Жаңалықтар

Майданнан жолданған хатар ізімен

Өткенде соғыс жылдары майдандағы жауынгердің газетте жарияланған өлеңі («Кешегі мен ұрпағы батырлардың» – «Ortalyq Qazaqstan», 26 маусым 2021 жыл) әңгіме болған еді, енді тағы бір-екі ұрыстағы армиядан жолданған хаттың ізіне түсіп көрейік. Бұл жолы әңгіме жаңаарқалық жауынгерлер туралы болмақ.

Газеттің сол 1943 жылы 7 қараша күнгі санында шыққан «Қос орденді Мәлікаждар» атты суреттеменің авторы гвардия сержанты Әбілқасым Әбілдин деген жауынгер екен. Автор Қорғалжын ауданының тумасы (1941 жылдың желтоқсанына дейін бұл аудан Қарағанды облысына қарайтын) Мәлікаждар Түсіпбайұлының майдандағы ерліктерін тартымды баяндайды. Жауынгерлік Қызыл Ту және Қызыл Жұлдыз ордендерімен наградталған қатардағы солдаттың ерліктерін суреттеп, халықтың рухын көтереді.

«Нұрлы жүзді, орта бойлы, қара қасы қыйылған жас жігіт Н. госпиталінің әдемі, жарық бір бөлімінде емделіп жатты. Бұл оның жетінші рет жаралануы еді. Соғыстан бұрын ол Қарағанды шахтасында қайланы құлаштай ұрып, көмірді вагондап берген таңдаулы стахановшы», деп бастайды әңгімесін Әбекең майдандық газеттің кәнігі журналисіндей. Мәлікаждар бір күні түскі астан кейін госпитальдағы жаралы жолдастарына жаумен қалай алысып, жараланғанын қызықты әңгімелеп береді. Газеттің орта тұсын алып тұрған көлемді материал екен, сондықтан үзінділер ғана келтірейік. Кескілескен қоян-қолтық ұрысты Әбілқасым жауынгер де шебер суреттейді.

«…Мен тізбектің сол жақ қанатында келе жатыр ем, менің алдымда немістің 3 солдаты найзасын соза маған ұмтылды. Мылтықтың оғын жұмсауға уақыт тар болды. Найзаласуға тура келді. Алғашқы келген бірін жүрегінің тұсынан түйреп, сол жерде құлаттым. Кейінгі екеуінің бірі найзасын сол иығымнан келіп түйреді. Сондағы найзаның орны міне, деп найзаның тиген жерін көрсетті. Үшінші неміс жеткенше мұны да мылтықтың дүмімен басқа ұрып, мыйын шақтым. Үшінші неміспен қолма-қол қалайша белдесіп кеткенімді өзім де сезбедім. Абажадай зор неме екен. Айқас ұзаққа созылса керек. Алғашқы ұстасқан жерде қалған қарудан біраз ұзап кетіппіз. Неміс те өлгісі келмейді. Намысым қозды. Бойыма күш еніп кеткендей болды. Жауды арқадан қайра ұстап, шалып алып жерге бір-ақ соқтым. Зор неміс жерге дүрс ете түсті. Кеудесіне мініп отырып жанымдағы қындағы фин пышағымды суырып алып, жүрегінің тұсынан сұғып алдым. Енді кегім аздап басылғандай болып тұра бергенімде, арқамнан біреу қағады. Қарасам, рота командирі Назарчук екен…».

Осы ұрыстағы көзсіз ерлігі үшін қазақтың қайсар жауынгері Кеңес Одағының аса мәртебелі наградасы – Қызыл Ту орденіне ие болады. Соңғы бір ұрыста еңбектеп барып, гранатамен жаудың бас көтертпей оқ борап тұрған пулемет ұясының көзін жояды. Бірақ, жау снаряды жарылып, командирі қаза табады да өзі ауыр жараланады.

«Мәлікаждар майданға тағы оралды. Оның соңғы ұрыстардағы ерлігін бағалап, командование оны Қызыл Жұлдыз орденімен наградтады. Қос орденді Мәлікаждар соғыста қазірде де асқан ерлік көрсетіп жүр», – деп аяқталады газет мақаласы.

Автор баяндаған оқиға ойдан шығарылмаған. Ресей Қорғаныс министрлігінің «Память народа» сайтына кіріп, Әбілқасым ата жазған кейіпкерінің шын екендігіне көзіміз жетті. ҰОС ардагері Мәлікаждар Түсіпбаев (құжаттарда Тусупбаев Малкаждар) 1912 жылы Қорғалжын ауданы, Құмбол ауылдық кеңесі, «Жаман көң» колхозында өмірге келген. Ленинград майданының 67-армия 268-атқыштар дивизиясы 947-атқыштар полкында әскери міндетін өтеген екен. Бірнеше ерлік көрсетіп, жараланған. Жоғарыда аталған наградаларға қоса «Ленинградты қорғағаны үшін» медаліне, соғыстың соңында, яғни, 1946 жылы 6 тамыздағы жарлықпен ІІ дәрежелі «Отан соғысы» орденіне ие болған. Демек, емделіп, еліне аман-есен оралған деуге болады.

