстанында №1 ортақ қабірде жатқаны бертінде ғана белгілі болды. Баршаға мәлім, қуғын-сүргін кезінде жазалау шаралары репрессияға ұшырағандардың барлық отбасы мүшелеріне қолданылды. Нығмет Нұрмақовтың 1867 жылы туған әкесі – Нұрмақ Тәукебаев та 70 жасында РСФСР Қылмыстық кодексінің 58-бабының 10-бөлімінің 1, 11 тармақтары бойынша IIХК-ның Қарағанды облысы үштігінің 1937 жылдың 8 қарашадағы үкімімен ату жазасына кесілді. Тіпті, Нығметтің ұлы Ноян Нұрмақовтың соғыста саперлік бөлімшеге жіберілуі де тұлғаның отбасына ғана емес, ұлтқа жасалған қастандық екені анық.

Тәуелсіздіктің 20 жылдық мерекесі қарсаңында ұлт көсемдерінің зираты басына алғашқылардың бірі болып келісті ескерткіш тақта орнатқан сол кезде Қарағанды «Болашақ» университетінің ректоры болған Нұрлан Дулатбеков еді. Қазіргі уақытта Н.Дулатбеков басқарып отырған Академик Е.Бөкетов атындағы университеттің тарих факультеті ғалым-оқытушылары ұлт мүддесінің, Алаш арыстары мұрасының жоқшысы болып, қыруар жұмыс атқаруда.

Біздің мақсат – көрнекті тарихи тұлға Нығмет Нұрмақовтың есімін оның туған елі, Қарағанды облысының орталығында лайықты мәңгі есте қалдыру.

2021 жылдан бері Астанамызда қырықтан астам көше-қиылыстың атауын өзгерту жүргізілуде. Соның арасында Нығмет Нұрмақов та бар.

– Биыл ел азаттығы үшін күрескен әкеміздің туғанына 128 жыл толады. Ә.Бөкейханов пен Н.Нұрмақовтың бір күнде атылып, халқы үшін соққан жүректері бір сәтте тоқтап, екеуінің бірге бір қабірде жатқанын білеміз. Осыны ескеріп, ауданның бас көшесіне (К.Маркс-Магнитогорск) биылғы жылдың сәуір айының 25-і туған күніне орай Нығмет Нұрмақовтың есімі берілсе, аруағы да, ұрпақтары да, қала тұрғындары да риза болар еді, – дейді Н.Нұрмақовтың інісі Жәмелдің ұлы, Ішкі істер министрлігінің Құрметті ардагері Мұқан Нұрмақов.

Әлихан Бөкейхан өзі туған Арқа жерінде биікке көтерілді. Әлі алдымызды еңселі ескерткішін қою міндеті тұр. Ал, сол Әлихан Бөкейхан ауданының орталығы Майқұдықтың бас даңғылына Н.Нұрмақовтың есімін беру тарихи әділ шешім болар еді. Тірісінде де иық тіресе жүріп, Тәуелсіздік жолында құрбан болған қос тұлғаға бір жерден топырақ бұйырды. Енді, кейінгі ұрпағына да екеуінің айбатты есімі қатар аталып, рух беріп тұрса дейміз.

Облыс әкімдігі осы бір маңызды мәселенің шешімін табуына мұрындық болады деп сенеміз. Біздің сенім – халықтың сенімі. Халық – Құдайдың екінші аты. Елімізге танымал аймақтың бетке ұстар азаматтары облыстық әкімдікке жазған, 200-ге жуық адам аталған ұсынысты қолдаған хат бар. Ел бірауыздан қолдаған бастама оң шешімін тауып, Майқұдықтан қайраткердің туған жері Қарқаралы, Егіндібұлаққа шығар күре жолға бастайтын ұзын көшеге (К.Маркс-Магнитогорск) Н.Нұрмақов есімі берілсе, өшкеніміз жанып, өлгеніміз тірілер еді. Октябрьді – Әлихан, К.Маркс пен Магнитогорскіні – Нығмет ауыстырса, ештеңе жоғалтпаймыз. Керісінше, елдің еңсесі көтеріліп, тарихи сана жаңғырары сөзсіз!

Жәлел ШАЛҚАР,

Оrtalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button