Ресми

МАҚСАТ – ҚОЛЖЕТІМДІ БАСПАНАМЕН ҚАМТУ

Құрылыс – қай кезеңде болмасын, әлеуметтік-экономикалық маңызы бар сала. Бұл бағыттың даму қарқыны көбінесе, аймақ экономикасының динамикасын да, тұрғындардың өмір сүру сапасын да анықтайды.

«Қарағанды облысының құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы» мемлекеттік мекемесі коммуналдық меншік нысандарын салуды және қайта жаңартуды, сәулет және қала құрылысын дамытуды жүзеге асырады.

Облысымыздағы құрылыс саласындағы экономикалық өсімді қамтамасыз ету бойынша 2020 жылға екі нысаналы индикатор арқылы жоспарланған көрсеткіштерге қол жеткізілді. Ол – құрылыс жұмыстары мен қызмет көрсету көлемі, тұрғын үй ғимараттарын пайдалануға беру.

2020 жылы Қарағанды облысындағы құрылыс жұмыстары 466,3 млрд. теңге көлемінде орындалды. Көліктік, ірі өнеркәсіптік нысандардың құрылысы және «Нұрлы Жол» бағдарламасында инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру, сондай-ақ, «Нұрлы Жер» бағдарламасы шеңберінде тұрғын үй құрылысы есебінен 2019 жылғы көлемнен 6,9%- ға артып отыр. Құрылыс жұмыстары бойынша өңір республикада 3-орын алады. Оның үлесіне республикалық көлемнің 9,5%-ы тиесілі.

2021 жылы құрылыс жұмыстарының 103,2%-ға (485,8 млрд.тенге) дейін өсуін қамтамасыз ету жоспарлануда. Тұрғын үй инфрақұрылымын жақсарту саласында мемлекеттік саясатты жүзеге асыру басқарманың басым бағыты болып табылады.

2020 жылдың қорытындысында облыста «Нұрлы Жер» тұрғын үй құрылысы мемлекеттік бағдарламасын іске асыру барысында қаржыландырудың барлық көздері есебінен 529,4 мың шаршы метр тұрғын үй (6,3 мың пәтер) пайдалануға берілді. Бұл – 2019 жылмен салыстырғанда 25,8%-ға артық.

Іске қосу көлемінің 26%-ы – жеке тұрғын үйге (138 мың шаршы метр), 46%-ы – коммерциялық (243 мың шаршы метр) және 28%-ы мемлекеттік секторға (148 мың шаршы метр) тиесілі.

Жыл соңында бюджет қаражаты есебінен 148,0 мың шаршы метр мемлекеттік тұрғын үй пайдалануға берілді. Өсім 2019 жылғы деңгейге қарағанда 97%-ды құрады (2019 жылы-75,0 мың шаршы метр тұрғын үй болған). Көрсеткіш көлемінің ұлғаюына тұрғын үй құрылысы облыстық және жергілікті бюджеттер арасында тепе-тең негізде жүзеге асырылатын 50/50 өңірлік тұрғын үй құрылысы бағдарламасын іске асыру ықпал етті.

2021 жылы қаржыландырудың барлық көздері есебінен 662,0 мың шаршы метр тұрғын үй немесе 2020 жылғы деңгейге қарағанда 25%-ға артық баспананы іске қосу жоспарлануда (шамамен 6,8 мың пәтер).

Атап айтқанда, оның 23%-ы – жеке тұрғын үй (157 мың шаршы метр), 54%-ы – коммерциялық (355 мың шаршы метр) және 23%-ы мемлекеттік сектор (150 мың шаршы метр).

ӘЛЕУМЕТТІК МАҢЫЗДЫ НЫСАНДАРДЫ ДАМЫТУ

2020 жылы 8 әлеуметтік маңызы бар нысан пайдалануға берілді, оның ішінде:

– денсаулық сақтау нысандарын дамыту аясында Нұра ауданының Шахтерское ауылы мен Қарқаралы ауданының Қарағайлы кентінде 2 дәрігерлік амбулаторияның құрылысы аяқталды;

– білім беру нысандарын дамытуда Қарағанды қаласының 30-шы шағынауданында 1200 оқушыға арналған және Жезқазған қаласында 900 оқушыға арналған екі мектептің және Қаражал қаласындағы №1 ЖОББМ спортзалының құрылысы аяқталды;

– Сәтбаев қаласы мен Қарқаралы қаласында екі әкімшілік ғимараттың және Қарағанды қаласында Бірыңғай үйлестіру орталығының құрылысы аяқталды.

Ағымдағы жылы 34 нысанның құрылысы жүргізілуде. Нақтыласақ, олардың қатарында 11 білім беру, 3 мәдениет, 9 спорт, 9 денсаулық сақтау, 2 ветеринарлық нысан бар.