Ал, енді осы мақаланың авторы кім екен? Тағы да «Память народа» сайтына жүгініп, ол кісінің Жаңаарқа ауданының Атасу ауылында 1922 жылы туғанын, аудандық комиссариат арқылы 1942 жылғы 13 наурызда әскерге шақырылғанын, 64-гвардиялық атқыштар дивизиясы құрамында гвардиялық сержантаға хатшы (писарь) болғанын оқып білдік. Бірақ, сайттағы 8 құжаттың бесеуі жаралы адамның картотекасы болып шықты, осыған қарап ауыр жараланған деген ойға келесің. Және 1943 жылы күзде әскерден босатылған. Құжаттардағы қысқа жазулар осы ғана. Бір жерде білімі жоғары, педагог деген сөз жазылған екен. Осы кісі жаңаарқалық журналист ағамыз Қалиақпар Әбілдиннің туысы емес пе екен деп, 2009 жылы жарыққа шыққан «Жаңаарқа» энциклопедиясына қанша үңілсем де арнайы мақала, не соғыстан қайтпаған өлілердің («Боздақтар»), не елге оралған тірілердің («Майдангерлер») тізімінен таба алмадым. Ана жылы Кубаға бірге сапар шеккен тележурналист Нұрлан Әбілдин бауырыма телефон шалайын. Ол астанаға ауысып кеткен еді, қайтып оралып өзіміздің «Saryarqa aqparat» холдингінде қызмет істеп жүр екен. «Иә, ол кісі туысымыз болады, атамның немере ағасы» – деді де ол «нақты деректерді Шаһизада апайдан біліңіз» – деп телефонын берді. Ендеше, газетке үзеңгілес достары туралы айтулы мақала жазған жерлесіміздің тағдырын қызының аузынан естиік.

Әкеміз Ленинград түбіндегі ауыр шайқастардың бірінде аяғынан жараланып, содан әскери госпитальда жөні түзу күтім болмаған соң жарасы гангренаға айналады да дәрігерлер аяғын кеседі, – деп бастады әңгімесін Шахизада Әбілдина. Соғысқа дейін Қызылжар педтехникумын бітірген екен, орысша-қазақша сауатты болғандықтан штабта қалдырылып, писарь қызметін атқарады. Газетке мақалалар жазып жүргені сол кез ғой. 1943 жылы елге оралады. Шешеміз Қамарияға үйленіп, екеуі төрт ұл, төрт қыз тәрбиелеп өсірді. Балаларының бәрін жеткізді. Өзім дәрігермін. Қазір Нұр-Сұлтан қаласында тұрамын. Әкей Ақмола ауыл шаруашылығы институтын аяқтап, бухгалтер-экономист мамандығын алды. Жезқазған облыстық ауыл шаруашылық басқармасының ревизоры болды. «Ленинградты қорғағаны үшін» деген медалі болатын. Соны аса қастерлейтін. Кейін ІІ дәрежелі «Отан соғысы» орденімен, мерекелік медальдармен марапатталды. 1996 жылы дүниеден өтті. Соғыста аяғымды бердім деп қайсыбіреулер сияқты өзеуремейтін, содан шығар есімі энциклопедияларға енбей қалғаны…

Осы мақаланың астын ала Жаңаарқа ауданынан С.Мақамбетов деген автордың шағын ғана «Төлеутай жауынгердің серті» деген хабар басылған екен. Онда «Еңбекшіл» колхозының бұрынғы мүшесі Төлеутай Бекбосыновтың жерлестеріне жазған хаты келтіріледі. «Мен қазір 96 фрицті өлтірдім, немістерді алды-артына қаратпай батысқа қарай қуып барамыз. Үкімет азды-көпті еңбегімді бағалап, мені Қызыл Жұлдыз орденімен және «Сталинградты қорғағаны үшін» медалімен наградтады. Сіздер де майдан алдындағы борышыңызды абыроймен орындап отырыңыздар», – деп жазған екен майдангер.

Әдетімізбен «Жаңаарқа» энциклопедиясын ақтарып едік, тағы да майдангер еш тізімде, мақалада жоқ болып шықты. Ал, Ресей сайтында жауынгердің қысқа деректері сайрап тұр. Ол 1910 жылы Жаңаарқа ауданында туған екен. Аудандық әскери комиссариатынан 1941 жылы қазан айында майданға аттанады. Кейінгі деректер бойынша әскери міндетін 128-атқыштар дивизиясының 741-атқыштар полкында өтейді. 1943 жылғы 3 шілдеде Қызыл Жұлдыз орденімен, сондайақ «Ленинградты қорғағаны үшін» (газетте жазылғандай Сталинград үшін емес), «Берлинді алғаны үшін», «Германияны жеңгені үшін» медальдарымен, 1945 жылғы 24 мамырдағы жарлықпен ІІ дәрежелі «Отан соғысы» орденімен наградталған. Ақсақал елге аман-есен оралып, 1986 жылы Ұлы Жеңістің 50 жылдығы құрметіне І дәрежелі «Отан соғысы» орденіне ие болады.

Ұлы Отан соғысының басталғанына 80 жыл толса да, оның жазылмаған тарихтары әлі толып жатыр. Міне, қанқұйлы соғыстың қайнаған тұсында шығарылған газеттің бір беті туралы талай бет әңгіме жазуға болады екен. Иә, соғыс жылдары газетке шыққан әрбір хат-хабардың, өлең-дастанның астарында талай құпия сыр жатқаны даусыз…

Аман ЖАНҒОЖИН,

«Ortalyq Qazaqstan» газетінің ардагер журналисі.

Басқа материалдар

Back to top button