Бас тақырып

Мақамы бөлек Мақсат ақын

Көкшетау қаласында халық ақыны, қазақ айтыс өнерінің абыз ақсақалы атанған Көкен Шәкеевтің 100 жылдық мерейтойына орай «Көкшенің көк семсері Көкен ақын» тақырыбында Қазақстан мен Қырғызстанның айтыс ақындары арасында халықаралық ақындар айтысы өтті. Айтулы шара Ақмола облысы әкімдігінің қолдауымен ұйымдастырылған.

Сурет М.Ахановтың әлеуметтік желідегі парақшасынан

Дүбірлі жыр додасы қазақ пен қырғыздың әдеби мұрасын қатар дамытып, достығын нығайтуға сүбелі үлес қосқан Сүйінбай мен Қатағанның, Османқұл мен Кененнің, Жамбыл мен Тоқтағұлдың жүрген сара жолымен суырыпсалма өнерді насихаттап, одан әрі дамыту мақсатын көздеді.

Айтыста қазақтың Мақсат Аханов, Жансая Мусина, Мұхамед Қонқаев, Нұрлан Есенқұлов, Аспанбек Шұғатаев сынды жүйріктері, қырғыз елінің Амантай Кутманалиев, Азамат Болгонбаев, Кубат Тукешов, Нурсултан Малдыбаев, Жамайка Токонова сияқты төкпе ақындары сөз сайыстырды. Одан бөлек, екі көршілес елдің дәстүрлі әншілері Айгүл Қосанова мен Эльзар Өскөнбаева, күйшілер Бекзада Достиярова мен Закирбек Дүйшөнбек уулу, жыршылар Елмұра Жаңабергенова мен Самат Көчөрбаев, термешілер Арафат Ысқақов пен Құндыз Таштаналиева өнерін паш етті. Айтыстың тізгіні Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Аманжол Әлтаевта болды.

Жыр аламанының қазылар алқасына Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстан айтыс ақындары мен жыршы-термешілердің халықаралық одағының төрағасы Жүрсін Ерман төрағалық етті.

Айтыс барысында еліміздің жетістіктері жырға арқау етіліп, түрлі келелі мәселе де көтерілді. Қыз бен жігіттің әзіл айтысы жұртшылықты бір серпілтті. Әсіресе, алтын бесік Ақтоғайдан келген «Алтын домбыра» иегері қазақтың дүлдүл ақыны Мақсат Ахановтың шабысы, сөз саптауы, мақамы елден ерек болды.

Қорытындыда жарыстың бас жүлдесі 3 000 000 теңгеден Мақсат Аханов (Қазақстан) пен Амантай Кутманалиевқа (Қырғызстан) бұйырды. Бірінші орынның 1 500 000 теңгелік сыйақысын Нұрлан Есенқұлов (Қазақстан) пен Азамат Болганбаев (Қырғызстан) жеңіп алды. Екінші орынның 1 000 000 теңгелік жүлдесі Аспанбек Шұғатаев (Қазақстан) пен Нұрсұлтан Малдыбаевқа (Қырғызстан) табыс­талды. Үшінші орынның 750 000 теңгелік сертификатын Жансая Мусина (Қазақстан) мен Кубат Тукешов (Қырғызстан) иеленді.

Кеншілер өлкесінің мерейін тасытқан жерлесіміз, қазақтың белгілі айтыс ақыны Мақсат Ахановты осы жетістігімен құттықтап, толағай шығармашылық табыс тілейміз!

Өз тілшімізден.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button