2021 жылы келесі нысандарды аяқтау жоспарда:

– Қарқаралы ауыл шаруашылық колледжінің жатақханасы;

– Қарағанды қаласындағы лицей-интернатына жапсарлас құрылыстар (бұрынғы қыздарға арналған КТЛ мектебі) ;

– Қарағанды қаласындағы БЖС;

– Сәтбаев қаласындағы Оқушылар сарайы;

– Сәтбаев қаласындағы балабақша;

– 2 мектеп – Қарағанды қаласы, Шет ауданы Киікті кентінде;

– Саран қаласындағы мектеп спортзалы;

– Жезқазған тарихи-археологиялық мұражай ғимаратына жапсаржай;

– Жошы ханның Жезқазған қаласындағы тарихи-мәдени кешені;

– Ұлытау ауданының «Ұлытау» мұражайы мен орталығына инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым желілері;

– 5 дене шынықтыру-сауықтыру кешені (Жезқазған, Шахтинск қалаларында, Бұқар жырау ауданы Ботақара кенті, Ұлытау ауданы Қарсақпай кенті және Жезді кентінде);

– Жаңаарқа ауданының Атасу кентінде және Нұра ауданының Нұра кентінде жаттығу залы бар 2 бассейн;

– Сәтбаев қаласындағы «Юность» стадионын қайта құру;

– Қарағанды қаласының Майқұдық бөлігінде және Сұрыптау ауданында екі жедел медициналық жәрдем қосалқы станциялары;

– Жезқазған қаласындағы тез құрылатын жұқпалы аурулар ауруханасы;

– Қарағанды қаласындағы позитрондыэмиссиялық компьютерлік томография (ПЭТ/ КТ) және ОФЭКТ орталығының ғимараты;

– Қарағанды қаласының №1 көпсалалы ауруханасы жанындағы қабылдау-диагностикалық бөлімшесі;

– Нұра ауданы Кертінді ауылындағы ФАО.

– Нұра ауданының Ахмет ауылындағы және Абай ауданының Дубовка ауылындағы ветеринарлық пункттер.

Келесі нысандар бойынша құрылыс жалғасуда:

– Жезқазған қаласының Кеңгір ауылындағы 80 орындық мектеп;

– Жаңаарқа ауданы Атасу кентіндегі 464 орындық мектеп;

– Жезқазған қаласының балабақшасы;

– Қарағанды қаласындағы «Спорт кешендері» нысанының аумағын абаттандыру және инженерлік желілерді тарту;

– Қарағанды қаласындағы онкологиялық диспансерге операциялық-реанимациялық блокты кеңейту;

– Қарағанды қаласында 200 орындық облыстық көпбейінді аурухана салу;

– Қарағанды қаласындағы №3 көпсалалы аурухана базасында True Beam желілік үдеткішін орналастыруға арналған қосымша құрылыс.

Сонымен қатар, 31 фельдшерлік-акушерлік орталықтың құрылысын бастау жоспарланған, оның ішінде, Абай ауданында – 1, Ақтоғай ауданында – 1, Бұқар жырау ауданында – 6, Жаңаарқа ауданында – 3, Қарқаралы ауданында – 3, Нұра ауданында – 2, Осакаров ауданында – 2, Ұлытау ауданында – 6, Шет ауданында –7.

МАҚСАТ – АЙҚЫН, МЕЖЕ – БЕЛГІЛІ

«Қазақстан Республикасындағы сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы» Заңның 47-бабына сәйкес елдімекендердің аумақтарын дамыту және оларға құрылыс салу белгіленген тәртіппен бекітілген бас жоспарлар негізінде жүзеге асырылады.

Қарағанды облысы бойынша 442 елдімекен бар, оның 356-сы жаңа бас жоспармен қамтамасыз етілген. Бұл – 81% шамасында.

Басқарма өз құзыреті шеңберінде халық санының өсуін, сондай-ақ Қарағанды облысының әрбір қаласының, ауданының ерекшеліктерін ескере отырып, елдімекендердің жайлы тұрғын ортасын дамытуды қамтамасыз ететін бірыңғай тұрғын үй саясатын және тұрғын үй-коммуналдық саладағы саясатты іске асырады. Тұрғын үй құрылысы мен әлеуметтік маңызы бар объектілер құрылысындағы негізгі шаралар құрылысты ынталандыруға, жаппай құрылыс салу аудандарын инженерлік коммуникациялармен жайластыру және халықты тіршілік ету объектілерімен қамтамасыз ету есебінен қолжетімді тұрғын үймен қамтамасыз етуге бағытталған.

«Қарағанды облысының құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы» ММ қызметі туралы ақпарат басқарманың сайтында қолжетімді www.gov.kz/memleket/entities/ karaganda-kurylys?lang=ru, www.gov.kz/ memleket/entities/karaganda-kurylys?lang=kz сондай-ақ, осы сайтта сіз басқарма құзыреті шегінде қаралатын өтініштер мен ұсыныстарды жібере аласыз.

Тайхан ҚАЛМАХАНОВ,

Қарағанды облысының құрылыс,

сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы.

Басқа материалдар

Back to top button