Мәселе

Мамандықтың озығы, тозығы бар

Технология түрленген дәуірде мамандыққа деген сұраныс та өзгереді. Бір кезеңде гуманитарлық бағыттағы мамандықтарға сұраныс артты. Қазір технологиялық бағыт – басым. Бұл – мамандық таңдау бір тенденцияда тұрмайды деген сөз. Өткенді ескеріп, алдағы кезеңге көз жүгіртсек, мамандық таңдау жайын шамалауға болады. Мәселен, «Болашақ» қауымдастығы кеңесінің мүшесі Мұхтар Манкеев 2030 жылға қарай трендте болатын ТОП-7 мамандықты атады.

– Екі мамандықтың бірігуінен туындаған ІТ-дәрігер деген мамандық бар. Бұрын блогерлер, SMM-менеджерлер дейтін едік. Оларды ешкім оқытпайтын да. Қазір солардың басын біріктіретін «Тренд бақылаушысы» деген кәсіби бағыт дамуда. «Биоинженер», «Деректер талдаушысы» немесе «Data-аналитик» деген мамандықтар сұранысқа ие болмақ. «Урбанист-экологтарға» да сұраныс жоғарылап келеді. Бұрын тек архитекторлар жұмыс істесе, қазір экологияны бірге алып жүретін гибрид мамандық пайда болды. «Жоба менеджері», «жасанды интеллект және машиналық оқыту саласындағы маман» деген сияқты жаңа-жаңа бағыттар дамиды, – дейді Мұхтар Манкеев болжамы.

Сарапшылар да 2025 жылы осы мамандықтарға сұраныстың артатынын айтып отыр.

Әр адам мамандықты өзі таңдауы қажет. Мамандығына жантәнімен берілген, білікті маман – қашан да сұранысқа ие. Өкінішке орай, ата-ана мен танысының айтуынша оқуға түсіп, басқа салада жұмыс істеп жүргендер де бар. Мамандығымен жұмыс істегеннің өзінде, оған разы емес. Нәтижесінде, істеген ісінен береке кетеді.

– Мен таңдаған мамандық кейіннен пайда болды десе де артық емес. Біздің аймақта алғашқылардың бірі болып Қарағанды медицина университетінде қолға алынды. ІТ-медицинаның басты мақсаты – жаңа технологияны медицинаға енгізе отырып, пациенттерге қолайлы жағдай туғызу. Мәселен, «DamuMed» бағдарламасы. Дәрігердің қабылдауына жазылу, талдамалар қорытындысын алуға мүмкіндік берді. Дәрігер де, ем алушы да қағазбастылықтан арылады. Барлық мәлімет электронды ортақ базада сақталады. Бұл дер кезінде көмек көрсетуге және уақыт үнемдеуге мүмкіндік берді. Ал, бұл медициналық қызмет сапасын арттыруға да айтарлықтай ықпал етеді. Жалпы алғанда, Қазақстанда ІТ саласын дамытуға билік тарапынан ерекше қызығушылық және қолдау бар. Біздің маман ретінде міндетіміз – медициналық импорттарды іске қосу, бұзылғаны болса жөндеу, – дейді, қоғамдық денсаулық сақтау кафедрасы, ІТ-медицина мамандығының ІІІ курс студенті Нұрмұхан Қалқаманұлы.

Мамандық таңдау мектеп қабырғасынан басталады. Бірқатар мектептерде кәсіптік бағдар беру іс-шаралары дұрыс жолға қойылған. Ерте бастан 9 және 11 сынып түлектерімен пікірлесу барысында шәкірттің қандай салаға бейім екенін бағдарлайды. Сол арқылы қажетті ақпараттар бере отырып, жас түлектің бағытынан жаңылмай дұрыс мамандық таңдауына ықпал етеді.

– Мектеп түлектерін және 10 сынып оқушыларын Астана қаласындағы Назарбаев Зияткерлік университетіне, Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетіне, Астана ІТ университетіне, М.Нәрікбаев атындағы Заң университетіне апардық. Қарағанды қаласындағы барлық жоғары оқу орындарының кәсіптік білім бағдарымен танысып шықты. 9 сынып оқушыларын колледждерге алып бардық. Жоғары оқу орындарының мамандары да оқушылармен кездесіп тұрады. Бірқатарымен меморандумға отырдық. Оқушылардың «Болашақ» бағдарламасының стипендиаты Гүлшат Кемеловамен кездесуі мазмұнды өтті, – дейді Абай атындағы гимназияның педагог-кәсіптік бағдарлаушы, денешынықтыру пәнінің мұғалімі Дидар Әлімбеков.

Биыл сұлулық салоны мамандары, психолог, дерек талдаушы, логист, дәрігер, фитнес жаттықтырушысымен қатар, подкаст жүргізушісі ретінде журналист мамандар да сұранысқа ие. Мәселен, бір ғана логист маманы. Онлайн сауда барысында алған тауардың дұрыс жетуін қадағалайтын, әрі жеткізу қызметін көрсететін осы жеке логист мамандар. Алайда, уақыт сұранысына сай деп жаппай бір салаға кетіп қалу да мүмкін емес. Біздің елде инженерия, химия-энергетика, агроөнеркәсіп, коммуналдық шаруашылық мамандары тапшы екенін де естен шығармаған абзал.

Дегенмен, ерте кезден келе жатқан, бүгінде де маңызын жоғалтпаған, болашақта да сұранысын жоғалтпайтын мамандықтар жоқ емес. Зерттеу нәтижелері көрсеткендей, олардың көшін мұғалім және дәрігер мамандары бастап тұр екен.

Аймақта 11 сынып бітіретін 6 800, 9 сыныпты аяқтайтын 15 550 түлек бар. Аттестат алар уақыт жақындаған сайын олардың «Қай мамандықты таңдасам болады?» деген сансыз сұрақпен бетпе-бет келері сөзсіз. Иә, мамандық таңдау адам өміріндегі маңызды қадам. Әрине дұрыс таңдай білсе. Мамандықтың озығы бар, тозығы бар…

Сағыныш ӘБІЛ.

Оrtalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button